Неке жүзігі

Қазақстанда ажырасқан жұлдыздар кімдер?

3881
(Жаңартылды 20:25 14.11.2018)
Қазақстан ажырасу бойынша әлемде 10-орында тұр. Ажырасу танымал жұлдыздар арасында да көп болып отыр

АСТАНА, 13 қараша — Sputnik. Халқымыз "Үйлену — оңай, үй болу — қиын" деп бекер айтпаса керек. Бұған Қазақстанда жыл сайын 700 ғашықтың шаңырақ көтеріп, кейін 200 отбасының аз уақыт ішінде ажырасуға өтініш білдіруі дәлел. Ал әлем бойынша ажырасу статистикасына сүйенсек, еліміз 10-орында тұр.

Мұнымен қатар, осы мәліметтерден танымал жұлдыздар арасында ажырасудың көп екенін байқауға болады.

Алмас Кішкенбаев

Бір жыл бұрын жақын ағасынан айырылған Алмас Кішкенбаев ішімдікке салынып, суицид жасамақ болған. Терезеден секіргелі тұрған әншіні қызы Зере тоқтатып қалыпты. Бүгінде ол маскүнемдіктен толықтай айықса да, жүрек жарасын жаза алмай жүргенін айтады. Себебі, сүйіп қосылып, бейнебаяндарына түсірген әйелімен заң жүзінде ажырасып кеткеніне бір жыл болған. Экс-ғашықтардың ортақ екі қызы бар. Әнші оларды кез келген уақытта еш кедергісіз көріп тұрады.

Меруерт Түсіпбева

Сүйіктісін бейнебаянына түсірген әншілер қатарында Меруерт Түсіпбаева да бар. Әншінің күйеуі — "Қимай сені барамын" атты бейнебаянға түскен азамат. Айтуынша, 8 жыл көңіл жарастырған күйеуі оны өнерден қызғанып, үйде отыруын талап еткен. Бүгінде олардың бір ұлдары бар.

Айқын  Төлепберген 

Екі баланың әкесі атанып, сүйіктісін бейнебаянға түсірген Айқын Төлепберген тоқал алды. Оның екінші әйелі — танымал әнші Жұлдыз Өмірғали. Бүгінде әншінің бәйбішесінен Аңсар есімді ұлы және Асылым есімді бір қызы бар. Сондай-ақ, жас әнші оған бір жыл бұрын Санжар атты ұл сыйлады. Айқын Төлепберген отандық бағдарламалардың бірінде екі әйелін де бірдей жақсы көретінін және басында болып жатқан жағдайға тек өзін кінәлауды сұрады. Ал екінші әйелі Жұлдыз Өмірғали бастапқыда Айқынның әйелі барын білмегенін айтып ақталды.

Сәбит Әбдіхалықов

Актер үшінші рет шаңырақ көтеріп отыр. Алғашында ол Айгүл Иманбаевамен көңіл жарастырып, кейін әнші Алтынай Жорабаеваға қосылды. Ұзақ уақыт отасқандарына қарамастан, актер екінші рет ажырасып отыр. Алғашқы некеден бір ұлы, кейінгісінен төрт қызы бар. 

Гүлмира Ақүрпекова

Әнші сүйіктісіне үйленбес бұрын екеуі 4 жыл қыз-жігіт болып жүреді. 1995 жылы шаңырақ көтеріп, кейін бір жарым жылға толмай жатып ажырасады. Айтуынша, бұған өнеріне қарсылық білдірген енесі себепші. Сондай-ақ, күйеуінің өзіне опасыздық жасағанын да айтады. Ол бұл нәрсеге көзін жұмып, тіпті, оған көңілдесін екінші әйел етіп алуға рұқсат берген. Бірақ күйеуі оның бұл ұсынысымен келіспеген.

Дәурен Айдарқұлов

Танымал актердің шаңырағын қызметтік роман шайқалтты десек те болады. Себебі, одан "Ақымақтарға арналған гламур" фильміне бірге түскен актриса аяғы ауыр болып қалып, кейін екеуі үйленуге шешім қабылдайды. Көпшілік актердің екінші әйелі Ақбота Сейітмағамбетті отбасын бұздың деп айыптап, желідегі парақшасына түрлі жағымсыз пікір жазды. Сынды көтере алмаған әнші бірнеше рет ауруханаға түсіп, сәбиінен айырылып қала жаздады. Бүгінде екеуі бірге тұрып жатыр. Бір ұлдары бар.

Қыдырәлі Болманов

Продюсердің бірінші отбасы болғаны туралы шындықты өзі емес, некелескен әйелі Қарақат Әбілдина айтып берді. Қыдырәлі Болманов мұны оған шалалықпен болған жағдай деп түсіндірген. Бірінші әйелінің тұрмысқа шықпай тұрып аяғы ауыр болып қалса керек. Кейін дүниеге келген сәби қырқынан шықпай жатып шетінеп кетеді. Осыдан кейін продюсер онымен бірден ажырасуға шешім қабылдайды. Сондай-ақ, ол бірінші әйелінің орыс мінезділігін ұнатпаған.

Мәдина Сәдуақасова

Жұлдыз бірінші жолдасымен жараспай, екінші рет тұрмысқа шықты. Әншінің жүрегін режиссер Олжас Смағұлов жаулады. Олар 4 жыл кездесіп жүріп, 2014 жылы шаңырақ көтерді. Қазір Әнуар есімді бір ұлы бар.

Мөлдір Әуелбекова

Әнші де өзге әріптестері секілді отбасылық өмірге қадам басқанын жұртқа жария етіп, тіпті, күйеуін бейнебаянына түсірген еді. Алайда жұлдыз жуырда берген сұхбатында бір жыл бұрын ажырасып кеткенін, әкесінің баласын іздемейтінін айтып жылады. Десе де, не үшін ажырасқандарын айтпауды жөн көрді.

Ерке Есмахан

Танымал тележүргізуші Асхат Садырбай мен әнші Ерке Есмахан 2011 жылы некелерін заңдастырып, отбасын құрды. Олар Ерке Есмахан "Іңкәр" тобының құрамында ән салып жүргенде танысқан. Қыз-жігіт болып жүргендеріне бір ай толған уақытта Асхат Еркеге үйлену туралы ұсыныс жасайды. Әншінің айтуынша, күйеуі қол көтеретін болған. Алайда тележүргізуші мен оның ата-анасы мұны жоққа шығарып отыр. Бүгінде экс жұптың Мүслім есімді ұлдары бар.

Асхат Тарғын

Әнші 22 жасында отбасын құрып, он жылдан астам уақыт бұрын ажырасып кетті. Отбасылық өмірдің алғашқы жылы ойдағыдай болғанымен, жұлдыз қызғаныштың көп кедергі келтіргенін айтады. Экс ерлі-зайыптының ортақ бір қызы бар. Сондай-ақ әнші өткен жылы оқуды жаңа бітірген қызға үйленді.

Ділнәз Ахмадиева

Әнші бірнеше сұхбатында күйеуі Ахмадты қатты жақсы көретінін айтқан-ды. Алайда екі жыл бұрын отандық бағдарламалардың бірінде оның өзіне опасыздық жасағанын мойындады. Осы жағдай өзіне қатты әсер етіп, күйзеліске түскен екен. Сондай-ақ, ол ажырасқан соң отбасылы ер адаммен көңіл қосып жүргенін мойындады.

Айдар Тұрғанбек

"Жігіттер" тобының солисі ақтаулық Раушан Әріп есімді бойжеткенмен шаңырақ көтерген болатын. Алайда екі жастың отбасылық одағы ұзаққа созылмады. Экс жұбайлардың Нұржанат есімді қыздары бар. Екінші жары да әншіге жуырда қыз сыйлады.

Еркін Нұржан

Әншінің бірінші әйелінің есімі Аягөз, екеуінің неліктен ажырасқандары әлі күнге дейін айтылмады. Тек сұхбаттарының бірінде мұның өнеріне байланысты екенін меңзеген болатын. Бірнеше жыл бұрын Еркін Нұржанова өзінен 14 жас кіші 1998 жылғы Динара есімді қызға үйленді.

Нұрлан Әлімжан

Кейбір танымалдар небәрі бір айдан кейін отбасын құруға шешім қабылдаса, Нұрлан Әлімжан үш күн бұрын көрген Жансая есімді бойжеткенге ұсыныс жасаған. Өкінішке орай, бұл махаббаттың ғұмыры ұзаққа созылмады. Екеуі ресми түрде ажырасқанымен, бүгінде байланыстаратын бір ұл мен қызы бар. Сұхбаттарының бірінде "Адамгершілік, шыдам, ақыл болмаған жерде шаңырақ шайқалады" деген еді. Мұнымен қатар, ол арада болған келеңсіздіктерге экс сүйіктісін кінәлай алмайтынын жеткізген еді.

Баян Есентаева

2016 жылы 10 маусымда Баян Алагөзованы бірінші күйеуі соққыға жығып, көлікте үш жерінен пышақтады. Осы жағдайдан кейін продюсер шетелде ұзақ уақыт емделді. Тіпті, жуырда Корея елінде мұрнына пластикалық ота жасатты. Кейін эксклюзивті сұхбаттарының бірінде көптен бері күйеуінің ажырасуға келіспей келгенін және оның көзіне шөп салғанын мойындады. Өткен жылы ол бизнесмен Тұрсын Алагөзовке ресми үйленді.

Ерлан Орынбасаров

"Жалғыз аққу" әнімен танылған әнші бір кездері өзі де жалғызсырап жүрген-ді. Көпке дейін бұл тақырыпта журналистерге сұхбат беруден бас тартып, тек ажырасу процесі кезінде жүйкесінің сыр бергенін айтты. Кейін әнші өзі продюсері болып жүрген Баян Нұрмышеваға үйленді. Бүгінде олардың екі ұлы бар.

Сая Оразғалиева

Телехикаялар мен фильмдерде жиі бой көрсететін Сая Оразғалиева 19 жасында тұрмысқа шығып, күйеуіне шекесі торсықтай ұл сыйлады. Күйеуі "Сенің жоғары білімің жоқ, менімен тең дәрежеде сөйлесу үшін алдымен оқып ал" деп күн көрсетпеген. Сүйіктісінің тарапынан айтылған мұндай сынға шыдамаған актриса ақыры ажырасып тынады.

3881
Кілт сөздер:
неке, ажырасу, қызғаныш, ерлі-зайыптылар, Ерке Есмахан, Айқын Төлепберген, Алмас Кішкенбаев, Нұрлан Әлімжанов, Қыдырәлі Болманов
Тақырып бойынша
Алмас Кішкенбаев өзіне қол салмақ болғанын айтып көзіне жас алды
Оспанова: әйел бірінші орынға күйеуін, одан кейін ғана балаларын қоюы керек
Ажырасу алдында әйелін өлтірудің мән жайы белгілі болды
Шаңырақ шайқалмасын десеңіз: ғалымдар берік отбасының құпиясын ашты
Сауалнама. Қазақтар басқа ұлт өкілімен отбасын құруға қалай қарайды?
Психолог: қыздардың шетелдікке тұрмысқа шыққаны балаларына жақсы
Ерлі-зайыптылар бір-бірін неге қызғанады?
Загрузка...