Қалыңдық пен күйеу жігіт

"Тойға тегін де барамыз": Халықтың қалтасына қарайтын әншілер кімдер?

1273
(Жаңартылды 13:47 22.01.2019)
Қазақстандық жұлдыздар кейде тойға тегін баратын кездерінің болатынын айтады. Сондай-ақ, келісілген ақшаны бермей әуре-сарсаңға салатын той иелерінің болатынын жасырмады

АСТАНА, 21 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық әншілер қуанышына ортақтасу үшін кейде той иесі ұсынған ақшаға баратындарын айтады. Арасында әншілікті бақытқа балап, тегін ән салатындар да бар екен. 

Абай Бегей белгіленген гонорары бар екенін және оның қалтаны жұқартатындай аса қымбат емес екенін айтады. Егер "Абай Бегейсіз тойым өтпейді" деп өтініш білдірсеңіз, бар ақшаңызбен әншімен ымыраға келуіңіз мүмкін.

"Әрине, аламыз. Бірақ менің бағам шарықтап тұрған жоқ. Керек қылып шақырып жатса, әрине, келісім бойынша келемін", — дейді әнші Астана арнасының "Ел аузында" бағдарламасында.

Ал Роза Әлқожаның өнер мен өмірдегі бауыры қазақтың бірде-бір тойының өзінсіз өтпейтінін айтып мақтанды. Мұны орындап жүрген әндерінің ел арасында кеңінен танымал болуымен байланыстырды. Яғни бұл әндерді өзі барып орындамаса да, тойда бір рет қосылатыны сөзсіз дейді. Сондай-ақ, ол гонорарын айтудан бас тартты.

"Біреулерге менің гонорарым сөмкесінен алып, "Мә" деп бере салатындай ақша болып көрінуі мүмкін. Енді біреулер үшін бір жыл бойы жинап жүріп табатын сома. Сол себепті нақты айта алмаймын. Айтатын болсам, жағдайы жетпейтін кісілер "Мынауың сұмдық екен ғой" дейді. Ал керісінше қалтасы қалың азаматтар "Мынаның бағасы осы ғана ма" деп айтады", — дейді Әбдіжаппар Әлқожа.

Тағы оқыңыз:

Ақбота Керімбекова тойға күнде бармайтынын жасырмайды. Бірақ шақырған жерден қалмайды екен. Бір кездері той иесі оны ақшасын бермей әуре-сарсаңға салып еді. Басынан осындай жағдайдың өткеніне қарамастан, әнші мәселе ақшада еместігін алға тартты.

"Менде қатып қалған баға жоқ. Пәленше-түгенше деп айтпаймын. Көбіне жағдайға қарауға тырысамыз. Өйткені әрбір қазақ жақсылығы мен қуанышына өнер адамын шақырып, бөлісуге тырысады. Кейде келісіммен бағамызды түсіріп те жатамыз. Барлығы адамның ниеті мен пейіліне байланысты. Алланың берген несібесімен", — дейді Ақбота Керімбекова.

Ал "Жігіттер" тобының гонорарын қалтаңыз көтермесе, оларды төрт бөліп шақыруға болады. Топтың солисі Айдар Тұрғанбек кейде, тіпті, көңілге қарап тегін барып жататын кезінің болатынын айтады.

"Жағдайға қараймыз. Кейде жағдайы жоқ адамдарға кезігеміз. Енді бірде "Жігіттер" тобы болып емес, жалғыз барып қаламыз. "Бар ақшам осы" дегенге келісіп немесе тойға тегін барып та жатамыз. Мысалы, мен Алматы қаласында жүріп мұнша ақша аламын деп айтпай-ақ қояйын. "Не дейсіз өзіңіз?" деп сұрайды әдетте. Сол кезде қинағым келмейді. Қатты көтергім немесе тым түсіріп жібергім де келмейді", — дейді Айдар Тұрғанбек.

Ал Зарина Омарованың айтуынша, гонорары шақыртудың қай қаладан түсетініне байланысты. Сондай-ақ, ол белгілеген ақшасы көйлегі мен әшекейінің қымбат болатынымен байланысты екеніне тоқталды.

"Гонорарымның қанша екенін көмекшімнен біле аласыздар. Өзім айтпай-ақ қояйын. Бірақ тойларға жай әшейін де баратын кездерім болады. Анда-санда халық үшін ғана жұмыс істеу керек. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, анда-санда бұлай бола бермейді. Ақшаға да шығу керек деген сияқты. Өйткені біздің әр көйлегіміз бен әшекейіміз арзан емес", — дейді Зарина Омарова.

Әнді айттырып, биді салдырып алған соң ақшаны бермей әншілерді әуреге салатын той иелері де болады. Сондай-ақ, көптеген әнші гонорар мәселесін тек продюсері шешетінін айтады.

1273
Кілт сөздер:
жұлдыз, той, гонорар, ақша, әнші, Ақбота Керімбекова, Әбдіжаппар Әлқожа
Тақырып бойынша
Артық салмақтан арылған қазақстандық жұлдыздар кімдер?
2018 жылы ерекше образымен жұртты шулатқан қазақстандық жұлдыздар — фото
Қазақстанда ажырасқан жұлдыздар кімдер?
Димаш Forbes-тың табысты жұлдыздар тізіміне енді
Бекболат Тілеухан: қазақстандық жұлдыздар көкпар тартады
"Аузымыз аңқиып күтетінбіз" Әншілер бала кезде Аяз атадан қандай сыйлық сұрағанын айтты
"Сантехник болып, трактор айдадым". Әншілер өнерге келмес бұрын не істегенін айтты
Загрузка...