Мұрат Ахманов

"Түрімді ұмытып қалды" Назарбаевтың рөлін сомдаған актер көрген қиындықтары туралы айтты

4912
(Жаңартылды 17:22 10.02.2019)
Мұрат Ахмановтың бес қойылымы республикалық фестивальдарда бас жүлде алған. Олар: "Желтоқсан желі", "Көтерілген күмбез", "Ана аманаты", "Алтын адам", "Райымбек, Райымбек!"

АЛМАТЫ, 7 ақпан – Sputnik, Айгерім Таубай. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 20 жылдай режиссер қызметін атқарып жүрген актер, театр режиссері, отандық "Елбасы жолы. Астана" фильмінде президенттің рөлін сомдаған Мұрат Ахманов Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді.

Әңгімемізді театрдағы ауыс-түйістен бастасақ. Театрға жаңа басшы келіп жатыр. Не күтесіз?

Театр басшылығына Азамат Сатыбалды бауырымыз келді. Азамат – өнерде, кинода, театрда өзін көрсеткен жігіт. Көпшілік кинодағы рөлдері арқылы тануы мүмкін. Азамат Сатыбалды театрға жаңашылдық алып келемін деген жанашырлықтан қызметке келіп отыр деп ойлаймын. Қазір де әңгіме барысында Астанадағы "Жастар театры" секілді жаңа серпіліс алып келсем деп айтып қалады. Істі алып кетеді деп ойлаймын. Сеніміміз зор. Ол жағынан біз де көмек беруге әрдайым дайынбыз. Басшымызға ақ жол тілеп, театрымызды биіктерден көрсете берейік деймін.

Аяғыңызды жарақаттап алғаныңызға қарамай дайындыққа келіп отырсыз.  Осы айда жаңа қойылымның сахналатыны жайында естідім. "Ғабит" қойылымы жайында толығырақ айтып берсеңіз.

"Ғабит" қойылымы – Ғабеңнің (Ғабит Мүсіреповтің – Sputnik) 115 жылдығына арнап қойылады. Пьесаның авторы – Рақымжан Отарбаев ағамыз. Ғабеңнің өзінің драматургиясы бар, бірақ өзі туралы пьеса жоқ. Біздің театр сол кісінің есімімен аталады. Пьеса сол кісінің 115 жылдығына арнап жазылған. Осы қойылымды қоюға дайындалып жатырмыз. Ғабит Мүсіреповтің жасаған ерліктері жетерлік. Кезінде ашаршылықты тоқтату керек деп Сталинге "Бесеудің хатын"  жазды. Одан кейін репрессия кезінде "Бейімбет жау болса, мен де жаумын" деп ашығын айтқан адам. Ғабеңнің одан бөлек жасаған ерлігі ауыз толтырып айтарлықтай. Мұраларының өзі бір төбе. Барлығын жинап, ерлігін, қоғам қайраткері ретінде, драматург ретінде көрсетіп, бір дүние шығарсақ деген ойдан туды. Өкінішке қарай, Рақымжан ағамыз өткен жылы дүниеден озды. Ағамыздың аманаты ретінде қабылдап, жоғары деңгейде шығаруды мақсат еттік. Бұйырса, айдың аяғына дейін шығарсақ дейміз. Қойылымда қазақ зиялыларының қилы тағдыры мен 1937 жылдар суреттеледі.

Тәуелсіздік күні қарсаңында шыққан "Елбасы жолы. Астана" фильмінде президенттің рөлін сомдадыңыз. Бұл рөлге қалай таңдалдыңыз? Кастинг қалай өтті?

Кастингке біраз адам қатысты. Мен 2016 жылы тұсауы кесілген Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" фильмінде эпизодтық рөл сомдаған едім. Сол жерде менің жүріс-тұрысымды, сырт келбетімді Нұрсұлтан Әбішұлына ұқсатқан болатын. Кастингке шақыртумен бардым. Алдын ала шақырылатынымды естіп, аздап дайындық та жасадым. Сырт келбетімді голливудтық гример Марк Кульер жасады. Бірнеше кезеңнен өтіп, осы рөлге бекітілдім.

Бұл рөлге таңдалған соң, дайындығым да күшейді. Елбасы жазған кітаптардың барлығымен таныстым. Саяси оқиғаларды оқыдым. Елбасының жүрген жүрісі, тұрысы, бұрылғанына дейін зерттедім. Осының алдында түсірілген бес бөлімде ойнаған әртістерде еркіндік болды. Олар өз сырт келбетімен ойнады. Студенттік шақты, жас кезін суреттеді. Ал "Астана" бөлімінде тарихи деректерге сүйене отырып жұмыс істедік. Соңында тарихи деректі фильм болып шықты.

Түсірілім қанша уақытқа созылды? Қандай қызықтар мен қиындықтар болды?

Түсірілім толықтай бір жылға созылды. Ал оның ішінде нақты төрт ай түсірілім болды. Бір жыл ішінде төрт мезгілді де қамтып, сол кездегі оқиғаларды көрсету керек болды.

Түсірілім барысында барлығынан ерте тұратын мен болдым. Сағат таңғы 3.30-4.00-те оянамын. Маған үш жарым сағат грим жасайды. Түсірілім алаңына гриммен барамын. Барлығы менің түрімді ұмытып қалды. Ақан Сатаевтың өзі орнынан атып тұрып сәлем беретін. Арасында сізді Елбасы екен деп қабылдап, үйренісе алмай жүрмін деп айтатын.

Тағы оқыңыз: Самал Еслямова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды

Түсірілім бір кейіпкердің айналасында жүріп отырады. Кім қандай рөлді сомдаса да, барлық салмақ Елбасының рөліне түсті. Айтар сөз, бағыт-бағдар, идея – барлығы сол кісіге байланысты болды. Кейде таңғы төрт-бесте шығып, түнгі он екіде үйге келемін. Түнде келіп, ертеңгі түсірілімнің мәтінін оқып ұйықтап қалатынмын. Алайда өзіме жүктелген жауапкершілікті сезініп, босаңсыған жоқпын.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Madina Akylbekova (@madina_akylbekova)

Айнаның алдында отырып та дайындалдым. Менің күлгенім де, ашуланғаным да жасалған гримге сәйкес келуі керек болатын.

Гонорарыңыз қандай болды?

Гонорар "Қазақфильмнің" қойған бұрынғы бағасындай болды. Көрермен үлкен тұлғаның рөлін сомдап жатқандықтан, қомақты ақша алды деп ойлауы мүмкін. Алайда "Қазақфильм" бекіткен бағамен жұмыс істедім.

Ішкі жан-дүниесін ашуға көп көңіл бөлдім деп қалдыңыз. Біздің Елбасы қандай екен?

Маған өте қарапайым болып көрінді. Өмірде де бір-бірімізді көргенде, сұхбаттасып, қолымызды алғанда да аурасы жеңіл болды. Елбасының алдында қол-аяғымыз дірілдеп, қобалжу деген болған жоқ.

Кездесу кезінде мен "Нұр аға, ерен еңбегіңіздің бір бөлшегін көрсете алсақ, мақсатқа жеткеніміз" дегенімде "көрсеттіңіздер" деп жауап берді.

Елбасымен ұқсастығыңыз бар ма екен? Өзіңізді ойнаған сәттеріңіз болды ма?

Жүріс-тұрыс, қозғалыс жағынан ұқсастық болды. Одан бөлек мінезіміз де аздап ұқсайды екен. Өмірге оптимизм басымырақ сияқты көрінеді.

Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

4912
Кілт сөздер:
гонорар, кино, актер, фильм, "Елбасы жолы. Астана", Назарбаев
Тақырып бойынша
Танымал әнші ұшақ жолаушысының өмірін құтқарып қалды
"Жексұрын болдым": Танымал әнші құмар ойынға салынып, 200 000$-дан айырылғанын мойындады
Астанаға келген танымал корейлік актер қыздарды жылатты
Танымал әнші журналистикаға бет бұрды
Танымал отандық актер түрік фильміне түседі
Алматыда елімізге танымал әнші 6 жылға сотталды
Назарбаев "Елбасы жолы. Астана" көркем фильмінің премьерасына барды
"Неге бермеске?" Танымал қазақстандық жас әнші атақтан дәмелі екенін жасырмады
Загрузка...