Димаш Құдайберген

"Өзіме тән талғамым бар" Димаш қандай қыздар ұнайтынын ашық айтты

3200
(Жаңартылды 20:14 11.05.2019)
Димаш Қытайға сапары кезінде The Amazing Idol бағдарламасына қатысып, өзі туралы сұрақтарға жауап берді

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр — Sputnik. Таңғажайып дауысымен әлемді мойындатқан қазақ әншісі Димаш Құдайберген The Amazing Idol қытай шоуында сұқбат берді. Әртіс қандай қыздар ұнайтынын айтып, күзетшілерінен кешірім сұрады.

Димаш Құдайбергенге қандай қыздар ұнайды

"Қандай қызды ұнатам? Осы сұрақ бәріне қызық-ау деймін. "Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне" дейді. Сол себепті өзімнің жеке басыма тән талғамым бар. Мысалы, мен үшін ең бастысы – тәрбиелі болғандығы. Көрегенді, биязы мінезімен, нәзіктігімен көзге түсетін болса...", - дейді Димаш сұқбатында.

Тағы оқыңыз: Димаш нөсер жауынның астында концерт берді - видео

Әншінің айтуынша, болашақтағы жары ата-анасының көңілінен шығуы керек. Ата-анамды менен гөрі көбірек жақсы көрсе, нұр үстіне нұр, дейді әртіс.

"Ал сырт келбеті жағынан, ол да өте маңызды нәрсе. "Ол маңызды емес, жақсы адам болса болды" десем, өтірік болады", - деп Димаш жеке ойымен бөлісті. 

Ал Қытайда қыздар ұнай ма деген сұраққа әнші "жер-көкте әдемі-әдемі, сұлу қыздарды көрдік, қаншама әдемі қыздар толып жүр" деп жауап берді.

Димаш не үшін күзетшілерден кешірім сұрады 

Димаш концерт кезінде неге кейде сахнадан секіретінін түсіндірді. Ол тыңдармандарымен тығыз қарым-қатынаста болғысы келетінін айтты.

Тағы оқыңыз: Димаш бала күнгі суреттерін жариялады - фото

"Менің қасымдағы күзетшілерге бір ауыз кешірім сұрап қойғым келеді. Бірақ ол менің жанымның қалауы, сол кездегі эмоциям солай болған шығар, бәлкім. Көрермендерге жақсы болсын, маған жақсы болсын деп арасында түсіп, қол алысып дегендей, құшақтасып дегендей, тығыз қарым-қатынаста болып қайтамын", - дейді әнші.

Димаш неден шабыт алады

Сонымен бірге, Димаш War and peace туындысын шығаруға не шабыт бергенін атап өтті.

"Адам бір-бірін ешқашанда қанамауы керек. Мысалы, әлемде бейбітшілік болса, әлемде адамдар бір-біріне деген мейіріммен қараса, ешқашанда соғыс болмаса, әлімжеттік жасамаса, ол керемет емес пе", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Нұрлан Өнербаев Димаш туралы ойын ашық айтты

Ерекше дауыс иесінің айтуынша, қоғамнан сәл алыстап, өзімен-өзі қалған кезде, тың дүниелер өмірге келеді.

"Сахнада тұрған кезде ешнәрсе ойламаймын. Түрім қалай боп тұр, киімім дұрыс боп тұр ма, шашым дұрыс боп тұр ма – онда нәрселерді ойламаймын", - дейді Димаш.

3200
Кілт сөздер:
видео, сұхбат, Димаш Құдайберген
Загрузка...