Тұсау кесу, архивтегі фото

Қыз баланың тұсауы кесілмейді деген рас па этнографтың жауабы

4553
(Жаңартылды 14:55 25.10.2019)
Ғалым Меруерт Егізбаева тұсау кесу дәстүрінің аймақтық ерекшелігіне тоқталып, ел арасында кездесетін тыйымдардың қайдан шыққанын түсіндірді

НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Этнограф, ғалым Меруерт Егізбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында тұсау кесу дәстүрінің қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

Мерует Егізбаева тұсаукесер сәби тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ырым екенін атап өтті. Оның айтуынша, баланың тұсауын кесу дәстүрі қырғыз халқында да бар.  

"Тұсау кесудің бала өмірінде маңызы зор. Бұл баланың алғашқы қадамы болғандықтан қазақ халқы бұл рәсімге өте ерекше мән берген. Тұсауы кесілмей қалған жағдайда бала сүріншек болады, өмірде жолы болмай қалуы мүмкін деп сенген", - дейді ғалым.

Тұсау кесудің аймақтық ерекшеліктері бар

Этнографтың айтуынша, баланың өмір жолы адал, таза болсын деген ниетпен оның тұсауы ала жіппен кесілген. Осы орайда ол бұл дәстүрдің аймақтық ерекшелігіне тоқталды.

Тағы оқыңыз: Сәлем салу ескіліктің сарқыншағы ма, әлде әдептілік белгісі ме?

"Қазақстанның кейбір өңірлерінде баланың тұсауын малдың ішегімен кесіп жатады. Майлы ішек – тоқшылық пен молшылықтың белгісі. Баланың жолы ашық, өмірі молшылықта. берекеде болсын деген оймен майлы ішекпен кескен. Ал Шығыс Қазақстан облысында баланың тұсауын кескен кезде екі аяғының тұсына тамақ салынған ыдыс қойған", - дейді Мерует Егізбаева.

Оның айтуынша, тамақ – жақсылықтың, ырыс пен берекенің белгісі. Баланың ең алғашқы қадамы оңынан, болашақ өмірі мәнді де татымды болсын деген ниетпен осылай жасаған.

Қыз баланың да тұсауы кесіледі

Ғалым тұсау кесу тыйымдарына қатысты сұрақтарға да жауап берді. Соның бірі ел арасында айтылып жүрген – "Қыз баланың тұсауы кесілмейді, жүріс алып кетеді" деген түсінік. Этнограф мұның шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

"Бұл мәселеге қатысты жеке көзқарасымды білдіре кетейін. Халық арасынан мәлімет, дерек жинаған кезде көпті көрген әжелермен, кейуаналармен сөйлестім. Бірақ олардан "қыз баланың тұсауы кесілмейді, жүріс алып кетеді" дегенді естімеппін. Менің ойымша, бұл жаңсақ пікір. Оны кімнің шығарып жүргенін білмеймін", - деді ол.

Мерует Егізбаева "әйел адам баланың тұсауын кеспейді" деген сөзге де пікір білдірді.

"Мен ауылда туып, бойжеттім. Оған қоса, салт-дәстүрге қатысты диссертация жазып, ел арасынан ақпарат жинадым. Алайда "әйел адам баланың тұсауын кеспейді" дегенді естімеппін. Керісінше, қыз баланың тұсауын жүрісі жылдам, пысық әйелдер кесіп жатады ғой", - дейді этнограф.

Тұсауды кімге кестірген дұрыс?

Ғалымның байқауынша, адамдар балаларының тұсауын пысық, қоғамда беделі бар, сыйлы азаматтарға кестіреді.

"Мысалы, қыз баланың тұсауын адамгершілігі мол, пысық, ақниетті, жүрісі жылдам келіншектерге, көпбалалы аналарға кестіріп жатады. Өз басым оны дұрыс деп ойлаймын. Ал енді ұлдардікін қоғамда беделі бар, сөзі салмақты ер азаматтарға кестірген дұрыс деп ойлаймын", - деп түйіндеді сөзін Мерует Егізбаева.

4553
Тақырып бойынша
Баланы қырқынан шығару дәстүрі туралы не білеміз?
XXI ғасырдың қазағына оғаш көрінетін салт-дәстүрлер
Тұсаукесер: қазақ нені дұрыс жасамай жүр?
Сырға салу туралы не білеміз?
Загрузка...