ақша

Министр бала күтіміне төленетін жәрдемақыға бөлінген қаржы неге азайғанын айтты

1834
(Жаңартылды 17:21 02.05.2018)
2018-2020 жылдардың бюджетінде бала туғанда берілетін бір жолғы төлемақы мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін ай сайынғы жәрдемақыға бөлінетін қаражат 2,7 млрд теңгеге қысқартылған

АСТАНА, 26 сәуір — Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова бала туғанда және бір жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақыға республикалық бюджеттен қарастырылған қаражаттың неге азайғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сенатта үш жылдық республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Динар Нөкетаева министрден әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының неге 5 млрд 720 млн теңге қысқартылып отырғанын сұрады. Оның ішінде бала туғанда төленетін бір реттік төлемақы мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақыға қарастырылған қаржы көлемі азайған.

"Мұны қалай түсінуге болады? Көрші мемлекеттерде бала туғанда көрсетілетін қолдау жылдан-жылға жақсарып отыр. Сәби дүниеге келгенде, оның күтіміне бөлінетін қаражатты жылдан-жылға көбейту арқылы балалы болуды үлкен мәртебеге айналдыруда. Ал біз неге оны керісінше қысқартуымыз қажет? Айталық, Ресейде ана капиталы деген бар емес пе? Балаға, анаға берілетін қаражатты қысқарту арқылы бала санын қалай көбейтеміз және демографияны қалай көтереміз?" — деді сенатор.

Мадина Әбілқасымова әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаражатының неге азайтылып отырғанын түсіндірді. 

"Біріншіден, бала туғанда берілетін бір жолғы төлемақы мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайынғы жәрдемақы алушылардың болжамды санының азаюына байланысты шығыстар 2,7 млрд теңгеге қысқартылды. Бюджетті жоспарлаған кезде 5 жыл бойы бала туу динамикасының өскенін есепке алған едік. Бірақ 2017 жылды алып қарасақ, бала туу 19 мыңға азайды. Биыл осы жәрдемақыны алатын адамдардың саны тағы да азаяды деп күтіп отырмыз. Шығыстарды қарастырғанда 5 жылдың динамикасын алғанбыз, бірақ 2017 жылдың қорытындысы бойынша біздің болжамымыз өзгерді", — деді ол. 

Министрдің айтуынша, бұл мақсатқа бөлінетін қаржы қысқарғанымен, жәрдемақы саны мен оның мөлшері өзгермейді. Ол қазір көп әйелдің жұмысқа орналасып, бала күтіміне байланысты төлемдерді әлеуметтік сақтандыру қорынан алып жатқанын атап өтті. Ал қордан алса, төлемақы мөлшері үлкен болады.

"Екіншіден, төрт балалы отбасыларда 1-ші және 2-ші балаға алған төлемдердің мөлшері аздау болады, ал 3-ші мен 4-ші балаға үлкен болады. Қазіргі біздің болжамымыз бойынша, 3 және 4-ші бала туғанда берілетін төлемдер кішкене азайды. Себебі 1-2 балалы отбасылар саны көбейді. Сондықтан шығыстарды кішкене қысқарттық. Бірақ мөлшері бірқалыпта қалып, өсіп жатыр", — деді Әбілқасымова. 


1834
Кілт сөздер:
бюджет, қаражат, бала туу, бала күтімі, әлеуметтік сала, жәрдемақы, төлемақы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мадина Әбілқасымова
Тақырып:
Жәрдемақы қалай төленеді (59)
Ер адам, архивтегі фото

Күзде теңге тағы құнсыздана ма сарапшылар пікір білдірді  

1642
(Жаңартылды 17:07 14.08.2020)
Brent мұнайының қазіргі бағасы теңгенің қатты құнсызданбауына негіз болып отыр. Дегенмен бәрібір ұзақ мерзімде ұлттық валютаға қысым түседі

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Алдағы күз айларында коронавирустың екінші толқыны басталады деп болжанып отыр. Өйткені жыл сайын сол уақытта инфекциялық аурулар өршіп кетеді. Үкімет дайындық шараларына кірісіп кетті. Ал халық арасында күзде теңге тағы құнсыздануы мүмкін деген әңгімелер де тарап жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар ұлттық валюта бағамына қатысты пікір білдірді.

Еңбек өнімділігін арттыру керек

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтың пікірінше, Қазақстан коронавирустың екінші толқынын жеңіл еңсереді. Себебі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдар да, жеке құрылымдар да біраз тәжірибе жинады. Банктер мен компаниялар қашықтан жұмыс істеуге үйренді. 

"Иә, жыл сайын күзде инфекциялық аурулар өршіп кетеді. Сондықтан тағы шектеу шаралары енгізіледі деп ойлаймын. Бірақ коронавирустың екінші толқыны біріншісіне қарағанда жеңілдеу өтеді. Сол кезде цифрлық экономиканы дамытуға жақсы мүмкіндік болады", - дейді Рысмамбетов.

Сарапшының айтуынша, теңге бағамына пандемия да, карантин де қатты әсер етпейді. Негізгі фактор – мұнай бағасы және осы шикізатқа тәуелді отандық экономика.

"Теңге бағамына карантин немесе пандемия емес, мұнайға тәуелді экономикамен өткізген бейқам жылдар әсер етіп отыр. Теңге карантинге қарамастан, әлсірей береді. Шикізаттық мемлекеттің тағдыры сол, ылғи девальвацияға ұшырап отырады. Бүгінде осы проблеманы валюталық одақтар арқылы шешуге болады деген ұсыныстар бар. Алайда олай ғана емес, экономиканың сапасын және еңбек өнімділігін көтеріп те шешуге болады", - деп атап өтті Рысмамбетов.

Теңге қатты құнсыздана ма?

Экономист Бауыржан Ысқақов та теңгенің бағамы көбінесе мұнайға байланысты екенін айтып отыр. Сондықтан осы шикізаттың қазіргі бағасы күзде түспесе, теңге бағамы анау айтқандай өзгермейді деп санайды.   

"Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 44-45 доллардың шамасында тұр ғой. Бұл теңгенің қазіргі бағамын ұстап тұруға жеткілікті. Меніңше, күзде ұлттық валютамыздың бағамы әрі кетсе, 440 теңгеге барады. Бірақ бір кездері "500-ге дейін жетуі мүмкін" деп айтылды ғой. Оған себептер де болған. Бірақ қазір жағдай өзгерді", - дейді Ысқақов.

Сарапшының айтуынша, коронавирусқа қарсы шаралар, вакцинаның шығуы, карантинді жеңілдету және тағы басқа жағымды өзгерістер оң әсерін беріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Досаев теңгенің не себепті әлсірегенін түсіндірді

"Сондықтан күзде теңге қатты құлдырап кетеді, девальвация болады деп айта алмаймын. Оған қоса үкімет дағдарысқа қарсы шараларды қолға алды. Ұлттық қордан біраз ақша бөлінді. Жалпы, осы саладағы шаралардың нәтижесі көріне бастайды. Бірақ коронавирустың екінші толқыны болса, қосымша қолдау шараларын қолға алу қажет. Экономиканы дамытпасақ та, осы қарқында ұстап қалу үшін тағы ақша құю керек болады", - деді Ысқақов.

Санкция теңгеге кері әсер етуі мүмкін

Ал GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық ұлттық валютамызға оң әсер етіп жатқан қазіргі сыртқы факторды атады. Ол – доллардың құнсыздануы.

"Негізі қазірдің өзінде теңгеміз біраз құнсызданып кететін еді. Бүгінде АҚШ-тың федералды резерв жүйесі долларды көптеп басып, экономикасына салып жатыр. Ал ақша массасының өсуі доллардың әлсіреуіне себеп болды. Қазір доллар еуроға қарағанда, Швейцарияның франкіне қарағанда біраз құнсызданды. Демек, әлемдік валюталарға шаққанда доллардың өзі әлсіреп, теңгеміздің қатты құнсызданбауына септігін тигізіп тұр", - деп түсіндірді Халық. 

Экономистің айтуынша, санкциялық соғыстар теңгеге кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, АҚШ-тың Ресейге қатысты санкциялары күшейтілетін болса, рубль біраз құнсызданады. Ұлттық валютамыз да әлсірейді. Ал мұнайдың қазіргі бағасы теңге бағамын ұстап тұр. Алайда уақыт өте келе, ұлттық валютамызға қысым түседі. 

"Brent маркалы мұнай бағасының 40 доллардан жоғары тұрғаны теңгеміздің қатты құнсызданбауына негіз болып отыр. Бірақ бәрібір ұзақ мерзімде ұлттық валютамызға қысым түседі. Өйткені экспортымыздың көп бөлігі осы шикізаттан тұрады. Ал экспорттан түсетін ақша азайса, теңгенің жағдайы қиындайды. Сондықтан ұзақ мерзімде ұлттық валютамыз қатты құнсызданбаса да, ақырын-ақырын құнын жоғалтуы мүмкін", - дейді Халық.

1642
Кілт сөздер:
доллар бағамы, теңге бағамы
Тақырып бойынша
"Экономикалық ахуал күрделі": қаржы министрі алдағы жоспар туралы айтты
Brent мұнайының қымбаттауы теңгеге қалай әсер етті
Ұлттық экономика министрі келешегі бар салаларды атады
Тоқаев теңге бағамына қатысты бірқатар тапсырма берді
Банк карталары

Маман банк картасымен қай жерде төлем жасау қауіпті екенін айтты

8162
(Жаңартылды 18:19 13.08.2020)
Маман алаяқтарға алданып қалмау үшін бірқатар ережені сақтау керек екенін айтып отыр. Сол кезде карта арқылы төлем жасауға болады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. Қазіргі уақытта банк картасымен төлем жасау үйреншікті жағдайға айналды. Алайда интернет арқылы сатып алынатын заттардың ақшасын картамен төлеу әлі де қауіпті. Өйткені интернет алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданады, деп хабарлады РИА Новости қауіпсіздік жүйелері орталығының бөлім басшысы Алексей Сизовқа сілтеме жасап.  

"Қазіргі уақытта жалған сайттар көп. Тауарға төлем жасап, алаяқтардың торына түсіп қалу қаупі бар. Мұндай сайттардың көбінесе шынайы сайттардан еш ерекшелігі болмайды", - деді ресейлік маман.

Алаяқтарға алданып қалмау үшін бірқатар ережені сақтау керек. Біріншіден, тек онлайн сатып алуға арналған жеке есепшоты бар арнайы карта керек. Оның ішіне сатып алынатын тауар құнынан артық ақша салмаған жөн.

"Екіншіден, тексерілмеген сайттардан қомақты сомаға тауар сатып алмау керек. Үшіншіден, өзіңіздің жеке ақпаратыңызды ешкімге айтпаңыз. Банк немесе дүкен қызметкері хабарласса да, жеке ақпаратты бөлісуге болмайды", - деді Сизов.

Тағы оқыңыз: Kaspi.kz арқылы ақша аударуға тыйым салына ма – министрлік жауабы

8162
Кілт сөздер:
төлем, банк
Тақырып бойынша
Елордалық депутат Kaspi Gold иелерін 3% салық төлеуге міндеттеуді ұсынды
Қазақстанда интернет арқылы қанша ақша табуға болады
Облыс әкімінің орынбасары Kaspi Gold-қа ақша аударуға қатысты мәлімдеме жасады
Мәжіліс депутаттары банк картасы бойынша комиссияны азайтуды сұрады
Байланыс операторлары интернет неге баяу істеп тұрғанын түсіндірді
Нұр-Сұлтан, қала келбеті

Қазақстанда 16 тамызда қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 16-20 тамыз аралығында болатын негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. Мемлекеттік органдардың мәжілістері мен баспасөз конференциялары онлайн режимде ұйымдастырылады. Десе де, біз алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беруді жалғастырамыз.

16 ТАМЫЗҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

12.00 – "Классика детям" - "Музыка рисует и показывает" концерті, "Астана Опера" театры (Трансляция tengri.tv-да).

19.00 – "Салтанат" мемлекеттік би ансамблі ұжымының жазып алынған қойылымдары көрсетіледі (Мәдениет және спорт министрлігінің Youtube каналында трансляцияланады).

17 ТАМЫЗҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

15.00 - экологиялық білім беру тақырыбында тікелей эфирде пікірталас өтеді. Іс-шараға Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев; ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева; білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ білім беру және экология саласындағы сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.  

20 ТАМЫЗҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР
19.00 - "Тоска" операсы, "Астана Опера" театры (трансляция tengri.tv-да)

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0