Теңге

Жыл басынан бері қазақстандықтардың жалақысы 1,2%-ға өсті министр

79
(Жаңартылды 18:36 15.05.2018)
Қаңтар-сәуірде орташа айлық жалақы 152,3 мың теңгені құрады

АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik.  ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкімет отырысында 2018 жылдың алғашқы төрт айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сүлейменов Қазақстанда экономикалық белсенділік оң қарқынға ие екенін атап өтті. Десек те, өткен аймен салыстырғанда бірқатар көрсеткіш бойынша бәсеңдеу бар.

"Жалпы ішкі өнім 3,8% өсті. Бәсеңдеу, ең алдымен, құрылыстағы және металлургиядағы жұмыстың баяулауымен байланысты. Жалпы алғанда, экономикадағы өсім инфляциялық қысымның төмендеуімен және жоғары инвестициялық белсенділікпен сүйемелденіп отыр. Инфляция жыл басынан бері 2,2% құрады. 2018 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 0,5 проценттік тармаққа төмен. Жылдық инфляция 6,5% деңгейінде тіркелді. Инфляцияны жаңа дәлізде ұстап тұруға күш салынып жатыр", — деді ұлттық экономика министрі үкімет отырысында.

Оның мәліметінше, биыл 1 мамырдағы дерекке сәйкес, елдің халықаралық резервтері 1,8%-ға, 90,7 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайған. Алтын валюта резервтері 3,4% өсті. Ұлттық қордың активтері 0,9% артты.

"Еңбек нарығында тұрақтылық сақталуда. Жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Сәуірде жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып отыр – 4,9%", — деген ведомство басшысы жыл басынан бері нақты еңбекақы өскенін атап өтті.

"Нақты еңбекақының өсімі 1,2 процент болып отыр. Қаңтар-сәуірде қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 152,3 мың теңгені құрады", — деді Сүлейменов.


79