пайыз белгісі

"7-20-25": Астана тұрғыны пәтер алуға қанша ақша мен уақыт жұмсағанын айтып берді

2143
(Жаңартылды 19:58 18.02.2019)
Астана қаласының тұрғыны мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотеканы қалай  рәсімдегені жайлы айтып берді.

АСТАНА, 18 ақпан — Sputnik. "7-20-25" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанына әлі 1 жыл да болған жоқ. Алайда ол жайлы сан түрлі пікір қалыптасып үлгерді. Біреулер баспана алуға үмітті азаматтарға қойылатын талап қатал десе, енді бірі бағдарлама бойынша алуға болатын пәтерлер саны жеткіліксіз деп отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі осы бағдарлама бойынша баспаналы болған Астана тұрғынымен әңгімелесіп, ипотекаға үй алудың машақатын сұрап білді.

26 жастағы астаналық Әбу-Әли Әлібек осыдан бірнеше ай бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алды. Оның айтуынша, отбасын құрмас бұрын ипотека түгілі қаражат жинау жайлы ойланбапты. Алайда үйленген соң баспана мәселесін шешу керектігін түсінген. Бірнеше айдан кейін ол өміріндегі алғашқы кредитін алу туралы шешім қабылдайды.

Әбу-Әли алдымен тұрғын үй нарығын бүге-шүгесіне дейін зерттеген. Оның айтуынша, Астанада сұраныс ұсыныстан асып түседі. Бұл тұста маркетингтің рөлі де зор. Мәселен, елордалық танымал құрылыс компанияларының үйлері іргетасы қалана салысымен сатылып кетеді. Алайда іздеген табады емес пе?

"Бағдарламаның басты бір қиыншылығы бар. Оның талабы бойныша салынып болған пәтерді табу керек. Бірақ оның құжаттары әлі ресімделмеген болуы тиіс", - дейді Әлібек.  
Ол мұндай пәтерді табу үшін құрылыс компанияларына хабарласып қана қоймай, ерінбей сату кеңселеріне де барыпты.

"Кейде адамдар пәтерге телефон арқылы немесе сайтта бронь жасайды. Бірақ белгілі бір себептермен оны сатып алмайды. Сондықтан үйде отырып сайттарды қайта-қайта тексергеннен пайда жоқ. Компанияның кеңсесіне барып, өзіңіз үшін тиімді ұсынысты таңдау қажет",- дейді Әлібек.

Тағы бір есте сақтайтын жайт – пәтер жайғасқан ауданға мән берудің қажеті жоқ. Өйткені Астанада құрылыс қарқынды. Сондықтан кеше ғана қаланың сыртында болған баспана маңында небары  жарты жылдан соң қажетті инфрақұрылымның бәрі  жасалады.

"Қажетті пәтерді тапқан соң, құрылыс компаниясынан оның мекен-жайы жазылған  хабарландыру қағазын алып, банкке барасыз. Кейін құжат жинау кезеңі басталады. Кейбір банктер өтінішті бірнеше күн, кейбірі бір ай қарастыруы мүмкін. Өтінішті мақұлдаған соң банк қаражатты құрылыс компаниясының есепшотына аударады", - деді астаналық тұрғын.  

Әлібек пәтерді іздеп тауып, ипотеканы ресімдеу үшін 2 ай жүрген. Оның айтуынша, банк еш кедергісіз ипотеканы мақұлдауы үшін ай сайынғы табыс 200 мың теңгеден кем болмауы тиіс.

"Мен екі бөлмелі пәтер үшін ай сайын 80 мың теңге төлеймін. Бұл дәл осындай баспананы жалға алғандағы сомадан 40 мыңға арзан. Көптеген  адам бірнеше жыл бойы несие төлегісі келмейтіндігін айтады. Бірақ пәтерді жалға алғандағы шығындар дәл осындай ғой. Оның үстіне  өзіңнің емес, біреудің пәтері үшін төлеуге тура келеді", - дейді Астана қаласының тұрғыны.

Мемлекетік бағдарлама бойынша пәтер алғысы келетін тұрғынның баспана құнының 20 пайызы болуы тиіс. Бұдан бөлек, басқарушы компаниямен келісімшарт жасасу кезінде болатын қосымша шығындарға дайын болу керек. Әділет департаментінде пәтерді тіркеу кезінде де қаржы керек болады.

Әбу-Әли Әлібек бірден бірнеше банкке өтініш береді де, бірінші мақұлдаған банкте несие ресімдеген.

Бұдан бөлек Әлібектің тағы бір кеңесі - ипотекаға пәтер сатып алмас бұрын кем дегенде жарты жыл бір жерде жұмыс істеу керек. Өйткен банктер бұл жайтқа аса мән береді.

Екіншіден, қолыңызда электронды цифрлық қолтаңба болғаны жөн. Бұл кез келген анықтаманы алу кезінде уақытты барынша үнемдеуге мүмкіндік береді.

Үшіншісі әрі бастысы – ұзақмерзімді несие алдындағы қорқынышыңызды жеңу керек. Әлібек отбасы ойлап, осындай қадамға барған.

"Отбасын құрайын ба әлде әлі ертерек пе деп екі ойда жүрген барлық бойдақ жігіттерге үйленуге кеңес берер едім. Отбасы – біздің қозғаушы күшіміз. Өйткені жігіттер үшін  қандай жағдайда өмір сүретіндігі айтарлықтай маңызды емес. Бұл әйел адамдады өте алаңдатады. Әрине, қорқыныш әрдайым болады. Бірнеше жылға несие алу оңай емес. Бірақ мен тәуекелге бел будым және еш өкінбеймін", - дейді  көптен күткен пәтердің иесі.  

Тағы оқыңыз: Көлік алуға кредит беретін "7-20-25" секілді бағдарлама әзірленеді

"7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотека ресімдеу үшін мынадай құжаттар қажет: құрылыс компаниясының жарғылық құжаты, пәтер құны жөніндегі хабарлама, қарызға алушы мен қосалқы қарыз алушының (егер болса) мекен-жай анықтамасы, зейнетақы аударымдары жөніндегі ақпарат, жұмыс орнынан анықтама (бұйрық көшірмесі), жалақы мөлшері жөніндегі анықтама (бухгалтериядан көшірме), жылжымайтын мүлігіңіздің жоқтығы туралы 6-шы үлгідегі анықтама, жолдасыңыз/жарыңыздың құжаттары – олардың келісімінсіз несие ресімдеуге болмайды және де пәтер  ауыртпалығының жоқтығы жайлы екінші үлгідегі анықтама.  

2143
Кілт сөздер:
баспана, "7-20-25" бағдарламасы.
Тақырып:
"7-20-25" бағдарламасы (34)
Тақырып бойынша
Зейнетақы қорындағы ақша баспана алуға беріле ме?
Шымкентте баспана алуға пайызсыз несие беріледі
Зейнеткерлер мен оралмандар тегін баспана алушылар тізімінен алынып тасталады
Қазақстанда "Баспана Хит" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды
"7-20-25": қазақстандықтарға баспана сатып алу үшін 110 миллион доллар берілді
Мемлекеттік бағдарлама аясында баспана алушылардың тізімі жарияланды
Депутат баспана алу үшін жастардың жасын көтеруді ұсынды
Осы аптадан бастап қазақстандықтарға баспана үшін миллион теңгеден беріледі
Загрузка...