Биржа

"Дөкейлердің ақшасын заңдастыру секілді": америкалық компаниялар Қазақстанға неге келді?

465
(Жаңартылды 14:17 07.03.2019)
ІТ саласындағы америкалық гигант компаниялар Қазақстан биржасына неге ат басын бұрды – мамандар пікірі

АЛМАТЫ, 7-наурыз – Sputnik, Кәмшат Сатиева. Атақты Apple, Facebook, Microsoft, Starbucks компаниялары Қазақстанға ат басын бұрып, отандық биржаға акцияларын орналастырды. Енді қазақстандықтар ІТ саласындағы табысты брендтердің қарапайым құнды қағаздарын сатып ала алады.

Бағасы да қолжетімді - 3 мың теңгеден 1 миллион теңге аралығында. Мұндай мәліметті "Фридом Финанс" АҚ таратты. Өз кезегінде Sputnik Қазақстан тілшісі америкалық танымал брендтердің таңдауы неге Қазақстан қор биржасына түскен деген сауалға жауап іздеп, мамандардың пікірін сұрап білді.

Аталған америкалық компаниялардың құнды қағаздары отандық биржаға қойылғаны туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының сайтында да пайда болды. Мәселен, KASE-нің ресми тізімінде  Apple акциясы "стандарт" категориясы бойынша басты сауда-саттық алаңына шығарылған.

"Ел экономикасындағы артық ақша қызықтырған оларды..."

Қаржыгер маман Ілияс Исаев Қазақстан экономикасындағы артық ақша массасы  халықаралық беделді компаниялардың назарына іліккен болуы керек деп болжайды.  Маманның пікірінше, сол артылған ақшаны игеру үшін келген олар бізге.

"Жыл соңында ел экономикасында артылып қалған ақша анықталып жатады. Көбіне ол Ұлттық банктің балансында болады. Қазір барлығы цифрлық жүйеге көшіп жатыр ғой. Осының бәрін олар алыстан көріп, байқап отыр. Оны жіті зерттеп, табыс табатын болған соң келуі мүмкін", - дейді Исаев.

Ал артық ақша біздің экономикамыз аста-төк табысқа кенеліп жатқаннан пайда болмаған. Керісінше экономикалық саясатты дұрыс түзе алмауымыздан екен.

Исаевтың пікірінше, енді Үкімет осы мәселені дұрыс шешпесе, артық ақшаны осылай "бөтендер" жолай игеріп кете барады.

"Елбасы Ақышевті қабылдап отырып, өткенде жақсы айтты. Біз экономикадағы ақша массасын стерилизация жасау арқылы ғана инфляцияны төмендетіп отырмыз деп. Инфляцияны өндірісті дамыту арқылы төмендету қажет. Соған көшу керек деді Елбасы. Демек, мәселе қай жерде екені анық. Енді тек үкімет сауатты іс-қимылға көшсе болғаны", - дейді маман.

"Дөкейлердің заңсыз ақшасын заңдастырудың жолы секілді..."

Әрине, табысты компаниялардың акциясына кез келген қызығып, сатып алғысы келеді. Өйткені табысты болған соң сатып алынған акцияның дивиденді де қомақты болмақ. Алайда біз сөзге тартқан кәсіпкер Азат Қонысбек бұл компаниялардың акциясын сатып алғысы келмейтінін кесіп айтты.

"Бұл менің жеке пікірім, жеке таңдауым. Себебі мен оған сенбеймін. Әлгі компаниялар 100 пайыз акциясын Қазақстанға әкеп орналастырды деп ойламаймын. Тіпті, сатып алғым кеп бара жатса, оны халықаралық қор биржасынан да алар едім ғой", - дейді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, бұл біздегі дөкейлердің заңсыз ақшасын заңдастыру үшін жасалып жатуы мүмкін.

"Табыс декларациясын міндеттегелі жатыр емес пе бізде. Содан Apple, Facebook-тегілерді "жақсы инвестор боламыз" деп біздегі бір дөкейлер сүйреп әкелуі мүмкін. Онда да артық ақшасын заңды ету үшін. Ал еврейлер сырттан келетін ақшаға көбіне декларация сұрамайды. Көрдіңіз бе?..", - дейді кәсіпкер.

Акцияларды қайдан сатып алуға болады?

Ал акцияларды қайдан алуға болады? Бұған "Фридом Финанс" брокерлік компаниясындағылар былай жауап берді:

"Акцияларды қазақстандықтар сәуір айының екінші жартысында Freedom24.kz сайты арқылы сатып ала алады. Оны кез келген адамның алуына мүмкіндік бар. Тек ниет болса болғаны. Бағасы 3 мың теңгеден бастап 1 миллион теңге аралығын құрайды.

Тұтынушылар сатып алған қағаздар "Құнды қағаздар нарығы туралы" заңға сәйкес, Орталық депозитарийдің брокерлік шотында сақталатын болады". 

465
Тақырып бойынша
Сағынтаев: жаһандық сындардан соң экономика өсімін қалпына келтіре бастадық
Сағынтаев ұлттық экономика вице-министріне сөгіс жариялады
"Қиын болды": ұлттық экономика министрі 10 жыл бойы ипотека төлегенін айтты
Загрузка...