Ақша

Бір үйде тұратын екі-үш отбасының табысы қалай есептеледі: еңбек министрі жауап берді

3321
Сенат депутаты бір шаңырақта тұратын бірнеше отбасының жиынтық табысын бөлек есептеуді ұсынды

АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде, бір үйде тұратын бірнеше отбасының жиынтық табысы бөлек емес, бірге есептеледі. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мен Атырау облысының он екі елді мекенінде 1200-ден астам адаммен кездестім. Жергілікті тұрғындар ең көп қойған сұрақ отбасының табысын есептеуге қатысты болды. Халқымыздың салт-дәстүрі бойынша, ауылды жерлерде бір үйде бірнеше үйленген отбасы тұрып жатыр. Үйленген екі-үш ағайынды бір шаңырақ астында тұрады. Отбасының табысын есептеген кезде, олардың жиынтық табысы бірге есептеледі екен. Әр отбасының жиынтық табысын неге бөлек есептемеске деген ұсыныс бар", - деді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов сенатта өткен үкімет сағатында.

Бір баласы барлар да 21 мың теңге алады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қазіргі заң бойынша барлығының табысы есептелетінін атап өтті.

"Егер бір үйде үш-төрт отбасы тұратын болса, олардың барлығының табысы есептеледі", - деп қысқа қайырды министр.

Сонымен қатар, сенат депутаты жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысқа қатысты мәселені көтерді.

"Осының төңірегінде әңгіме көп. Егер сиыры болса, ол сиырды бағу бар, бейнеті көп. Жеке шаруашылықты кіріс көзі деп есептеген кезде, бұл мәселелер ескеріле ме, қандай да бір өзгерістер бола ма?", - деп сұрады Еңсегенов.

Еңбек министрі жиынтық табысты есептеген кезде, қорадағы малды ескеріп-ескермеу жергілікті биліктің құзырына берілгенін атап өтті.

Жақыпова 21 мың теңге мен қорадағы мал туралы айтты

"Қосалқы шаруашылықтарды ескеріп-ескермеу былтырдан бастап, заңға сәйкес, жергілікті биліктің құзырына берілген. Оны солар шешеді", - деді Сапарбаев.

3321
Кілт сөздер:
мұқтаждық, табыс, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек
Загрузка...