Гарант 24 Ломбард

Халықты алдаған ломбард басшыларының қайда екені анықталды

2249
(Жаңартылды 14:00 26.02.2020)
Ломбардтар ісіне қатысты арыз-шағымның саны 3 000-нан асқанын айтты. Шағымдардың көлемі әлі де арта түседі деген болжам жасалып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Халықты алдаған  "Гарант 24" және "Estate Ломбард" ломбардының екі басшысы қайда екені анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Журналистерге сұхбат берген тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов ломбардтар ісіне қатысты арыз-шағымның саны 3 000-нан асқанын айтты. Шағымдардың көлемі әлі де артады. Себебі тәркіленген келісімшарттардың жалпы саны 42 000-нан асады. Қазіргі кезде 15 адам қамауға алынды.

 Вывески Гарант 24 Ломбард
© Sputnik / Абзал Калиев.
22 ақпанда бірқатар өңірде "Гарант 24" ломбарды филиалдарының директорлары ұсталды

"Ал 12 күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланды. Өкінішке қарай, олардың дені халық шуламай тұрғанда шекара асып, бой тасалаған. Әзірше, екі адамның шекарадан өткені тіркелді. Арнайы тергеу тобы Ресей мен Қырғызстанға жіберілді. Қалғанын іздеп жатырмыз. Әзірше, екі адамның жері анықталып отыр. Басқалар Қазақстанда жүруі мүмкін. Шекарадан заңсыз өтіп кетуі де ықтимал", - дейді Әділов.

Департамент басшысы ақшаның басым бөлігі халықтан қолма-қол жиналғанын жеткізді. Сол күйінде инкассация жасалып тұрған. Қазіргі кезде ақша мен мүлікті іздестіру шаралары атқаралып жатыр.

"Тінту кезінде 40 миллион теңге тәркіленген болатын. Бұдан бөлек, 21 пәтерге, 3 үйге және 30-дан астам көлік құралына арест салынды. Шығынның жалпы көлемі 5 миллиард теңгеден асады. Қазақстан бойынша 13 өңірде осы қаржы пирамидасының қылмыстық әрекеті тіркелген. Осы қылмыс үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деп атап көрсетті Әділов.

Ломбардтардың заңсыз қызметі

Өткен аптаның соңында Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау және басқа өңірлердің тұрғындары бірнеше күннен бері "Гарант 24", "Estate Ломбард" және Home Avto Invest ломбардтарына салған ақшасын қайтара алмай жатқанын айтып шағымданды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтардың қызметін қаржы пирамидасымен салыстырып, лицензиясыз банк қызметін заңсыз жүзеге асырғанын мәлімдеді. 

Ломбардтар азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен сатқан. Бұдан басқа, аталған компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40%-ға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылатын.

22 ақпанда бірқатар өңірде "Гарант 24" ломбарды филиалдарының директорлары ұсталды. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Павлодар, Тараз және Қарағандыда ломбард директорлары қамауға алынғанын мәлімдеді.

"Ақшаларыңды қайтармаймын!"

Ломбардтар салымшыны көптеп тарту үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнамалық науқан жүргізген. "Whats App" мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшы кірген.

Осы жылдың 15 ақпанында серіктестіктердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, ұрланған ақшамен бой тасалаған. 19 ақпан күні "Гарант 24 Ломбард" ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы "WhatsApp" чатында салымшыларға "Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рахмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!" деген хабарлама қалдырған.

Сол күні әр аймақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ ақшаны заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастаған. Шетелде бой тасалап жүргендердің ішінде Мырзабеков те бар.

 

2249
Кілт сөздер:
ақша, халық, басшы, ломбард
Тақырып бойынша
Қуат "Найман" Хамитовтың басы бәлеге қалды
Шетелге қашқан ломбард құрылтайшысы мәлімдеме жасады - видео
"Котёл" ойыны: Тоқаевтың кеңесшісі өз ойын ашық айтты
"Ақшаларыңды қайтармаймын": Ломбард басшысы халықты қалай алдағаны белгілі болды
Шымкентте бетперде киген шабуылшы ломбард қызметкерін жаралады
Загрузка...