Қоғам

"Коронавирустан да жылдам таралуда": депутат кредит мәселесін қозғады

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента
Знак процента - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутаттың айтуынша, үйден шықпай-ақ, интернет арқылы кредит беретін онлайн компаниялар халықтың шарасыздығын пайдаланып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қазақстандықтарға жылдық 600-700 процентпен қарыз беріп жатқан онлайн кредиттеу компанияларын тез арада тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Төтенше жағдай мен карантинге байланысты кірісінен айырылған азаматтар тұтыну кредитін алуға мәжбүр. Микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, үйден шықпай-ақ, интернет арқылы кредит беретін онлайн компаниялар халықтың шарасыздығын пайдаланып жатыр. Ешқандай құжатсыз дәл сол сәтте кредит береді. Интернетте мұндайлар қаптап кетті", - деді Жамалов үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында президент банктік емес кредиттеу ұйымдарында тәртіп орнатуды тапсырғанын еске салды.

Заң бойынша жылдық тиімді ставканың шекті мөлшері 56% деп бекітілген. Ал айыппұл мен өсімпұлдың ең жоғары мөлшері кешіктірілген әр күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5%-нен аспайды.

Бұдан бөлек, Азаматтық кодексте жеке тұлғаларға барлық комиссияны есепке алғанда жылдық тиімді ставкасы 100%асатын қарыз беруге тыйым салынған.

"Заңнамалық шектеулерге қарамастан онлайн кредиттеу компаниялары жылдық мөлшерлемесі 100% асатын қарыз беруді жалғастырып келеді. Бұл сыйақыдан бөлек, олар түрлі сылтаумен әртүрлі комиссия ұстайды. Нәтижесінде жылдық тиімді ставка 600-700% дейін баруы мүмкін. Бір таңғаларлығы, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еш шара қабылдамай отыр. Дәл қазір бұл "індет" коронавирустан да жылдам таралуда", - деп қапаланды депутат.

Оқи отырыңыз: Тоқаев кредит процентін алып тастауды сұрайтындарға жауап берді

Осыған байланысты мәжілісмен үкімет пен агенттікке онлайн кредиттеу компанияларының қызметін тексеруді ұсынды. Айтуынша, қазір елімізде нарықтың негізгі үлесін осындай 10 компания құрайды.

Бұдан бөлек, Жамаловтың пікірінше, жылдық тиімді ставкасы 100% асатын қарыз келісімшарттарын жарамсыз деп тану қажет.

Жаңалықтар
0