Экономика

Мамин қандай мәселе бірінші орында болуы керек екенін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневЗаседание правительства Казахстана
Заседание правительства Казахстана  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жұмыспен қамту шаралары алты ай ішінде қалай жүзеге асырылғаны президенттің төрағалығымен өтетін үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады

НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин министрліктер мен әкімдіктерге азаматтарды жұмыспен қамтуды жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Біз күрделі жағдайды бастан өткердік. Екі ай бойы төтенше жағдай мен карантин режимі сақталды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру үдерісі жүріп жатыр. Біз азаматтарды жұмыспен қамтып, әл-ауқатының жақсаруына жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесі бәріміз үшін бірінші орында болуы керек", - деді Мамин үкімет отырысында. 

Айтуынша, биыл жұмысқа орналастыру шараларымен 1 миллион 220 мың адамды қамту жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар, премьер-министр жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша артта қалып жатқан өңірлерді атады. Олар: Шымкент қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары.

Ал Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы.

"Бұл әкімдіктердің жеткіліксіз жұмыс істеп жатқанының көрінісі, осы бағыттар бойынша шұғыл түрде шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдаудың барлық құралы бар, оларды белсенді қолдану керек. Осы мәселе бойынша біз тұрақты әрі жүйелі бақылау жүргізетін боламыз", - деді ол. 

Мамин жарты жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі президенттің төрағалығымен өтетін үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын атап өтті. 

Үкімет басшысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыспен қамтуды жандандыруға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды. 

Сонымен қатар, өңірлер мен әкімдіктер бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде "Еңбек" бағдарламасының барлық жоспарлы көрсеткішіне қол жеткізуі тиіс.

 

Жаңалықтар
0