Ақша, тиын

Қазақстанда зейнетақы қорындағы ақшаның 10%-ін алуға рұқсат ету ұсынылды

15622
Қоғамдық кеңестің басшысы зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға рұқсат беру біреудің өмірін құтқаруы мүмкін деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанындағы қоғамдық кеңес елдегі экономикалық ахуалға байланысты салымшыларға зейнетақы жинағының 10%-ін алуға рұқсат беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Тың бастама жайлы қоғамдық кеңестің басшысы Евгений Сейпульник желіде жазды.

"Қазіргі жағдай кәрілікке қажетті жинаққа деген көзқарасты өзгертуге және оған азаматтардың қаржылық проблемасын шешуге көмектесудің бір жолы деп қарауға түрткі болып отыр. Басқаша айтқанда, мен зейнетке шықпай тұрып, салымшылардың 10% мөлшеріндегі ақшасын кәдеге жаратуды ұсынамын", - деп жазды Сейпульник қоғамдық кеңестің Facebook-тегі парақшасында.

Тағы оқыңыз: Министр зейнетақы жинағының тең жартысын кімдерге алуға болатынын айтты

Айтуынша, әр салымшының өз жинағының 10%-ін мерзімінен бұрын шешіп алуы келесі жағдайларға әкеледі:

  • шоғырландырылған жинақ 1.7 триллион теңгеге азаяды;
  • орташа төлем әр салымшыға 42500 теңгеден 100 000 теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін;
  • салымшылардың Қор мен Ұлттық банк қызметіне сенімі артады;
  • қордың жұмысы жаңа деңгейге шығады.  

"Әр салымшыға жинақтың 10%-ін төлеу міндет емес, оның құқығы ретінде қарастырылуы тиіс. Алайда бұл тәсіл біреудің өмірін құтқаруы мүмкін", - деді ол.

Сондай-ақ, Сейпульник аталған төлемді заңнамалық түрде бекітуге болады деп санайды. Әр салымшы шотындағы жинағының мөлшеріне қарамастан ақшаны мерзімінен бұрын бір рет шешіп алуға құқылы болады.

Ол қоғамдық кеңестің бастамасы көпшіліктің қолдауына ие болса, ұсыныс президентке жолданатынын атап өтті.

15622
Кілт сөздер:
зейнетақы
Тақырып бойынша
Зейнетақы қоры шоттағы ақшасының азайғанына алаңдаған қазақстандықтарға жауап берді
Зейнетақы жинағы азайып қалса, мемлекет өтеп береді
Доллардың құбылуы зейнетақы жинақтарына қалай әсер етті – қор басшысы жауап берді
Зейнетақы қорындағы 20 млрд теңгенің қайда жұмсалғаны белгілі болды
Ер адам, архивтегі фото

Күзде теңге тағы құнсыздана ма сарапшылар пікір білдірді  

2054
(Жаңартылды 17:07 14.08.2020)
Brent мұнайының қазіргі бағасы теңгенің қатты құнсызданбауына негіз болып отыр. Дегенмен бәрібір ұзақ мерзімде ұлттық валютаға қысым түседі

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Алдағы күз айларында коронавирустың екінші толқыны басталады деп болжанып отыр. Өйткені жыл сайын сол уақытта инфекциялық аурулар өршіп кетеді. Үкімет дайындық шараларына кірісіп кетті. Ал халық арасында күзде теңге тағы құнсыздануы мүмкін деген әңгімелер де тарап жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар ұлттық валюта бағамына қатысты пікір білдірді.

Еңбек өнімділігін арттыру керек

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтың пікірінше, Қазақстан коронавирустың екінші толқынын жеңіл еңсереді. Себебі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдар да, жеке құрылымдар да біраз тәжірибе жинады. Банктер мен компаниялар қашықтан жұмыс істеуге үйренді. 

"Иә, жыл сайын күзде инфекциялық аурулар өршіп кетеді. Сондықтан тағы шектеу шаралары енгізіледі деп ойлаймын. Бірақ коронавирустың екінші толқыны біріншісіне қарағанда жеңілдеу өтеді. Сол кезде цифрлық экономиканы дамытуға жақсы мүмкіндік болады", - дейді Рысмамбетов.

Сарапшының айтуынша, теңге бағамына пандемия да, карантин де қатты әсер етпейді. Негізгі фактор – мұнай бағасы және осы шикізатқа тәуелді отандық экономика.

"Теңге бағамына карантин немесе пандемия емес, мұнайға тәуелді экономикамен өткізген бейқам жылдар әсер етіп отыр. Теңге карантинге қарамастан, әлсірей береді. Шикізаттық мемлекеттің тағдыры сол, ылғи девальвацияға ұшырап отырады. Бүгінде осы проблеманы валюталық одақтар арқылы шешуге болады деген ұсыныстар бар. Алайда олай ғана емес, экономиканың сапасын және еңбек өнімділігін көтеріп те шешуге болады", - деп атап өтті Рысмамбетов.

Теңге қатты құнсыздана ма?

Экономист Бауыржан Ысқақов та теңгенің бағамы көбінесе мұнайға байланысты екенін айтып отыр. Сондықтан осы шикізаттың қазіргі бағасы күзде түспесе, теңге бағамы анау айтқандай өзгермейді деп санайды.   

"Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 44-45 доллардың шамасында тұр ғой. Бұл теңгенің қазіргі бағамын ұстап тұруға жеткілікті. Меніңше, күзде ұлттық валютамыздың бағамы әрі кетсе, 440 теңгеге барады. Бірақ бір кездері "500-ге дейін жетуі мүмкін" деп айтылды ғой. Оған себептер де болған. Бірақ қазір жағдай өзгерді", - дейді Ысқақов.

Сарапшының айтуынша, коронавирусқа қарсы шаралар, вакцинаның шығуы, карантинді жеңілдету және тағы басқа жағымды өзгерістер оң әсерін беріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Досаев теңгенің не себепті әлсірегенін түсіндірді

"Сондықтан күзде теңге қатты құлдырап кетеді, девальвация болады деп айта алмаймын. Оған қоса үкімет дағдарысқа қарсы шараларды қолға алды. Ұлттық қордан біраз ақша бөлінді. Жалпы, осы саладағы шаралардың нәтижесі көріне бастайды. Бірақ коронавирустың екінші толқыны болса, қосымша қолдау шараларын қолға алу қажет. Экономиканы дамытпасақ та, осы қарқында ұстап қалу үшін тағы ақша құю керек болады", - деді Ысқақов.

Санкция теңгеге кері әсер етуі мүмкін

Ал GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық ұлттық валютамызға оң әсер етіп жатқан қазіргі сыртқы факторды атады. Ол – доллардың құнсыздануы.

"Негізі қазірдің өзінде теңгеміз біраз құнсызданып кететін еді. Бүгінде АҚШ-тың федералды резерв жүйесі долларды көптеп басып, экономикасына салып жатыр. Ал ақша массасының өсуі доллардың әлсіреуіне себеп болды. Қазір доллар еуроға қарағанда, Швейцарияның франкіне қарағанда біраз құнсызданды. Демек, әлемдік валюталарға шаққанда доллардың өзі әлсіреп, теңгеміздің қатты құнсызданбауына септігін тигізіп тұр", - деп түсіндірді Халық. 

Экономистің айтуынша, санкциялық соғыстар теңгеге кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, АҚШ-тың Ресейге қатысты санкциялары күшейтілетін болса, рубль біраз құнсызданады. Ұлттық валютамыз да әлсірейді. Ал мұнайдың қазіргі бағасы теңге бағамын ұстап тұр. Алайда уақыт өте келе, ұлттық валютамызға қысым түседі. 

"Brent маркалы мұнай бағасының 40 доллардан жоғары тұрғаны теңгеміздің қатты құнсызданбауына негіз болып отыр. Бірақ бәрібір ұзақ мерзімде ұлттық валютамызға қысым түседі. Өйткені экспортымыздың көп бөлігі осы шикізаттан тұрады. Ал экспорттан түсетін ақша азайса, теңгенің жағдайы қиындайды. Сондықтан ұзақ мерзімде ұлттық валютамыз қатты құнсызданбаса да, ақырын-ақырын құнын жоғалтуы мүмкін", - дейді Халық.

2054
Кілт сөздер:
доллар бағамы, теңге бағамы
Тақырып бойынша
"Экономикалық ахуал күрделі": қаржы министрі алдағы жоспар туралы айтты
Brent мұнайының қымбаттауы теңгеге қалай әсер етті
Ұлттық экономика министрі келешегі бар салаларды атады
Тоқаев теңге бағамына қатысты бірқатар тапсырма берді
Банк карталары

Маман банк картасымен қай жерде төлем жасау қауіпті екенін айтты

8324
(Жаңартылды 18:19 13.08.2020)
Маман алаяқтарға алданып қалмау үшін бірқатар ережені сақтау керек екенін айтып отыр. Сол кезде карта арқылы төлем жасауға болады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. Қазіргі уақытта банк картасымен төлем жасау үйреншікті жағдайға айналды. Алайда интернет арқылы сатып алынатын заттардың ақшасын картамен төлеу әлі де қауіпті. Өйткені интернет алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданады, деп хабарлады РИА Новости қауіпсіздік жүйелері орталығының бөлім басшысы Алексей Сизовқа сілтеме жасап.  

"Қазіргі уақытта жалған сайттар көп. Тауарға төлем жасап, алаяқтардың торына түсіп қалу қаупі бар. Мұндай сайттардың көбінесе шынайы сайттардан еш ерекшелігі болмайды", - деді ресейлік маман.

Алаяқтарға алданып қалмау үшін бірқатар ережені сақтау керек. Біріншіден, тек онлайн сатып алуға арналған жеке есепшоты бар арнайы карта керек. Оның ішіне сатып алынатын тауар құнынан артық ақша салмаған жөн.

"Екіншіден, тексерілмеген сайттардан қомақты сомаға тауар сатып алмау керек. Үшіншіден, өзіңіздің жеке ақпаратыңызды ешкімге айтпаңыз. Банк немесе дүкен қызметкері хабарласса да, жеке ақпаратты бөлісуге болмайды", - деді Сизов.

Тағы оқыңыз: Kaspi.kz арқылы ақша аударуға тыйым салына ма – министрлік жауабы

8324
Кілт сөздер:
төлем, банк
Тақырып бойынша
Елордалық депутат Kaspi Gold иелерін 3% салық төлеуге міндеттеуді ұсынды
Қазақстанда интернет арқылы қанша ақша табуға болады
Облыс әкімінің орынбасары Kaspi Gold-қа ақша аударуға қатысты мәлімдеме жасады
Мәжіліс депутаттары банк картасы бойынша комиссияны азайтуды сұрады
Байланыс операторлары интернет неге баяу істеп тұрғанын түсіндірді
Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер

0
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15  тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы  – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.

"Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді есімтанушы Бердалы Оспан.

Шәмшінің анасы Естайдың "Құсни Қорлан" әнін ерекше ұнатып орындаған.

"Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда "Қорлан" әнін салушы еді",  - дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші Қалдаяқовтың өнер жолы

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.

"Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым" дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес", - дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", - дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.

Екі мыңнан аса хат келді

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

"Арыс жағасында" әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде "Қазақ радиосының" музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

"Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек", - дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.

"Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, - деп еске алады Нүсіпжанов.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

"Ол тұс – Ақмоланы "Целиноград" атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. "Менің Қазақстаным" солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді", - дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Отбасы туралы не білеміз

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" повесі себеп болыпты.

"Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. "Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген", - деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін", - деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", - дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

0
Кілт сөздер:
композитор, Шәмші Қалдаяқов
Тақырып бойынша
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер