Архивтегі фото

Коронавирустың екінші толқыны: елдің жағдайы не болады?

9486
(Жаңартылды 10:19 06.08.2020)
Індеттің екінші толқыны басталса, мұнай бағасы қатты төмендейді, 20 долларға дейін қайта түсіп кетуі әбден мүмкін, дейді сарапшылар

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Үкімет пандемияның жаңа толқынына дайындалуға кірісті. Себебі күзде індет тағы өршіп кетуі мүмкін. Премьер-министрдің өзі дәрі-дәрмек қоймасына барып, екі айлық резервті тексеріп қайтты. Ал коронавирустың екінші толқыны қаншалықты қауіпті болады? Ел экономикасына және халықтың әл-ауқатына қалай әсер етеді? Не істеу керек? Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осы сұрақтарға жауап берді.  

Теңгенің тағдыры қалай болмақ?

Қазақстанның негізгі кіріс көзі – мұнай. Осы шикізаттың әлемдік бағасы төмендесе, бюджет кірісі азаяды. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, қазірдің өзінде бюджетке тым аз қаржы түсіп жатыр. Ал пандемияның екінші толқыны болса, тағы карантин шаралары қолданылады. Сол кезде бюджетке одан да аз кіріс түседі. Оған қоса, қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлер өз табысын жасыруға тырысады, салық төлеуден жалтарады.

"Біз екі нәрсені тілеп отырмыз. Біріншіден, осы індетке қарсы вакцина тезірек шықса екен дейміз. Сол кезде адамдар бұрынғы өміріне қайта оралады. Екіншіден, мұнай бағасы құламаса екен деп тілеп жатырмыз. Өйткені екінші толқын жүріп, тағы да жабылатын болсақ, мұнай саласы ғана емес, бүкіл экономика құлдырайды", - дейді Жақсылықов.

Сарапшының сөзіне қарағанда, мұнай бағасы түсіп кетсе, ұлттық валютаға қысым артады. Соңғы екі аптаның өзіне теңге ақырындап құнсызданды. Ресей рублі де әлсіреді. Санкциялар күшейіп кетті. Ал пандемияның екінші толқыны келсе, теңгенің жағдайы қиындайды. Себебі мұнай бағасы қатты түсіп кетуі мүмкін.

"Екінші толқын болса, баға қатты төмендейді. 20 долларға дейін қайта түсіп кетуі әбден мүмкін. Неге? Себебі қазіргі кезде тұтынушы мемлекеттер өте үлкен қор жинап алды. Оларға 6-7 айға дейін шикі мұнайды сатып алмаса да болады. Қытай үлкен резервуар салып тастады дейді. Енді ол мемлекеттің мүмкіндігі белгілі ғой. Бірнеше күннің ішінде сала салады. Ал сұраныс төмендесе, біз сияқты мұнайға тәуелді мемлекеттер шикізатын сата алмай, есі шығады", - дейді Жақсылықов. 

Экономикалық кеңес құру қажет

Мұнай өндіруші компаниялар төтенше жағдай кезінде біраз тәжірибе жинады. Енді екінші толқынға дайындалып жатыр. Негізгі мақсат – жұмысты тоқтатпау. Мұнайшылар да өз болжамын жасады.

"Біз вирусолог емеспіз. Дегенмен, қарап тұрсақ, алдағы жылдың ортасы немесе күзіне дейін бұл індет бізді уысынан шығармайтын сияқты. Әлі бір жылдай осындай ауыр жағдайда отыратын шығармыз", - деді Жақсылықов.

Оқи отырыңыз: Мамин коронавирус пандемиясының жаңа толқыны туралы айтты 

Сарапшы қазіргі пандемия жағдайында ұлттық сенім кеңесі үлгісінде экономикалық кеңес құру қажеттігін де жеткізді. Ол үш айда емес, екі аптада бір рет жиналып, ақылдасып отыруы шарт.

"Өйткені экономикалық жағдай күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Ал дұрыс шешім қабылдау үшін кәсіпкерлермен дұрыс диалог орнату керек. Әр саланы жеке-жеке талдау қажет. Әйтпесе, бүгінде диалог емес, монолог болып кетті", - деп түйіндеді сарапшы.

Негативті болжам басым

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде жыл соңына дейінгі экономикалық жағдайға қатысты әртүрлі болжам бар. Соның ішінде негативті жорамалдар өте көп.

"Ел экономикасы минусқа кетеді деп жатыр. Өткенде ұлттық экономика министрлігінің өзі ішкі жалпы өнімнің өсімі минус 0,9 процент деп айтқан. Халықаралық валюта қоры минус 2,5 процентке, ал Дүниежүзілік банк минус 3 процентке дейін түседі деп отыр. Демек отандық экономика 90 жылдары болған жағдайды бастан кешеді", - дейді Халық.

Сарапшы төтенше жағдай кезінде дағдарысқа қарсы бағдарламаның қабылданғанын да еске салды. Экономикаға қыруар қаражат құйылды. 42 500 теңге таратылып, кредиттің төлемдері шегерілді. Алайда пандемияның екінші толқыны болса, қосымша шараларды қолға алуға тура келеді.

"Мысалы, қазір кредиттің мерзімін ұзартқан халық та, компаниялар да қолына жаңа төлем кестесін алып отыр. Ол жерде уақыттың ұзаруына байланысты сыйақы мөлшерлемесі мен проценті ұлғайған. Көбісі соған наразы. Себебі төлейтін ақшасы көбейіп отыр. Сондықтан мемлекет кредиттің үстіне қосылған сыйақының мөлшерін толығымен жауып беруі керек деп ойлаймын", - деді Халық.

42 500 теңге төлене ме?

Пандемияның екінші толқыны кезінде шектеу шаралары енгізілсе, біраз адам тағы жұмысқа шықпай қалады. Сол кезде ең төменгі жалақының мөлшерін, яғни, 42 500 теңгені тағы төлеуге тура келеді. Экономист Мақсат Халық оған дейін ең төменгі жалақының мөлшерін көтеру керек деп санайды. Өйткені қазіргі төлем инфляцияның деңгейіне, экономикалық жағдайға да сәйкес келмейді.

"Біздің есебіміз бойынша ең төменгі жалақы 70 мың теңгеден жоғары болуы қажет. Сондай көлемде төленуі керек. Негізі бас кезінде ондай төлемді барлық азаматқа беру керек еді деп ойлаймын. Ондай мүмкіндік бар. Иә, бюджет біраз шығынға бататын еді. Бірақ ондайда халықтың төлем қабілеттілігі сақталады. Жиынтық сұранысты түсіріп алмайтын едік", - деп түсіндірді Халық.

Сарапшының сөзіне қарағанда, бүгінде кәсіпкерлер банкротқа ұшырап жатыр. Өйткені халықта олардың тауарлары мен қызметтерін пайдаланатын ақша жоқ.

"Әрине, күзде жағдай қайталанса, 42 500 теңге тағы төленуі тиіс. Бірақ менің ойымша, ол ақша аздық етеді. Өйткені ақша құнсызданды, азық-түлік бағасы өсті. Сондықтан осы төлемнің мөлшерін өсіру керек", - дейді Халық. 

Үш толқын болады

Ал экономист Қайырбек Арыстанбеков пандемияның үш толқыны болады деп отыр. Бірақ осыдан кейінгі екі толқынның әсері біртіндеп бәсеңдейді.  

"Ең ауыры және ең тереңі ол – біріншісі. Сосын екіншісі болуы ықтимал. Үшеуі шамамен екі-үш жылды қамтиды. Тереңдігі жағынан біріншісі, одан кейін орташа – екіншісі, ал үшінші толқын бәсеңдеу болады", - дейді Қайырбеков.

Оның айтуынша, осы жолы билік біраз тәжірибе жинап алды. Карантин кезінде өзекті мәселелер де анықталды. Үкімет дұрыс шараларды қолға алса, екінші толқынның ықпалы төмендеу болады.

9486
Кілт сөздер:
экономика, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (1523)
Тақырып бойынша
"Бұл екінші толқын емес": дәрігер Қазақстандағы коронавирус эпидемиясы туралы айтты
Вирустың екінші толқыны: сарапшылар экономика мен теңгенің тағдыры не болатынын айтты
Министрлік елімізде пневмонияның жаңа түрі шыққаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді  
құрылыс

Қазақстанда құрылысқа салынатын инвестиция азайды

27
Қазақстанның 13 өңірінде құрылысқа құйылатын инвестиция көлемі қысқарды, деп мәлімдеді сарапшылар

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда құрылыс саласындағы негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 38,5 миллиард теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткіштен 45,9%-ке төмен.

Сарапшылардың мәліметі бойынша, бұл осы уақытқа дейінгі ең төменгі рекордтық көрсеткіш болып отыр, деп хабарлайды FinProm.

Инвестицияның азаюы ел аумағының көп бөлігінде – 17 өңірдің 13-інде байқалады. Бірінші орында Атырау облысы тұр, мұнда инвестиция 69,8%-ке, яғни 7 миллиард теңгеге қысқарған.

Бұл ретте, құрылыс секторындағы ауқымды инвестиция Алматыда тіркелген: 7,7 миллиард теңге. Павлодар, Түркістан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ, Алматыда инвестициялық өсім байқалған.

Құрылыс саласын қаржыландырудың негізгі көзі – бизнестің жеке қаржысы.

Бұған дейін Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикадағы құрылыс құнының төмендейтінін хабарлаған болатын. Бұл құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті енгізген тетіктердің есебінен жүзеге асырылады.

27
егін ору

Қазақстан Қытайға бидай экспортын ұлғайтуы мүмкін

54
(Жаңартылды 10:17 22.09.2020)
Биыл елімізде 18 миллион тонна астық жиналады деп жоспарланып отыр. Орташа түсім - бір гектардан 12,2 центнер

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Биыл Қазақстан Қытайға бидай экспортын ұлғайтуы мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұн дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жөнелтіледі. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай (HI-Pro) экспорты артуы мүмкін", - деді Омаров үкімет отырысында.

Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сәйкес, Ресейде, Канадада, Австралияда астық өндірісінің артуына байланысты 2020 жылы өнім көлемі әлемдік рекордтық деңгейде – 2,2 триллион тонна болады деп бағалануда. 2019 жылы 2,1 триллион тонна болған.

Қазір республикада егін жинау жұмысының 93 проценті аяқталды. Барлығы 18 миллион тонна астық жиналады деп жоспарланып отыр. Орташа түсім бір гектардан 12,2 центнерді құрады.

54
Кілт сөздер:
Қытай, бидай
Архивтегі фото

Талдықорғанда 35 жыл түрмеде отырған баукеспе ұры ұсталды

0
(Жаңартылды 19:06 22.09.2020)
Бірнеше рет ұрлық жасады деген күдікке ілінген Талдықорған қаласының 54 жастағы тұрғыны бұрын он рет сотталған болып шықты

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Талдықорғанда аса қауіпті рецидивист ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Осы жылдың сәуір айынан бастап жеке үйлерде бірнеше рет ұрлық жасалған. Оңай олжаға дәніккен азамат үй иелері кеткен сәтті күтіп, түрлі жолдармен үйге кірген. Ұрланған мүліктің ішінде әртүрлі тұрмыстық техника, азық-түлік және велосипед сияқты түрлі заттар бар.

"Криминалдық полиция қызметкерлері көптеген күдіктіні тексерді, ақырында Талдықорған қаласының 54 жастағы тұрғыны болып табылатын аса қауіпті рецидивист анықталды. Ол он рет сотталған", – дейді Талдықорған қаласы ПБ Батыс ҚПБ бастығы Айдын Аденбаев.

Күдікті алғаш рет заңға қайшы әрекетін 15 жасында жасаған, содан бері ол темір тордың арғы жағында 35 жыл өмірін өткізген. Ол негізінен ұрлық жасағаны үшін, бір рет ауыр дене жарақаты үшін сотталған. 2020 жылдың ақпан айында түрмеден босап шыққан.

Оқи отырыңыз: Талдықорғанда ұры жүргізушілерге үндеу жасады – видео 

"Бүгінгі күні күдіктінің 12 эпизодқа қатысы бар екенін дәлелдей алдық. Ұрланған заттардың бір бөлігін тауып, заңды иелеріне қайтардық, ал қалған бөлігін күдікті сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған ", – деп толықтырды полицей Айдын Аденбаев.  

0
Кілт сөздер:
ұры, Талдықорған
Тақырып бойынша
Нұр-Сұлтанда қарақшылық шабуыл жасаған ағалы-інілі ұсталды
Талдықорғанда ер адам төлем терминалын ұрлап кетті – видео
Ақтөбе тұрғыны қонаққа келіп, Kaspi қосымшасы арқылы үй иесін тонап кеткен
Талдықорғанда екі жігіт аса қауіпті қылмыскерді ұстады
Қарағанды облысында ұрланған көлік өртеніп кетті