Экономика

Президент қандай мақсатқа қосымша 200 млрд теңге бөлінетінін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневМонеты, архивное фото
Монеты, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президент шағын және орта бизнесті барлық қолданыстағы кредит бойынша 6%-ке дейінгі пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Пандемияға байланысты қиын жағдайға тап болған шағын және орта бизнеске мемлекеттен қосымша көмек көрсетіледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Шағын және орта бизнес қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Теріс экономикалық салдарды еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдік берілді. Алайда жағдай әлі де күрделі. Қосымша көмек ретінде шағын және орта бизнесті барлық қолданыстағы кредит бойынша 6%-ке дейінгі пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік субсидиялаумен қамтамасыз етуді тапсырамын", - деді Тоқаев жыл сайынғы Жолдауын жария етіп. 

Президент субсидиялау 12 ай мерзімді қамтитынын және төтенше жағдай режимі жарияланған күннен, яғни осы жылдың 16 наурызынан басталатынын атап өтті.  

"Ұлттық банк шағын және орта бизнеске арналған айналым қаражатты толтырудың арнайы бағдарламасын жүзеге асырады. Бұған дейін оның қызметі осы жылы аяқталады деп жоспарланған еді. Қазіргі дағдарыстық жағдайды ескеріп, осы бағдарламаның күшін 2021 жылдың соңына дейін созуды және кеңейтуді тапсырамын", - деді ол.

Бұл мақсатқа қосымша 200 миллиард теңге бөліп, бағдарламаның жалпы көлемін 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. 

Сонымен қатар, президент жыл соңына дейін шағын және орта бизнес үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік бойынша аренда төлемін есептеуді тоқтатуды тапсырды.

Жаңалықтар
0