Процент белгісі

Мемлекет бизнесті арзан несие беріп бүлдірмеуі тиіс Ұлттық банк басшысының орынбасары

57
Ұлттық банк басшысының орынбасары кәсіпкерлікті қолдаудың тиімсіз бағдарламаларын тоқтату керек деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов ставканы субсидиялау құралының ақша-несие саясатына әсері туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мемлекеттік бағдарламалар арқылы экономикалық өсімді ынталандырудың қолданыстағы тетіктері, олардың мақсаты мен міндеттерін бағамдай отырып қайта қарастыруды талап етеді. Тиімділігі дәлелденбеген бағдарламалар тоқтатылуы тиіс", – дейді ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Баймағамбетов жаңа кәсіпорындардың құрылу кезеңінде мемлекеттік қолдау көрсетілуі мүмкін, бірақ арзан несиелерге қол жеткізудің тұрақты терезесі болмауы керек деп санайды. Оның пікірінше, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар негізінен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бағытталған.

Ал ұлттық банк 2015-2019 жылдар аралығында субсидиялар арқылы экономиканы дамыту мен қолдаудың түрлі бағдарламалары аясында 4,3 триллион теңгенің келісімшартты кредиттелгенін жария етті.

"Мұндай механизм несиелік нарықтағы ресурстардың әділ құнын анықтауды бұрмалайды. Сондай-ақ, пайыздық мөлшерлеме мен несиелік арналардың тиімділігін төмендетіп, банк жүйесінде өтімділіктің профициті түрінде есеп айырысады", – деді Баймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Ұлттық банк 8%-пен кредит беретін бағдарлама туралы айтты

Ақша нарығындағы өтімділіктің профициті де циклдік бюджет саясаты мен долларсыздандыру процесіне байланысты. Бұл жағдайда ұлттық банк базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізі шегінде ақша нарығының мөлшерлемелерін қамтамасыз ете отырып, оларды өзінің құралдары арқылы сіңіреді.

57
Кілт сөздер:
қаржыландыру, Ұлттық банк, кредит
Тақырып бойынша
"Сіздің атыңыздан кредит алады": алаяқтардан қалай қорғану керек
Өңдеуші кәсіпорындарға 3%-тік кредит беріледі
Қазақстандық кәсіпкерлерге 6%-тік кредит беріледі
Кредит төлемі кейінге шегеріледі: Мамин тапсырма берді
Президент қазақстандықтарға кредит беруді шектеуді тапсырды
Ақша, теңге, доллар

Қазақстанның айырбастау пунктерінде доллар қымбаттады

359
Шымкенттің валюта айырбастау пунктерінде долларды 432 теңгеге сатып жатыр. Ал Ұлттық банктің 29 қыркүйектегі ресми бағамы 428,35 теңгені құрады

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның валюта айырбастау пунктерінде доллар қымбаттады – қазір ол 430-431 теңгеге сатылып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ал Ұлттық банктің 29 қыркүйектегі ресми бағамы 428,35 теңгені құрады. Демалыс және дүйсенбі күндері ұлттық валютаның долларға шаққандағы ресми бағамы 426,32 теңге болған еді.

Нұр-Сұлтан

Kurs.kz мәліметінше, Нұр-Сұлтанның айырбастау пунктерінде доллар орташа есеппен 429,5 теңгеге сатып алынуда, ал 431 теңгеге сатылып жатыр.

Еуроны 500 теңгеге сатып алуға болады, сату бағамы – 505-506 теңге.

Рубль 5,45 теңгеге сатып алынуда, ал 5,70 теңгеге сатылып жатыр.

Алматы

Алматының валюта айырбастау пунктерінде долларды сатып алудың орташа бағамы - 429 теңге, 431 теңгеге сатылып жатыр.

Еуроны 502 теңгеге сатып алуға болады, 505 теңгеге сатылуда.

Рубль 5,45 теңге тұрады, ал 5,55 теңгеге сатылуда.

Шымкент

Шымкентте бір доллар орта есеппен 429,5 теңгеге сатып алынуда, 432 теңгеге сатылып жатыр.

Еуроны 501 теңгеге сатса, 505 теңгеге сатып алады.

Рубльді 5,4 теңгеге сатып алуға болады, сату бағасы – 5,55 теңге.

Мұнай нарығы

Brent маркалы мұнай бүгінгі таңда барреліне 42,71 доллар тұрады, барреліне 0,4%-ке төмендегені байқалып отыр.

WTI маркалы мұнай бағасы  – барреліне 40,41 доллар. "Қара алтын" 0,47%-ке арзандады.

359
Кілт сөздер:
айырбастау, доллар
Архивтегі фото

Зейнетақы жинағын қалай көбейтуге болады?

1910
Мамандар коронавирус пандемиясы салдарынан экономикалық жағдай қиындап, соның салдарынан инфляция 10-12 процентке дейін барып қалғанын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Келесі жылдан бастап мыңдаған қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана мен ем-домға жұмсай алады. Одан бөлек сенімгерлік басқаруға беруге құқылы болмақ. Бұл дегеніміз, адам өз бетімен ақшасын құнды қағаздарға салып, инвестициялық табыс табады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген қаржыгерлер сенімгерлік басқару арқылы зейнетақы жинағын қалай көбейтуге болатынын айтып берді.

Қазіргі сенімгерлік басқару тиімсіз

Бүгінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын ұлттық банк басқарады. Былайша айтқанда, халық өз ақшасын мемлекетке сенімгерлік басқаруға беріп отыр. Ал мемлекеттің негізгі міндеті – зейнетақы салымдарын инфляциядан қорғау. Ол үшін менеджерлер халықтың ақшасын сан алуан құнды қағаздарға салып, инвестициялық табыстың есебінен инфляциядан келетін шығындарды жауып отырады. Соның арқасында зейнетақы жинағы құнсызданбайды. Дегенмен, кейбір қаржыгерлер қазіргі басқару жүйесі тиімсіз деп санайды. Себебі инфляция халықтың зейнетақы жинағын "жеп жатыр".

"Бүгінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаның көлемі 12 триллион теңгеден асып отыр. Басым бөлігі облигацияларға, яғни, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. Соның ішінде ұлттық банктің облигациялары, қаржы министрлігінің құнды қағаздары бар. Сосын ақшаның 12-14 проценті екінші деңгейлі банктерге де құйылды. Негізгі мақсат – қордағы ақшаны көбейту. Алайда қазіргі кезде табыстың көлемі инфляциядан аспай отыр", - дейді қаржыгер Жалғасбек Ақболат.

Маманның айтуынша, бұған дейін еліміздегі инфляцияның деңгейі 6-7 процент болған. Алайда коронавирус пандемиясы экономикалық жағдайды қиындатып жіберді. Соның салдарынан инфляцияның көрсеткіші 10-12 процентке дейін барып қалған. Ондай жағдайда бағалы қағаздарға ақша салу тиімсіз.  

"Қазірге кезде зейнетақы қорындағы ақшаны табысы өте төмен бағалы қағаздарға салып жатыр. Ұлттық банктің облигациялары болсын, мемлекеттік бағалы қағаздар болсын, барлығы дерлік қаржыны өте төмен ставкамен қайтарып отырады", - деп атап өтті Ақболат. 

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры таратқан мәліметке сәйкес, биыл қаңтар-тамыз айларында зейнетақы активтерінің табысы 7,88 процентті құрады.

"Осы уақыт аралығында инфляцияның деңгейі 4,6 процент болды. Ал бір жыдың ішінде, яғни 2019 жылдың тамызы мен 2020 жылдың тамызы аралығында 7 проценттік инфляциямен зейнетақы жинағының табысы 10,1 процентті құрады. Осылайша, нақты кіріс жағынан оң динамика бар", - дейді қор мамандары.

IPO-ға брокерлердің өздері қатысады

Әзірге зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға берудің нақты механизмі жоқ. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың ойынша, келесі жылдан бастап салымдардың бір бөлігін сенімгерлік басқаруға берсе, ол ақшаны бірден тиісті компанияларға аударып отырады.

"Қазір мақұлданған немесе алдағы уақытта мақұлданатын брокерлер болады. Оларға зейнетақы қорынан аударылатын ақшаны басқаруға рұқсат береді. Салымшы БЗЖҚ-ға барады да, ақшамды осындай брокерге аударып беріңіз деп, бірден аудара салады. Әрине, қор мамандары алдымен брокердің кім екенін тексереді. Бірақ бір нәрсе анық, ақшаны қолма-қол бермейді", - дейді Рысмамбетов.

Оқи отырыңыз: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар туралы мәліметті жариялады 

Оның айтуынша, бүгінде отандық брокерлерде қаржыны шетелдік нарықтарға шығару жағынан бірқатар шектеу бар. Сондықтан бағалы қағаздардың таңдауы көп болмайтын тәрізді.  

"Брокерге барғаннан кейін адамға бірнеше бағалы қағазды ұсынатын болса керек. Меніңше, тәуекелі жоғары, орташа және консервативті қағаздар ұсынылады. Адам бір портфельді таңдайды да, ары қарай кәсіби мамандар өздері басқарады. Бәлкім, брокерлердің өздері IPO-ға да қатысады. Негізі жылдың соңына дейін аз уақыт қалды. Сондықтан тездетіп нақты бір жоспарды әзірлеу керек", - дейді Рысмамбетов.

Ақшаны қандай компанияларға салу қажет?

Ulagat Consulting Group компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленовтың айтуынша, сенімгерлік басқаруды қолданатын адамдардың басым бөлігі сыртқы нарықтарды таңдайды. Себебі ол жақта табыс көп.

"Иә, адамдардың басым бөлігі шетелдегі қор нарықтарын таңдайды деп ойлаймн. Сол жақтың құнды қағаздарын алады. Себебі шетелдік нарықтар жақсы дамыған, табысы да көп", - дейді Қайырленов.

Осы орайда зейнетақы жинағын сыртқа шығармау үшін бірқатар шектеу енгізілуі мүмкін деген болжам бар. Қаржыгерлер болса, табыс табу үшін бағалы қағаздарды әртараптандыруға кеңес беріп отыр. Сосын адам өзі таңдаған компанияның жұмысын жақсы білуі керек. Ал, ең бастысы, сол салаға деген қызығушылық танытқан жөн. 

"Мен нақты осы бір бағалы қағаздарға ақша салыңыз деуден аулақпын. Инвестицияның басты заңдылығына сәйкес, бағалы қағаздарды әртараптандыру қажет. Сосын өзіңізді қызықтыратын бағалы қағаздарға ақша салғаныңыз жөн. Мәселен, аграрлық салаға қызығатын болсаңыз, осы саланы зерттеп, тиісті компанияларға қаржы құюға болады", - дейді Жалғасбек Ақболат.

Қаржыгердің айтуынша, пандемия кезінде ақпараттық технологиялар мен фармацевтика саласындағы компаниялардың бағалы қағаздары жақсы өсіп келеді.

1910
Кілт сөздер:
зейнетақы жинағы
Тақырып бойынша
Перуашев зейнетақы мен жәрдемақыны басқаша есептеуді талап етті
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды
"Қол жетпейтін дүние": қазақстандықтардың зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты пікірі
Зейнетақы жинағын беру халыққа шынайы көмек пе?
Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Мәжіліс депутаты жұмыссыздарға бір триллион теңгені таратып беруді ұсынды
Бала

Нұр-Сұлтанда бұрынғы әйелінен қашып жүрген ер адамға іздеу жарияланды

0
Психолог кәмелетке толмаған балалардың әкесінен қысым көріп жүргенін және оларға ананың қамқорлығы қажет екенін анықтады

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Астаналық әйел туған балаларын бір жылдан астам уақыт көре алмай жүр. Прокуратура органдары балаларды анасынан жасырған әкеге іздеу жариялады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтанның жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының баспасөз қызметі.

"Ж.есімді азамат бұрынғы күйеуінен 10 және 11 жастағы балаларын ала алмай жүр. Әйел балаларын өзі тәрбиелегісі келеді, бірақ ер адам бұған көнбей, қарсылық көрсетуде", - деп мәлімдеді сот орындаушылар.

Әйел шарасыздықтан сотқа жүгінеді, бірақ алғашқыда қамқорлық ер адамға берілгендіктен, еш нәтиже шықпайды. Кейін апелляциялық инстанция сот-психологиялық сараптама негізінде шешімді өзгерткен.

Психолог кәмелетке толмаған екі бала әкесінен қысым көріп жүргенін және оларға ананың қамқорлығы қажет екенін анықтады.

"Соңғы үш жыл бойы балалар әкесімен тұрады. Бірақ соттың соңғы шешімімен бүлдіршіндердің тұратын жері өзгерді, енді олар анасымен тұруы керек. Прокуратура органдары ер адамға іздеу жариялады", - деді Нұр-Сұлтанның жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары.

Балалардың әкесі сот шешімімен келіспейді. Бір пәтерден екінші пәтерге көшіп, бұрынғы әйелі мен сот орындаушылардан жасырынып жүр.

Ер адам іздестірілуде.

0
Кілт сөздер:
балалар, Нұр-Сұлтан