Банкомат

Қазақстанда скимминг үшін сотталған молдовандар отанына жіберлді

14
Қазақстанда банкоматтарға қатысты алаяқтық жасағаны үшін сотталған Молдавия азаматтары өз елдеріне жіберілді.

АСТАНА, 12 қаз — Sputnik.  Қазақстанда банкоматтарға қатысты алаяқтық жасағаны үшін сотталған Молдавия азаматтары өз елдеріне жіберілді деп хабарлады Астана қаласы сотының баспасөз қызметі.

Ақпаратты технологиялардың қыр-сырын меңгерген Кишиневтің екі тұрғыны өз білімін елінен жырақта, Қазақстанда іске асырмақ болыпты. 2015 жылы 2 маусымда Кишиневтен Астанаға скиммингтік құрылғы бөлшектерін "Sony Playstation"  қорабына тығып ұшып келген олар кедендік тексеруден оп-оңай өтіп кеткен. Скимминг – жоғары технологиялық, төлем карточкаларымен жасалатын қауіпті алаяқтық, көбінесе банкоматтарда кең тараған. Алаяқтар электронды құрылғыны пайдаланып, төлем карточкаларынан ақпарат және ПИН-кодтар ұрлайды.

Молдовандар скиммингті "Керуен" СОО орналасқан "Халық банк" АҚ банкоматына орнатып, пайдаланушылар карточкаларындағы ақпаратты иемденген. Қылмыскерлердің іс-әрекетінен 800 адам зардап шекті.

2015 жылы 26 қарашада Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты құқық бұзушыларды айыпты деп тауып, мүліктерін тәркілеумен қоса, үш жылға бас бостандығынан айырған болатын.

2016 жылы 25 тамызда өтелмеген жаза мерзімі айыппұл ретінде төлеуге өзгертілген еді.

"Сарыарқа аудандық сотының шешімімен Молдова азаматтары Қазақстан Республикасы территориясынан шығарылды. Шешім заңды күшіне енді", — деді сот баспасөз қызметі сәрсенбі күні. 


14