Ұялы телефон

Қарағандыда мас қыз мектепті "миналады"

27
Жиырма төрт жасар "миналаушы" алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

АСТАНА, 14 жел – Sputnik. Ішімдік ішіп алған әйел қаланың жедел қызметтер нөміріне хабарласып, мектепке қойылған бомба туралы мәлімдеген деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

13 желтоқсан күні сағат 16:30-да 102 нөміріне қоңырау келіп түсті. Қаланың бір тұрғыны Қарағанды мектептерінің бірінде жарылғыш құрылғы қойылғандығын мәлімдеді. 

"Миналанған" жерге қаланың бүкіл жедел қызметтері аттанды. Білім беру мекемесі ғимаратынан мұғалімдер мен оқушылар қауіпсіз жерге шығарылды. 

Қарағанды облысы ІІМ оқу-жаттығу взводының қызметкерлері мектеп ғимаратын мұқият қарап шығып, жарылғыш затты таппады.

Жедел іздеу шаралары барысында экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен  Октябрь ауданының қылмыстық полициясы телефон террористін ұстады.

"1992 жылы туылған қала тұрғыны мас күйінде ұсталды, жасаған ісін мойындады", — деп түсініктеме берді Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров Sputnik Қазақстан агенттігіне.

Қазіргі уақытта әйел адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ісі жүргізілуде. 

27