Көкпар

Көкпар ойнап жүрген жігіттер көлікке зақым келтірді

33
Жолда өткізілген көкпар ойыны кезінде жылқы автокөлікке шығып кеткен

АСТАНА, 31 шілде — Sputnik. Алматы облысы Қарғалы ауылында көкпар ойыны кезінде аттардың бірі алматылық қыздың көлігіне бір-ақ шығып кетіп, капотын майыстырып, бампері мен алдыңғы әйнегіне зақым келтірген, деп хабарлайды Motor.kz.

Оқиға көліктің видеорегистраторына түсіп қалған. 

"29 шілде күні сағат 19.45  кезінде Бірлік көшесімен қалаға қарай кетіп бара жатқанмын. Жолда қарама-қарсы он бес-жиырма жігіт салт атты келе жатты. Көлікті тоқтатуыма тура келді. Олар көкпар ойнап, қошқар тартысып келе жатқандықтан, аттар бір-бірін итере бастады. Ақыры соңында біреуі менің көлігіме шығып кетті. Капот, бампер және алдыңғы әйнегіне зақым келтірді", — дейді жәбірленуші. 

Видео айғақтың болғанына қарамастан, қыздың айтуынша, кінәлілер жауапқа тартылмай кетуі де мүмкін. Жігіттер шапқылап кетіп қалған. 

Қыз жол полициясын шақырады, алайда олар учаскелік инспекторға жібереді. Бірнеше сағат өткенде, әрең дегенде қыздың арызын қабылдаған.

"Полицейлердің түсіндіруінше, әр ауылда мұндай жарыстар өтіп жатады. Егер "қарапайым халық" ұйымдастырса, кінәліні іздеу еш нәтиже бермес. Ал "беделі күшті аға" ұйымдастырса, құлағына сынған көлігім жайында сыбыс қана жетер", — дейді жүргізуші.

33