Сәби

Алматыда жекеменшік емханадағы операциядан кейін сәби шетінеп кетті

33
(Жаңартылды 16:13 27.04.2018)
Екі жасқа толмаған кішкентай Мирон операциядан кейін комаға түскен

АСТАНА, 25 сәуір — Sputnik. Алматының жекеменшік емханаларының бірінде шап жарығын алдыртқан соң, сәби шетінеп кетті. 24 сәуірде болған қайғылы оқиға туралы Sputnik Қазақстанға сәбидің анасы Росина Павлова айтып берген.

"27 наурызда екі жақты шап жарығы деген диагнозбен ауруханаға түстік. Диагнозды бір ай бұрын 1 жас 9 айлық кезінде қойған болатын. Жоспарлы түрде операция жасауға шешім қабылданды. Сараптама тағайындады. 26 наурызда барлық сараптамадан өткізіп, тиісті мамандарға баламды қаратқанмын", — дейді ол.

Павлованың сөзіне сүйенсек, операция тез жасалыпты, баланың денсаулығына еш қауіп төніп тұрмаған.

"27 наурыз күні таңғы 8-де емханаға келдік. 9.30-да оған екпе салды. Құшағымда отырып, ұйықтап кеткен соң, дәрігерлер алып кетті. 10.40-та ма, әлде 11.00 кезінде ме хирург жоспарлы операция жақсы өткенін айтты. Кейін сәбиді анестезиолог алып келді. Кереуетке жатқызып, екеуіміз біраз әңгімелесіп отырдық. Сол сәтте баланың бозарып бара жатқанын байқадым, мұрнынан көбік аға бастады… Ол баланы алып шығып кетті. Екі күн бойы нақты себебін айта алмады – бұл наркоздың салдарынан ба, әлде сұйықтықтың ағзада тұрып қалуынан ба, әлде миында бір жарақат бар ма, тексеріп жатты. Әлде шала туғандығы әсер етті ме деген болжам айтылды…" — дейді Росина Павлова.

Бала операциядан кейін төрт апта ауруханада жатқан.

"Маған хабарлап айтқан да жоқ. Мен жоқ кезде, анам емханада болған еді. Хабарласып, "жүрегі тоқтап қалды, олар алып кетті" деді. Келсем, балам жоқ, маған көрсетпейді, полиция шақырмаған. Бірден мәйітханаға жөнелтіпті. Дәрігерлер анама ештеңе айтпаған, сағат бес кезінде өзі барып сұраса, "аппаратқа қостық" дегеннен басқа ештеңе демепті. Кейін тағы барып сұрағанда: "Түсінесіз бе, баланың жүрегі төрт сағат бұрын тоқтап қалды, балалар мәйітханасына жіберуге дайындап жатырмыз" депті. Ал мен ол кезде жетіп үлгермеген едім…", — дейді Миронның анасы.

Қайғыдан қан жұтып отырған ананың айтуынша, сәби комада жатқанда, денсаулық сақтау министрлігіне, Алматының денсаулық сақтау басқармасына хат жазған екен.

Енді Миронның ата-анасы тәуелсіз сот-медициналық сараптамасын жүргізбекші – баланың жағдайы неге күрт нашарлап, шетінеп кеткенін анықтау үшін, мәйітін сойғызуға да келісім беріп отыр. 

24 мамырда Мирон екі жасқа толар еді.

33
Кілт сөздер:
шетінеп кетті, операция, жекеменшік емхана, сәби, Алматы
Загрузка...