АЛМАТЫ, 19 сәуір – Sputnik. Атырауда көшенің қақ ортасында адам өлтіріп кеткен екі күдікті іздестіріліп жатыр.
Әлеуметтік желіде көшенің қақ ортасында көлік жанында тұрған ер адамға екіншісі бетпе-бет келіп, оқ атып, қашып кеткен жантүршігерлік видео таралуда.
Бұл оқиға Атырау қаласындағы вокзал маңы ықшамауданында 16 сәуірде сағат 19.05-те болды, деп хабарлайды "Ақ Жайық" жергілікті басылымы.
Оқ тиген 32 жастағы адам Атырау облысы Мақат ауылының тумасы екен. Ол облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Тағы оқыңыз: Бөлшектеп, үстіне бетон құйған: Атыраудағы сұмдыққа қатысты тың дерек шықты
Осы қанды оқиғаға байланысты қазір екі күдікті іздестіріліп жатыр. Басылымның хабарлауынша, марқұмды атқандар жерлестері, яғни мақаттықтар. Оқ атқан 39 жастағы қаскөйдің қасындағы сыбайласы - 17 жаста.
Қазір полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-тармағы "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктерлерге іздеу жариялаған.