Оқиға

Арыс қаласында жарылмаған снарядтар үйлерден табылып жатыр

Жазылу
Саперлер көшелер мен ғимараттарды минадан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғындарға қалаға оралу қауіпті екені ескертіледі

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым — Sputnik. Жарылмаған бірнеше оқ-дәрі Арыстағы тұрғын үйлерден табылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов хабарлады.  

"Әскерилер Арыстағы 16 көшеден жарылмаған 70 снаряд жинады. Олардың біразы үйлерден табылған. Қазір қалаға келуге болмайды. Құжаттар үшін де оралудың қажеті жоқ", - деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Бұған дейін саперлердің қала аумағын жарылмаған оқ-дәріден тазартып жатқаны хабарланған болатын. Оқиға орнында тоғыз топ жұмыс істеуде.

Ең алдымен, Арыстағы теміржол мен  әскери бөлім маңындағы үйлер тазартылады. Дрондардың көмегімен жарылу қаупі бар заттардың орны анықталады. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметіне сәйкес, жарылыс салдарынан Арыстағы ғимараттардың 80-90%-і зақымданған.

Тұрғындарға әлі қалаға оралуға болмайды. Полицейлер мен Ұлттық ұлан сарбаздары көшедегі тәртіпті қадағалауда. Арыстан шығатын жолда бекеттер қойылған.

Арыстағы төтенше жағдай

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан екі адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Аталған оқиғаға қатысты "Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кешке таман Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып кетті. Мемлекет басшысы жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.

25 маусым күні ішкі істер министрінің орынбасары жарылыс тіркелмегенін, бірақ жарылыс қаупі әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен саперлер қала аумағындағы теміржол жолдар мен стансаларды тексеріп жатыр.

Сондай-ақ, жарылыс кезінде жоғалып кеткен балалардың ата-аналарымен қауышқаны хабарланды.

Жаңалықтар
0