Сотталушы, архивтегі сурет

"Басқа әлемде жүргендей еді": боксшының анасы ұлының ауыр қылмысқа қалай барғанын айтты

4763
(Жаңартылды 16:13 18.07.2019)
Аслан Мұқановтың отбасы боксшы теріс діни ағымның ықпалына түсті деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде — Sputnik. Қазақстанның былғары қолғап шебері, бокстан әлем чемпионы Аслан Мұқанов туған жездесін өлтірді деп айыпталды.

"Костанайские новости" басылымының жазуынша, 11 шілдеде күдікке ілінген боксшы қылмыс орнынан сегіз шақырым қашықтықта ұсталды.

Аслан кішкентайынан спортпен шұғылданған. Әуесқой бокста тасы өрге домалап, жоғары жетістіктерге жетті, спорт шебері атағын алды. Әрі қарай кәсіпқой боксқа ауысқан. Қостанай командасының көмегімен Мұқанов Майамиге кетіп, кәсіби рингте алты жеңіске жетті. Содан соң белгілі промоутер Нельсон Лопеспен бірге жұмыс істей бастады.

Мұқановтың ісі

13 шілдеде Қостанай аудандық сотында тергеу тобы Мұқановты қамауға алуды сұрады. Жантүршігерлік қылмыс жасады деп айыпталған боксшы міз бақпай, жекпе-жек алдында өз-өзін іштей қайрап отырған адамдай көрінген.

Тағы оқыңыз: Алматы облысында аса ауыр қылмыс ашылды

"Мұқанов Пішенбаевты теріс өмір салты мен әпкесіне күн көрсетпегені үшін өлтіруді жоспарлаған. Ол алдын ала дайындап қойған пышақты алып, Алтын Дала ауылына жаяу барып, таңғы сағат алтыда әпкесінің есігін қағады. Есікті Пішенбаев ашады да, жатын бөлмеге қайта кіріп, жатып қалыпты. Мұқанов жуынып, үстіне ұзын қоңыр жейдесін киген", - деп тергеуші болған оқиғаны баяндады.

Сағат 6:40-та Аслан күйеу баласы ұйықтап жатқан бөлмеге кіріп, Пішенбаевтың мойнына пышақ салады. Ер адам оянып, қарсылық көрсетуге тырысқан. Сол кезде Мұқанов Пішенбаевтың кеудесі мен қолына тағы бірнеше рет пышақ сұғыпты. Пішенбаев шалқасынан жатып, көз жұмған.

Экс-боксшыға ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі 3-тармағы бойынша (Қарсылық көрсетуге дәрменсiз адамды қасақана өлтіру) айып тағылған. Бұл бап бойынша сотталушы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сотта Мұқанов кінәсін мойындап, тергеушімен толық келісті. "Қайда бара жаттыңыз? Неге сізді Заречный маңында ұстады?" деген сұраққа ол:

"Өзеннен жүзіп өттім. Тауға шыққым келген еді, ауа райы жақсы болды... Содан соң ата-анам қоңырау шалды... Соңымнан келе жатқанын сезіп, полицияны күттім", - деп жауап берді.

Сот Асланды екі айға қамауға алуға шешім қабылдады.

Аслан Мұқановқа не болды?

Анасы Зәуре Төлебайқызы әлеуметтік желілердегі түрлі қауесеттерден шаршап, болған оқиғаның анық-қанығын айтып беруге келісіпті.

"Сека (Серік Пішенбаев – Sputnik) қызымды алақанына салып, аялап ұстады, отбасымызға деген көңілі де ерекше еді. Күн көрсетпеді деген не сөз? Жақсы көретін, қонаққа барғанымызда бәрімізге жақсылық тіледі. Аслан екеуі ағайынды сияқты еді... Аслан Колумбияда жүргенде, ақша жіберіп көмектесті, бұл жайлы ешкімге тіс жарып айтпаған болатын", - дейді әйел көзіне жас алып.

Тағы оқыңыз: Үйлену тойына ақша жетпеген: Шымкентте бай ерлі-зайыптыны өлтірген жігіт сотталды

Қайғыдан қан жұтып отырған ананың айтуынша, Асланға біреулер ықпал еткен.

"Соңғы кездері басқа әлемде жүргендей еді. Не ойлағанын білсем, үйге байлап қояр едім", - дейді ол зар еңіреп.

Әйел адамның сөзіне сүйенсек, шетелде Асланға деструктивті діни ағым өкілдері ықпал етіпті. Колумбияда тұрмысы төмендеп, әбден қиналған ол Қазақстанға оралғысы келеді.

Сөйтіп, биыл 26 маусымда Аслан үйіне оралады. Ата-анасына өз ісін бастағысы келетінін айтып, достарымен сөйлесіп жүріпті. Алайда анасы ұлының өзгергенін сол кезде сезген екен.

"Күлмейтінін бірден байқадым. Сөйлесуге телефон алып бергенбіз. Күні бойы шұқылап, өзімен-өзі, бөлек әлемде отыратын, - дейді Зәуре Төлебайқызы. – Бір жолы маған: "Мама, білесің бе, адам өмірі осындай қысқа" – деп мойнын саусағымен кескендей етіп көрсетті. Ол кезде нені меңзегенін ешқайсымыз түсінбеппіз".

Тағы оқыңыз: Шымкент тұрғыны әкесін өлтірген адамды өз қолымен жазалады

Туған-туыстары жігіттің бұл күйіне қарап, басына түскен ауыртпалықтан күйзеліске ұшыраған ғой деп ойлаған.

Естеріңізге сала кетсек, 12 шілдеде Қостанай облысында бокстан Қазақстан чемпионы Аслан Мұқанов адам өлтірді деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Облыстағы полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, 11 шілде күні 32 жастағы тұрғынның денесі табылған. Бұл туралы полицияға қайтыс болған адамның әйелі хабарлапты.

4763
Кілт сөздер:
қылмыстық іс, сот, боксшы
Тақырып бойынша
Түркістан облысында әріптестерін өлтірген инкасатор кредиттерін жаппақ болған   
Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан жетісайлық келіншек сотталды
Ер адам әйелінің хатын оқып қойғаннан кейін өмір бойына сотталып кетті
Талдықорғанда жантүршігерлік қылмыстың беті ашылды – видео
Жоғалып кеткен Алматы тұрғыны қаладан 100 км жерден өлі табылды
Загрузка...