Ұсталған әйел, архивтегі сурет

Күйеуін өлтіріп, анасының қабіріне көмген: елордалық әйелдің адам шошырлық қылмысы

14847
(Жаңартылды 20:08 03.09.2019)
Бұл оқиға сонау 90-шы жылдары болған кездесуден басталады. Сол кезде екі баланың әкесі әрі табысты бизнесмен жас қызды кездестіріп, өлердей ғашық болып қалған. Алайда отбасын тастап, жас қызға қосылған ол тоқалының қолынан ажал құшарын білмеген еді...

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. 2015 жылы наурыздың басында Астанадағы аудандық полиция бөлімшелерінің біріне 48 жастағы келіншек арызданып, күйеуінің із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады. Sputnik Қазақстан қылмыстық материалдарға сүйеніп, беделді бизнесменнің тағдырын баяндайды.

Іс сапарға кеттім деп жоғалды

Полицияға келген әйел өз күйеуін екі күннен бері таба алмай жүргенін жеткізді. Отағасы Алматыға іс сапармен барамын деген. Сол кеткеннен хабарсыз кетіпті. "Оған бірдеңе болды. Ішім сезеді. Қатты алаңдап жүрмін", - деді Светлана.

Құқыққорғаушылар алдымен жоғалып кеткен кәсіпкердің кім екенін зерделей бастады. Сөйтсе, 67 жастағы Анатолий ұзақ жылдар бойы елордада құрылыс бизнесімен айналысқан. Сақшылар бір нәрсеге таңғалды. Осы уақытқа дейін кәсіпкер бірде-бір кикілжіңге араласпаған, ешкіммен жанжалдаспай, өз кәсібін дөңгелете берген. Барлық әріптесі, тіпті бәсекелестері оның жақсы мінезі жайында жарыса айтты.

Тағы оқыңыз: Ер адам әйелі дүкенге кеткенде жантүршігерлік қылмыс жасады

Полицейлер астаналық бизнесменді қылмыскерлердің құрбаны болды деген шешімге келді. Оған екі себеп бар. Анатолий іс сапарға шыққанда өзімен бірге қомақты сома қаражат алып шыққан. Қылмыскерлер сол ақшаны алып, кәсіпкерді өлтіріп кетуі мүмкін. Қылмыстың тағы бір жолы – туыстарынан тұтқынның құнын талап ету. Оны ұрлап әкетіп, артынан ақша бопсалауы ықтимал.

Светлана терезелерді неге ашып тастады?

Күндер зымырап өтіп жатты. Алайда Анатолийдің туыстарына ешкім хабарласқан жоқ. Кәсіпкердің өзі де байланысқа шықпады. Тергеушілер фирманың кеңсесін айналып жүре берді. Ол жерде жоғалған кәсіпкердің автокөлігі тұрды. Басқа айғақ жоқ еді. Дегенмен, екі аптадан кейін осы қылмыстың назар аударарлық тағы бір нұсқасы шыға келді.

Анатолийдің бірінші некесінен туған қызы полицияға келіп, бірнәрсеге қатты күдіктеніп жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, 3 наурызда әкесін іздеп барғанда Светлана үйдің барлық терезесін ашып қойған. Өзі қалың киініп алып, аяқ киімін де шешпей жүрді. Үй қатты суып кетіпті. Полицейлер бұл дәйектердің қылмысқа қандай қатысы бар екенін білмеді. Бірақ Светланадан қайтадан жауап алуға шешім қабылдады.
Жауап алу кезінде бұрынғы сұрақтар қойылды. Ал "3 наурызда өз үйіңізде терезенің бәрін ашып тастап, неге қалың киініп жүрдіңіз?" деген сауалды естігенде Светлана жылап жіберді.

"Күйеуімді іс сапарға жібермеуім керек еді. Әлі күнге дейін өзімді кінәлі сезініп жүрмін. Сол күні мазам кетті, қатты алаңдадым. Өзімді нашар сезінгеннен кейін терезелерді ашып тастадым. Сөйтіп, кішкене басыламын ба деп ойладым", - деді ол.

Светлананың сөзі сенімді шықты. Оның өтірік айтып тұрғаны білінбеді. Алайда тергеушілер ерлі-зайыптының қарым-қатынасы туралы толығырақ білгенді жөн көрді.

Анатолий жас қыздың құрығына қалай түсті?

Полицейлер алдымен туған-туыстарынан жауап алды. Одан кейін достарының ойын тыңдады. Сөйтсе, Анатолий мен Светлана сонау 90-шы жылдардың ортасында кездескен. Ол кезде бизнесменнің кәсібі дөңгеленіп тұрған болатын. Тапсырыс көп, ақша да аз емес. Бір баласы бар 18 жастағы қыз 37-ден асқан кәсіпкерді оп-оңай айналдырып алды. Анатолийдің екі баласы бар еді. Соған қарамастан, жас қызбен кездесіп жүрді.

Бас кезінде табысты кәсіпкер Светланаға жеңіл-желпі қарады. Алайда уақыт өте келе, оның құрығына қалай түскенін өзі де байқамай қалды. Ер адам көп ұзамай бірінші отбасын тастап, жас қызбен қосылған. Ол кезде Светлананың аяғы ауыр еді, артынан қыз бала дүниеге келді.

Тағы оқыңыз: "Тірідей көміп тастады": Алматыда екі таксисті не үшін қинап өлтірді?

Бала туса да, жанжал азайған жоқ. Анатолий бизнестің қамымен үнемі жұмыста жүрді. Ал жас келіншек клуб пен дискотеканы қалады, қыдырғанды ұнататын. Ақыры екеуі келісе алмайтынын түсінді. Светлана ортақ мүліктің жартысын алғаннан кейін қызына да қарамады. "Әкесі тәрбие берсін" деп кете барды. Сол күйі ұшты-күйлі жоқ болып кетті, қызының қал-жағдайын сұрап білген де жоқ.

Қарақшылық шабуыл

Анатолий мен Светлананың айырылысқанына 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде Анатолий басқа әйелмен қосылды. Одан бір қызы дүниеге келді. Бірақ Светлана үшін алынбайтын қамал болмады. Бұрынғы күйеуінің осал жерін біле тұра, тағы да басын айналдырып, өзіне қаратып алады. Анатолий көп ұзамай үшінші әйелін тастап, бұрынғы келіншегіне қайта қосылуға ұсыныс жасайды.

Светлана бірден келіскен жоқ. "Мен тек бірге тұрған пәтерімізге ғана барамын. Қосылсақ, кезінде өзім кетіп қалған үйге барып қосыламын", - деп талап қояды. Анатолий қарсылық білдірген жоқ. Сөйтіп, үшінші әйелі мен қызына пәтер алып береді де, бөлек шығарады. Үйінің ішін түгел жөндеп, Светлананы кіргізеді. Екеуі қосылған соң, бұрынғы ұрыс-керіс қайта басталады.

Анатолий мен Светлананың телехикаяға ұқсас өмірі тергеушілерді ойландырмай қоймады. Алайда ешқандай дәлелдер болмады. Содан сақшылар әйелдің ізіне түсіп, аңдуға көшеді. Светлана жіті бақылауда екенін сезіп қалады.

Тағы оқыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды?

Бірнеше күннен кейін кәсіпкердің әйелі полицияға өзі барып, күйеуінің жоғалуына қатысты тың деректерді жайып салады. Оның сөзіне қарағанда, 1 наурызда түнде қарақшылар үйге баса көктеп кірген. Анатолийді ұрып-соғып, ақша талап етіпті. Ақша таппағаннан кейін күйеуін ұрлап кеткен.

Көршілер ол күні айғай-шудың болғанын растады. Бірақ қатты дауыстар басталған бойда сап тыйылған. Тергеушілер бір нәрсені түсінбей, дал болды. Түнгі қарақшылар алтыншы қабаттағы пәтерге қалай кірген? Терезелер бүтін, есік те бұзылмаған. Светлананың өзі осы сұраққа жауап бере алмады. Дегенмен, айтқанынан қайтқан жоқ.

Өз қолымен тұншықтырып тастады

Тергеушілер Анатолийдің ешқайда кетпегенін және соңғы рет өз үйінде болғанын анықтады. Бірақ іліп алар дәлел болмады. Содан соң арнайы химиялық препаратты қолданып, пәтердің ішін тағы қарап шығуға шешім қабылданды. Оның көмегімен бір түйір қанды да анықтауға болатын еді.

Химиялық препаратты сепкеннен кейін қанның іздері жатын бөлмеден және дәлізден табылды. Ал ваннада қанның көп мөлшерде болғаны анықталды. Светлана ондай тексерістің нәтижесіне аң-таң болды, сасып қалғаннан не айтарын білмеді. Тергеушілер әйелдің жаңа хикаясын күтпестен бірден жауап алуға кірісті. Осы кезде әйел өз кінәсін мойындады.

Тағы оқыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді?

Светлананың айтуынша, соңғы уақытта екеуі жиі ұрсысып тұрды. Себеп біреу – ақша. Анатолий бұрынғыдай көп табыс таппады. Ал Светлана әдемі әрі бай болуды қалады. Күйеуінің көп ақша таппайтынын түсінгеннен кейін өз бақытын сырттан іздей бастады. Анатолий бәрін сезіп жүрді.

1 наурызда екеуі тағы қатты ұрсысып қалады. Светлана кетемін деп, жиналауға кіріскен. Осы кезде Анатолий оның қолынан ұстап, бөлмеге сүйрей бастады. Содан екеуі төбелесіп кетті. Светлана оны қатты итеріп жібереді. Күйеуі басын соғып, есінен танып қалады. Әйелі үстіне мініп алады да, өз қолымен тұншықтырып тастайды.

Мәйітті анасының қабіріне апарған

Светлана күйеуін өлтіргеннен кейін денесінен құтылудың амалын қарастырады. Содан бір ғана әдісін ойлап тапты. Мәйітті ваннаға апарып, бөлшектеп, содан соң бөлек-бөлек пакеттерге салып, екі күн бойы үйде ұстайды. Дәл сол кезде Анатолийдің бірінші некеден туған қызы келіп кеткен.

Қылмыскер әйел мәйіт бөлшектерін біртіндеп шығарған. Бірақ күл-қоқысқа лақтырмады. Айдалаға көмген де жоқ. Зиратқа апарып, өз анасының қабіріне тастайды. Сөйтсе, бұл Анатолийдің өз өтініші болған екен. Тойдан кейін ол Светлананың анасымен тез тіл табысып, өз анасындай жақсы көріп кетіпті. Енесі қайтыс болғанда өзін соның қасына жерлесін деп өтініш білдірген. Светлана күйеуінің өтінішін орындады. Бірақ жер қатып тұрғаннан кейін қабірді қаза алмады. Пакеттерді қармен жаба салды.

Тағы оқыңыз: Әйелін қызғанған ер адам жантүршігерлік қылмысқа барды

Сотта Светлана күйеуін әдейі өлтірген жоқпын деп шықты. Мұның бәрі оқыс оқиға деді. Оның айтуынша, Анатолий оны ылғи ұрып-соғып, кемсітетін.

Соттың шешімімен Светлана он жылға бас бостандығынан айырылды.

14847
Кілт сөздер:
қылмыс, Нұр-Сұлтан
Загрузка...