Теміржол

Шамалғандағы трагедия: көшеге шыққан жұрт билікке талап қойды видео

502
(Жаңартылды 11:13 16.09.2019)
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, теміржол өткелінде үнемі кептеліс, соның салдарынан жол апаты жиі болады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Шамалғанда болған трагедиядан кейін жергілікті халық биліктен көпір салуды талап етті.

Жергілікті тұрғындар жантүршігерлік трагедия болған орынға жиналды. Көпір салуды талап еткен халық теміржол маңынан кетпей қойған, деп хабарлайды almaty.tv.

Шамалғандықтардың айтуынша, олар күн сайын осы теміржол өткелінен әрі-бері өтеді. Бұл жерде үнемі көлік кептелісі, сол себепті жол апаты да жиі болатын көрінеді.

"Әлі неше адам өлуі керек?", "ертең балам осы өткелден өтіп, мектепке барады, сонда не болады?", - деп айғайлады наразы жұрт.

Халықтың шағымын тыңдауға Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев келді. Ол жергілікті тұрғындарға бастамашыл топ құрып, әкімдікке жүгінуге кеңес берді.

Далабаев халықтың талап-тілегі облыс әкімі мен мемлекет басшысының құлағына жеткенін айтты.

"Сабыр сақтаңдар, қазір көпір деп айғайлағанмен, ол бірден салына қоймайды. Сендерде қордаланған мәселе тек жол ғана емес, басқасы екенін білемін. Сондықтан екінші күні жиналып, ақылдасайық, мен ешқайда қашпаймын. Көпір салуға әрекет жасаймыз", - деп уәде етті әкім.

Шамалғандағы трагедия

Жексенбі күні кешке Алматы облысында пойыз теміржолда тұрған жолаушылар автобусымен соқтығысты.

Теміржол өткелі реттеледі, пойыз жақындағанда, сигнализация іске қосылған.

"Қазақстан темір жолы" АҚ хабарлауынша, автобус жүргізушісі кептеліске қарамастан, теміржолға шығып кеткен.

Соңғы мәлімет бойынша, бір адам – автобус жүргізушісі қаза болды, тағы үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр – ол 33 жастағы әйел мен екі бала (үш және бес жасар). Дәрігерлер олардың жағдайы ауыр екенін айтты.

Апаттың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

502
Кілт сөздер:
апат, теміржол, Шамалған, Алматы облысы
Загрузка...