АЛМАТЫ, 28 қазан — Sputnik. Алматыдағы қонақүйлердің бірінде өзінің бір жарым жасар қызын өлтірді деген күдікпен ұсталған Ұлыбритания азаматы екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша күдікті Ұлыбритания азаматын екі айға қамау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды қалалық сот.
Тағы оқыңыз: Қызын тірідей көміп кеткен ата-анаға іздеу жарияланды
Кінәлі азамат бұл бап бойынша 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ұлыбритания елшілігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Біз Алматыдағы британиялық сәбидің өлімі мен Ұлыбритания азаматының тұтқындалуына байланысты полициямен тұрақты байланыстамыз", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне елшіліктің коммуникациялар бөлімінің мамандары.
Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға 24 қазан күні таңертең болды. Әкесі туған қызын ұрып өлтірді.
Қонақүй әкімшілігі Sputnik Қазақстан тілшісіне ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс болғанын, айғай-шу естілгенін айтқан. Қонақүй қызметкерлері көмекке келіп, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер баланы құтқаруға тырысқанымен ол ауруханада көз жұмды.