Оқиға

Алматы маңында құлаған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы қайтыс болды

© Sputnik / Тимур БатыршинСамолет в аэропорту
Самолет в аэропорту - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жақында ғана пилот өзін жақсы сезінген, одан жауап та алынған болатын. Ол сұқбат беруге дайындалып жүрген еді, деп хабарлады блогер әлеуметтік желіде

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Алматы маңында құлаған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы Мейіржан Молдақұлов өз үйінде қайтыс болды, деп хабарлады блогер Денис Кривошеев.

"Кешке өкпе тромбоэмболиясынан 2019 жылдың 27 желтоқсанындағы әуе апатынан аман қалған Bek Air компаниясының екінші пилоты Мейіржан Молдақұлов қайтыс болды. Кеше ғана ол өзін жақсы сезінген, сауығып келе жатқан еді. Одан жауап та алынды, және де ол үлкен сұқбат беруге дайындалып жүрген болатын", - деп жазды Кривошеев.

Ұшқыштың өлімін Sputnik Қазақстанға Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы растады.
"Бүгін апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші пилоты қайтыс болды", - делінген ведомство ақпаратында.
Басқарма зардап шеккен ұшқыштың 21 қаңтарда тұрақты халде №4 қалалық клиникалық ауруханадан үйіне шығарылғанын еске салды. Одан кейін оның емханада амбулаторлық ем қабылдап, кардиолог, хирург, терапевт пен психолог бақылауында болғанын атап өтті.
"Бүгін сағат 18.00-де жедел медициналық жәрдем қызметіне денсаулықтың күрт нашарлауына қатысты хабар түсті. Жедел жәрдем уақытында келді. Жүрекке реанимациялық шаралар жасалды, бірақ нәтиже болмады", - деді басқарма мамандары.
Мейіржан Молдақұлов ұшақ апаты кезінде қатты жарақат алған. Сол кезде ол Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасына жеткізілген. Оған бірнеше ота жасалды, омыртқасына да операция істелді.
Бесінші қаңтарда Молдақұлов отадан кейін есін жиды. Сөйтіп, салалық бөлімшеге ауыстырылды.
Молдақұлов 1965 жылы 4 мамырда дүниеге келген. Ұшу уақыты – 11 544 сағат, соның ішінде 4 144 сағат Fokker-100 ұшағын басқарды.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші пилот жансақтау бөліміне түскен.
Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болды.

Апаттың хронологиясы
10 қаңтарда вице-премьер Роман Скляр арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, үкіметтік комиссияның ұшқыштар әңгімесін зерттеп шыққанын мәлімдеді. Осы және басқа да параметрлік көрсеткіштердің негізінде апаттың хронологиясы жасалды.
Хронология
7:20:02 - ұшақ жолаққа шығады;
7:20:41 - экипаж алдыңғы шассиді көтеруді бастайды;
7:20:45 - ұшақ максималды жылдамдықпен жерден көтеріледі;
Роман Склярдың айтуынша, ұшақ жерден көтерілген бойда алдымен сол жаққа, одан кейін оң жаққа қисая бастайды. Экипаж ұшу траекториясын ұстап қалуға тырысты. Осыдан кейін негізгі шасси және ұшақтың сол жақ қанаты жерге тиеді.
7:20:53 – ұшақ оңға қарай қисаяды. Осы кезде командир: "Не болып қалды?", - деп сұрайды.
7:20:54 – екінші пилоттың жауабы: "Не болғанын білмеймін. Стабилизатор... Тоқта... Мен бұл жерге түсемін (ары қарай боқауыз сөздер кетеді)".   
"Осы кезде екінші ұшқыш қозғалтқыштардың жұмысын баяулатып, ұшуды тоқтатуға әрекет жасаған секілді. Алайда бірнеше секундтан кейін қозғалтқыштардың жұмысы тағы 93-95 процентке артып, әуе кемесі ұшуды жалғастырады", - дейді Скляр.
7:20:57 – командир екінші ұшқышқа: "Керек емес. Не істеп жатырсың?", - деп айтады. Сөйтіп, жылдамдықты арттырып, "Кеттік! Кеттік!" дейді.
7:21:04 – командир шассиді алып тастауға бұйрық береді;
"Осыдан кейін ұшақ бірнеше рет жерді сызып өтті. Құйрығымен алты рет, шассимен төрт рет және қанатымен бір рет ұшу жолағына соғылып, сол жақ қауіпсіздік жолағына сырғанап кеткен. Осы кезде ұшу жолағының 38 шамы қирады", - деп атап көрсетті Скляр.
7:21:15 – бес метр биіктікте шассиді алып тастаған, артынан ұшақ фюзеляжбен жерге жатып, ұшу алаңының сыртына шығып кеткен.
Апаттың негізгі себебі
Сол күні үкіметтік комиссия апат себебінің алдын ала болжамын жариялады.
"Ұшақ сыртына мұздың қатып қалуы – негізгі себеп. Әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрған", - деп мәлім етті вице-премьер. 
Комиссия ұшақтың сыртындағы қатып қалған мұзды еріту жұмыстары жартылай ғана жасалғанын анықтаған.
"Ұшақ командирі арнайы сұйықтықпен тек стабилизаторды ғана өңдеуге шешім қабылдаған. Ұшақтың қанаттары өңделген жоқ. Ол күні Атырауға ұшқан тура сондай ұшақтың да сырты сұйықтықпен өңделмегені анықталды", - деді Скляр.
Жаңалықтар
0