Оқиға

Қордайда жарақат алғандар шекарадан өтіп, Қырғызстанда емделіп жатыр

© Sputnik / Абзал КалиевБольница
Больница - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қордайдағы оқиғадан кейін қырғыз дәрігерлерінің көмегіне жүгінгендердің ішінде Қазақстан және Қырғызстан азаматтары бар

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жарақат алған 18 адам шекарадан өтіп, Қырғызстан ауруханасына барған. Бұл ақпаратты Тоқмақ аурухананың басшылығы растап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

"Біздің көмегімізге жүгінген адамдардың айтуынша, барлығы ақпанның 7-сінен 8-іне қараған түні Масанчи ауылында болған жаппай төбелес кезінде жарақат алды. Сегіз адам алғашқы медициналық жәрдемнен кейін амбулаториялық емдеуге ауыстырылды. Олардың арасында бір Қырғызстан азаматы бар", - дейді дәрігерлер.

Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның 10 азаматы ауруханада жатыр. Олардың ішінде 8 адам Тоқмақ аумақтық ауруханасының травматология бөліміне, ал екеуі Бішкек қаласындағы ұлттық госпитальдің көз микрохирургиясы бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы орташа, барлық медициналық көмек көрсетілуде.

Ал Қырғызстанның шекара қызметі зардап шеккен азаматтарды қалай өткізгенін түсіндірді.

"Барлығында тиісті құжаттар болған. Онсыз өткізбейтін еді. Жеке құжаттары болса және шекарадан өтуге шектеу болмаса, адамды өткізе береді. Сосын коронарвирусқа тексеріс жасалғаннан кейін олар Қырғызстан аумағына жіберілген", - деді шекарашылар.

Қордайдағы оқиға

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. 40-тан астамы жарақат алды. Олардың ішінде оқ тиген екі полицей бар.

Жаппай төбелестің арты тәртіпсіздіктерге ұласқан. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды.

Ішкі істер министрлігі 47 адам ұсталғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Тоқаевтың мәлімдемесі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы жағдайға байланысты тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады. Ол төбелестің себебін анықтайтын үкімет комиссиясын құруды тапсырды.

Мемлекет басшысы қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастыру керек екенін айтты.

Сондай-ақ, комиссия жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

"Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді", - деп түйіндеді Тоқаев.

Комиссия құрамына кім кірді

Комиссия төрағасы - премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев. Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, парламент мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов және "Дүнген қазақстандық қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце кірді.

Бұдан бөлек, комиссия құрамында қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер, қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары бар.

Жаңалықтар
0