Өңірлер

Полицияның қатысуымен болған Павлодардағы даулы видеоның мән-жайы айтылды

© Sputnik / Абзал КалиевДрака, иллюстративное фото
Драка, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Павлодарда полиция қызметкерін ұрған ер адам ұсталды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды

АЛМАТЫ, 8 маусым – Sputnik. Павлодар қаласының тұрғыны үйдің ауласында учаскелік полиция инспекторына шабуыл жасап, оған дене жарақатын салды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.

Әлеуметтік желіде Павлодар тұрғынының полицейге шабуыл жасап, оған қол көтерген видеосы пайда болды. Тәртіп бұзушының бұл әрекетін көршісі тоқтатпақ болады. Павлодар облысының полиция департаменті осы оқиға туралы мәлімет берді. 

"Тергеу барысында 6 маусым күні бұрын тонау қылмысы үшін сотты болған 31 жастағы азамат К.-ның орташа деңгейлі масаң күйде қаланы абаттандыру ережелерін бұзып, сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Ол Павлодар қаласы Лермонтов көшесіндегі үйдің ауласында болған", - делінген ақпаратта.

Бұл жайлы сол маңның тұрғындары учаскелік полиция инспекторына хабарлаған.

Оқиға орнына келген полиция инспекторы азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы бұзғанын айтып, ескерту жасаған. Алайда азамат дөрекі былапыт сөздер айтып, полиция қызметкеріне тіл тигізе бастайды.

Учаскелік полиция қызметкерінің бұл әрекеттерді тоқтату туралы ескертуіне қарамастан, ер адам билік өкілін қорлауды жалғастырады.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері азаматтың белсенді қарсылық білдіруіне байланысты арнайы құралдарды қолдануға құқылы. Алайда азаматтың қолында жас бала болғандықтан, учаскелік инспектор қорғаныс сипатындағы әрекетпен шектелді", - делінген ақпаратта.

Алайда бұл тәртіп бұзушыны райынан қайтара қойған жоқ. Ол полицейге қол-аяғымен соққы жасап, оған әртүрлі дене жарақатын салған.

Оқи отырыңыз: Әжетханаға камера орнатқан: Павлодар білім басқармасының басшысы өз әрекетін түсіндірді

Оқиға орнына жеткен полиция жасағы күдікті азаматты ұстады. Ол Павлодар қаласы ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 380-бабы 2-бөлігіне ("билік өкілінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану") ауыстырылды.

Жаңалықтар
0