Шабуыл жасау, иллюстративті фото

"Әйелді жұмысынан алып кеткен": Қарағанды жолында болған сұмдықтың мән-жайы анықталды

2253
(Жаңартылды 14:29 15.07.2020)
Күдікті бұрынғы әйелін қала сыртына алып кетіп жарақаттап, оны жол бойына тастап кеткен. Сол маңнан өтіп бара жатқан жүргізушілер полиция мен жедел жәрдем шақырған

АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Астана тұрғыны бұрынғы жұбайына шабуыл жасап, сегіз рет пышақтаған. Әйел аман қалып, қазір ауруханада жатыр. Бұл жайында "НеМолчиKZ" зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорының жетекшісі Дина Смайылова (Таңсәрі) хабарлады.

Оның айтуынша, зардап шегуші ер адамның алдымен оны алыс жерге апарып, көлік ішіне қамап, соққы жасай бастағанын айтқан. Содан кейін оны жол бойына тастап кеткен.

"Ол бұрынғы әйелінің жұмысына барып, сыртқа шығуын бірнеше рет талап еткен. Ал әйел әріптестерінің алдында өзін ыңғайсыз сезініп, көшеге шыққан. Оны көлікке күштеп отырғызып, алып кеткен. Қарағанды тас жолында ол әйелді ұра бастайды, әйел қарсылық көрсетіп, көліктің терезесін сындыруға тырысады. Содан ер адам әйелге пышақ сұға бастайды, көлікті тоқтатып, сегіз рет пышақ жарақатын салған. Жарақат салғаннан кейін басқа көліктердің тоқтап жатқанын көріп, әйелді жолда тастап кетіп, жасырынып қалған", – деп жазды Смайылова Facebook парақшасында зардап шеккен әйелдің сөзіне сілтеме жасап.

Оқиға орнынан өтіп бара жатқан жүргізушілер полиция мен жедел жәрдем шақырған. Әйел ауруханаға жеткізілді.

Смайылованың айтуынша, тергеушілер әйелге қысым көрсетіп, жарақатының қорқынышты емес екенін айтқан. "НеМолчиKZ" басшысының айтуынша, оны ауруханадан тікелей жауап алуға алып кеткен.

Сонымен қатар ол полиция департаментінің басшысына болған оқиғаны анықтауды сұрап, істі қайта саралауды және тергеушіге қатысты шара қолдануды талап етті.

Кейін Смайылова полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденовтің жауабын жариялады. Ол істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: "Пакетпен қылқындырған": Шымкентте әлдекімдер екі баланың анасына шабуыл жасады

"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлімі ("қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") , 99-бабы 1-бөлімі ("адам өлтіруге оқталу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жәбірленушінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша ұсталды", – деп атап өтті Сәденов.

Сондай-ақ, қызметкерлердің кәсібилікке жат әрекеттері тексеріледі.

2253
Кілт сөздер:
адам құқығы, құқық бұзу
Тақырып бойынша
Таксистке шабуыл жасаған жолаушы әйел видеоға түсіп қалды
Қордайда полицейлерге шабуыл жасаған ағайынды 3 жігіт қамауға алынды
Батыс Қазақстанда шенеунікке не үшін шабуыл жасалды?
Мойнына арқан салып, ақша талап етті: Қостанайда такси жүргізушісіне шабуыл жасалды
Қарағандыда инкассаторға қарулы шабуыл жасалды - видео
Ту тұғыр

Атырауда 203 миллион теңге бөлінген ту тұғырдың құлау себебі анықталды

230
(Жаңартылды 11:56 14.08.2020)
Облыстық прокуратура құрылыс басқармасы заңнама талаптарын бұзып, ту тұғырды ауыстыруға өз бетінше келісім бергенін анықтады

АЛМАТЫ, 14 тамыз – Sputnik. Атырауда өткен жылы қатты желден құлаған ту ілетін тұғырға сметада көрсетілген сомадан үш есе аз ақша жұмсалған. Бұл туралы "Ақ Жайық" газеті хабарлады.

"Жобалық-сметалық құжаттама талаптарына қарамастан, мердігер авторлық бақылаушының келісімінсіз ту орнатқаны анықталды. Оның құны сметада көрсетілген 203 миллион теңгеден үш есе аз. Облыстың құрылыс басқармасы заңнама талаптарын бұзып, ту тұғырды ауыстыруға өз бетінше келісім берген", - деп мәлімдеді Атырау облысының прокуратурасы.
Флагшток рухнул в Атырау. Фото с места события
Атырау қаласында құлаған ту тұғыр.

Бұл жағдай адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Енді аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Ал қалпына келтіру жұмыстарын мердігер өз қаражатына жүргізеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның бас туы қалай көтеріледі – егемендік рәмізінің құпиясы

Айта кетейік, 2019 жылы желтоқсанның соңында Атыраудағы Республика алаңында тұрғызылып жатқан биіктігі 91 метрлік құрылым қатты желге шыдас бермей құлаған болатын.

230
Кілт сөздер:
ту тігу, Атырау
Тақырып бойынша
Терезеге ілінген көк ту: даулы іс Жоғарғы сотқа дейін жетті
Мемлекеттік ту көтерілді: Елорда күнін тойлау басталды
Қазақстандағы ең үлкен ту төмен түсірілді – фото
Жаңа ту бекітілді деген ақпарат жалған – Қазақстанның қорғаныс министрлігі
Енді VR-жобаның көмегімен Рейхстагқа Ту тігуге болады
Төбелес, иллюстративті фото

Екі қолын жұлып, көзін ағызып жіберген: Оралда сұмдық оқиғаға қатысты сот басталды

3563
(Жаңартылды 10:22 14.08.2020)
Осы іске қатысы бар деп айыпталып отырғандардың бірі – екі жыл бұрын шымкенттік бейтаныс қызға бүйрегін тегін берген азамат

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Оралда жеке күзет агенттігінің қызметкерлері айықтырғышқа жеткізілген адамды қорлап өлтірген. Марқұмның туыстары кінәлілердің кейбірі бостандықта жүргенін айтады.

Күзетшілердің соты онлайн-форматта қайта жалғасты. Ал сот отырысына себепкер жаға ұстататын қанды оқиға былтыр желтоқсанда болған еді. Жаңажылдық корпоративтік кештен "көңілді" шыққан жігітті полиция наркологиялық диспансерге жеткізген, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Ол жабық мекемеде бүлік шығарған соң, көмекке шақыртылған күзетшілер жігітті өлімші етіп, тепкінің астына алады. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеода бес жігіт бір адамға жабылып жатқаны анық көрінеді.

"Күзетшілер інімнің екі қолын қайырып, тепкінің астына алды. Жағын сындырып, көзін ағызып жіберген. Біз оны мәйітханаға барғанда танымай қиналдық. Сот кезінде күзет агенттігінің қызметкерлері лицензияны сатып алғандарын, жұмыс кезінде мас болғандарын мойындады", - дейді марқұмның туысы Бақыт Ахметова.

Ахметова інісінің жанталасып сыртқа қашып шыққанын айтады. Темір қоршаудан секіріп өте алмай жатқан жігітті қуғыншылар аяғынан ұстап, кері тартқан. Сол кезде, қолтықтарын қаңылтыр кесіп өтіпті. Марқұм осыдан кейін қансырап өлді, дейді апасы. 

"Інімнің өліміне кінәлілердің бәрі жауапқа тартылуы тиіс. Бұл істе полицияның да айыбы бар. Олар інімнің ақшасын тартып алып, өзін диспансерге тастап кетіпті. Інім сыртқа қашып шығып, жанармай құю бекетінен көмек сұрағанда да, ондағылар қол ұшын бермеген. Кейін жедел жәрдемді шақырған кезде бәрі де кеш болды. Сот осы жәйттерді ескерсе екен", - дейді ол.

Айта кетейік, адам өлтірді деп айыпталғандардың бірі - осыдан екі жыл бұрын шымкенттік бейтаныс қызға бүйрегін тегін берген Абзал Әділов. Ол осы отадан кейін күзет агенттігіне жұмысқа орналасқан екен.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік мекемеде не үшін төбелес болды – видео

Ал марқұмның туыстары "айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды", дейді. Өйткені, жігітті соққыға жыққан 6 күзетшінің 2-уі ғана айыпталушы орындығында отырғанын айтады. Қалғандары "куәгер" ретінде көрсетілген.

3563
Кілт сөздер:
оқиға, сот, Орал
Тақырып бойынша
Маска тағудан бас тартқан 22 жастағы алматылық қыз сот алдында жауап береді
Министрлік Қордайдағы жаппай төбелес қалай басталғанын айтып берді
Жұдырық ала жүгірді: Ақтаудағы төбелес видеоға түсіп қалды
Шымкентте жаппай төбелес кезінде ауыр жарақат алған жігіт қайтыс болды
Нұр-Сұлтанда жаппай төбелес видеоға түсіп қалды – полиция түсініктеме берді
Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер

0
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15  тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы  – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.

"Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді есімтанушы Бердалы Оспан.

Шәмшінің анасы Естайдың "Құсни Қорлан" әнін ерекше ұнатып орындаған.

"Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда "Қорлан" әнін салушы еді",  - дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші Қалдаяқовтың өнер жолы

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.

"Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым" дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес", - дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", - дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.

Екі мыңнан аса хат келді

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

"Арыс жағасында" әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде "Қазақ радиосының" музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

"Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек", - дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.

"Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, - деп еске алады Нүсіпжанов.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

"Ол тұс – Ақмоланы "Целиноград" атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. "Менің Қазақстаным" солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді", - дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Отбасы туралы не білеміз

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" повесі себеп болыпты.

"Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. "Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген", - деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін", - деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", - дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

0
Кілт сөздер:
композитор, Шәмші Қалдаяқов
Тақырып бойынша
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер