Оқиға

Өзін өлтірмек болған экс-полицей бірнеше талап қойды: оқиғаның мән-жайы

© Sputnik / Владислав ВодневВечернее небо над новостройками столицы
Вечернее небо над новостройками столицы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Полицейлердің айтуынша, құрылыс нысанындағы кранға шығып алған ер адам қабылданған шешіммен келіспейтінін білдіріп, қоғамдық резонанс туғызуға тырысқан

АЛМАТЫ, 11 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында ішкі істер органдарындағы қызметінен босап қалған ер адам өзіне қол салмақ болып, бірнеше талабын жария етті, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

Мұнаралы кранның басына шығып, талабын жария еткен ер адамды құтқарушылар мен полицейлер әупіріммен төмен түсіріп алды. Ол тәртіптік комиссиясының шешімімен 10 тамызда ішкі істер органдарынан босатылған екен.

"Оның қызметтен босатылуына бірнеше себеп болды. Ең алдымен, полиция қызметкері қызметтік тәртіпті өрескел бұзған. Бұрынғы әйеліне үнемі қол көтеріп, зорлық-зомбылық көрсеткен. Осыған орай, "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның 80-бабы, 1-тармағының 12-тармақшасына ("қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін") сәйкес атқарып отырған лауазымынан және қайта  қалпына келтіру құқығынсыз ішкі істер органдарынан босатылды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, экс-полицейге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы ("денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") бойынша бұрынғы жұбайына дене жарақатын салу фактісі негізінде әкімшілік материал сотқа жіберілген.

"Сот отырысы 10 тамыз сағат 16.00-ге белгіленгенін біле тұра, ер адам сотқа келмеді. Оның орнына сағат 15.40 шамасында ол Рысқұлбеков көшесіндегі құрылыс нысаны аумағында орналасқан мұнаралы кранға шығып алған. Осылайша, ол қабылданған шешіммен келіспейтінін білдіріп, қоғамдық резонанс туғызуға тырысты", - делінген ақпаратта.

Кранға шыққан ер адам нені талап етті

Ол өзін өлтіремін деп қорқытып, жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жоюды, әкімшілік іс жүргізуді тоқтатуды және 2015 жылы ажырасқан бұрынғы әйелінің көпшілік алдында кешірім сұрауын талап етті.

Оқиға орнына полиция департаментінің басшылығы мен жедел жәрдем бригадасы келді. ТЖД қызметкерлері қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдап, оның психоэмоционалды жағдайын тұрақтандыру үшін психологтар жұмыс істеді.

Біршама уақыт әңгіме жүргізілгеннен кейін сағат 18.10-да ер адам краннан өз еркімен түсті.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында жігітті зорлаған экс-полицей ісіне қатысты тың ақпарат шықты

Аталған факті бойынша оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы ("ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік сотына жіберілді. Сот 5 АЕК (13 255 теңге) көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарды.

Ал бұрынғы жұбайына дене жарақатын салу фактісі бойынша сот отырысы жақын арада өтеді.

Жаңалықтар
0