Науқас екі адамның кесірінен арбаға таңылған Асыл дүниеге сәби әкелген

© Sputnik / Кенжекей ТоқтамұратНауқас екі адамның кесірінен арбаға таңылған Асыл дүниеге сәби әкелген
Науқас екі адамның кесірінен арбаға таңылған Асыл дүниеге сәби әкелген - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Осыдан тоғыз жыл бұрын Сәтбаев қаласында белгісіз екі адам түнде сегіз пәтерлі үйді қасақана өртеп жіберген. Сол апатта қатты жарақат алған Асыл Қоқанова арбаға таңылды. Көп уақыт қозғала алмай қалған Асыл істі соңына дейін жеткізуге шамам жетпеді дейді

АСТАНА, 6 сәуір — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат.  Асыл арбаға таңылғанмен, он екі мүшесі сау адамдардай бақытты, толыққанды өмір сүріп келеді. Ал, ең бастысы, ол үш жыл бұрын құрсақ көтеріп, Жарқын есімді ұл баланы аман-есен дүниеге әкелген. Оның үстіне ән айтады, би билейді, тіпті, қыз-келіншектердің тырнағын әрлеп, сән береді. 

 – Асыл ханым, адамның аты тағдырына әсер етеді деген наным-сенім бар. Дәл сіздің жағдайыңызда бұл түсінікке амалсыз иланасың. Өйткені сіз тағдырдың сынағына сынбай, керісінше жарқырай түскен асыл тастайсыз. Айтыңызшы, атыңызды кім қойды? Ата-анаңыз кім? 

–  Жалпы, бұл күрделі жарақат тағдырдың сынағы болар, мүмкін, тосыннан келген апатты жағдай шығар,  оны тек бір Алла ғана біледі. Атыма тағдырым әсер етті дегенге мен де сенемін. Өйткені, туған бөле апам – Ардақ "атына заты сай болсын" деген ниетпен мені Асыл деп атапты. Ал, ата-анам зейнеттегі кісілер, күні-түні менің ғана емес, жолдасымның, ұлымның амандығын тілеп отырған жандар. Өте қарапайым кісілер. Қазір 93 жасқа келген Бәдише әжем оқушы кезімнен-ақ сиыр саууды, сырмақ ойып, тоқыма тоқуды ұйретті. Ал, анам жарақат алған күннен бастап бағып-қағып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай 4 жыл  жанымда болды. 

© Sputnik / Кенжекей ТоқтамұратАсыл Қоқанова арбамен билеуден жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алған
Асыл Қоқанова арбамен билеуден жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алған - Sputnik Қазақстан
Асыл Қоқанова арбамен билеуден жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алған

"Ел шырт ұйқыда жатқанда есі кем екі адам өрт шығарған"

– Сізді арбаға таңған ауыр оқиға қалай болды? Болашақта аяққа тұрып кетесіз деген үміт бар ма? Дәрігерлер не дейді?

–  Осыдан 9 жыл бұрын, 2008 жылдың тамыз айында түн ортасы, ел шырт ұйқыда жатқанда, белгісіз біреулер 8 пәтерлі үйді жағып, соның салдарынан арбаға таңылдым. Бірнеше ота жасалды, жалпы болашақта аяққа тұратыныма нық сенемін, дәрігерлер де жүріп кетесің деп отыр. 

–  Сонда, кім өрт қойған? Қылмыскер табылды ма?

– Жарақат алып, есімді жиғаннан кейін өртті екі орыс жігіті қойды деп естідім. Екеуінің "сары" карталары бар екен, яғни, есі дұрыс емес, ауру адамдар. Екеуі карта ойнап, ұтылған адам қылмысқа барады деп келісіпті. Бірақ, сол "сары" карталары болған соң, іс қозғалмаған. Ал, ол кезде мен орнымнан жылжи да алмайтынмын, істі қайта көтеруге күшім болған жоқ. Олардың жасағандарын бір Аллаға тапсырдым да, қойдым. 

"Аяғым ауыр кезінде қатты қиналдым"

–  Шыны керек, дүниеге бала әкелу аяқ-қолы сау әйелдердің өзіне оңай соқпайды. Босанудан бұрын, құрсақты тоғыз ай бойы аман-есен көтеріп жүрудің өзі зор денсаулықты талап етеді. Бүлдіршініңіз нешеде? Аяғыңыз ауыр кезінде арбаға отырған да оңай болмаған шығар? Жағдайыңызға қарап, дәрігерлер босандыра алмаймыз деген жоқ па?

–  Босану, бала сүю дерт емес қой. Бірақ, менің жағдайымда өмірге бала әкелу өте қиын әрі қауіп деп жатады. Бірақ, мен бір Аллаға сендім. Алла тағала мені сынаққа алғанымен, маған одан да жақсысын нәсіп етіп, ана атандырды. Баламның аты — Жарқын. Жасы үште. Аяғым ауыр жүргенде қатты қиналдым, оңай болған жоқ, бірақ соның бәріне мойымай баланы аман-есен өмірге әкелсем деген ниетте болдым. Дәрігерлер кеср тілігі арқылы босандырды. Қандай қауіпті десе де, аман-есен босандым. 

"Қолым бос кезінде маникюр жасаймын"

–  Өнеріңіз бен шығармашылығыңыз туралы да айта кетсеңіз. 

–  Ащы шындық, мен мүмкіндігі шектеулі жан болсам да, басқа салаларда мүмкіндігім шектеусіз. Домбыра тартып, терме айтамын, эстрада әндерін де орындаймын, арбамен билеуден жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алдым. Үстел теннисін ойнаймын, қолөнермен шұғылданамын.  Оған  қоса бос уақыт табылып жатса, маникюр жасаймын. Мүмкіндігі шектеулі жанмын деп еңсемді түсіретін уақытым да жоқ (күледі).

– Мұнша  күш-жігер беретін кім, болмаса, не? 

– Маған күш-жігер беретін менің Аллаға деген шексіз сенімім және бал-балам – Жарқыным. Жолдасыма келетін болсам, ол өз алдына бір төбе. Есімі Саят, өте адал жан, менің кемістігіме қарамастан өз сезімін білдіре білді. Қазір бақытты отбасымыз. 

– Мағыналы сұхбатыңыз үшін көп рақмет!


Жаңалықтар
0