"Клиенттер Сабинаны өздері іздеп келеді". 12 жасар шымкенттік қыз қалай ақша таба бастады?

© SputnikСабина Есенгелдиева
Сабина Есенгелдиева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алғашында жас визажист клиенттерді тегін бояндырса, қазір кәсібінің арқасында әжептәуір табыс тауып отыр

ШЫМКЕНТ, 4 тамыз – Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Шымкентте мектепте оқитын Сабина Есенгелдиева – өзінің қатарластары түгілі, тіпті сұлулыққа жаны құмар қыз-келіншектердің қолынан келе бермейтін кәсіп иесі. Кәсіби визажистерден кем түспейтін 12 жастағы оқушының сұлулық әлеміне қадам басуына не түрткі болды? Бүгінде оқушы қыздың клиенттері кім? Жастығына қарамастан визажист атанып отырған жасөспірім өзгелердің сынын қалай қабылдайды? Sputnik Қазақстан тілшісі бұл сұрақтардың жауабын визажист қыздың өзінен сұрап білді.

Сабина қалай кәсіби визажист атанды?

Басы жоқ қыз - Sputnik Қазақстан
Видео
Басы жоқ қыз: опа-далаптың сіз білмейтін сиқыры (видео)

Сабина Есенгелдиева Шымкенттегі №47 мектеп-гимназиясында оқиды. Осыдан үш жыл бұрын нәзік жандар қауымын бояндырып, оларға сұлулық сыйлаймын деген мақсат қаршадай қыздың тіпті ойына да келмеген. Екі жарым жыл бұрын анасы осы жолға түсіп, кәсіби білім алады. Халықаралық дәрежедегі визажист атанған Ақбаян Асанқызы өзінің ізін қызы жалғаса деп армандаған. Төрт баланың анасы Ақбаянның өзі де Сабинаның сұлулық әлеміне деген ерекше қызығушылығын байқайды. Өзі білім алған курстарға Сабинаны ертіп жүреді. Тіпті Мәскеуге де алып барады. Екі жарым жылдай анасының оң қолы болып жүрген оқушы биыл жазғы демалыс кезінде кәсіби визажист атанады. Ұстазы, әрине, анасы. Қолына сертификатын алған 12 жастағы оқушы алғашында бойжеткендерге тегін қызмет көрсетеді. Өйткені қолын машықтап, тәжірибе жинауы қажет. Анасы Сабина әрлеген қыз-келіншектердің фотосын желідегі парақшасына жүктеп отырады. Уақыт өте тапсырыс та түсе бастапты.

"Анама салмақ салғым келмеді"

Анасы Ақбаян қызының ерте жастан косметикамен жұмыс істеуіне еш қарсы емес.

 "Сабинам қыз баласына тән істі үйреніп отыр. Бала жастайынан еңбек етуге машықтанса, ертең өскенде өзіне пайдасы тиеді. Мен тек Сабинаны емес, өзге де перзенттеріме ақшаның оңайлықпен келмейтінін және оны оңды-солды жаратуға болмайтынын үйретіп келемін. Өзім сұлулық саласында жүргендіктен, білгенімді қыздарыммен бөлісіп отырамын. Бұл біздің отбасылық бизнесіміз болып отыр ғой, сол себептен менің жолымды қуатын адамның болғанын қалаймын. Тек өз перзенттерім емес, өзге де қыз-келіншектер менен білім алып, бүгіде жолымды жалғастырып келеді",-деді жас визажистің анасы.

© SputnikЖас визажист Сабина Есенгелдиева
Жас визажист Сабина Есенгелдиева - Sputnik Қазақстан
Жас визажист Сабина Есенгелдиева

Сабинаның өзі бұл салаға ерекше қызығушылықпен келгенін айтты. 

"Анам кейде тапсырыспен әр жерге барады. Мен де бірге еріп жүремін. Үйден шығарда қажетті косметикаларын түгендеп отырамын. Небір брендті косметикаларды ажырата білемін. Негізі визажист болудағы басты мақсатым анама көмекші болу еді. Оқу жылы аяқталған соң, анама "Мен сізбен бірге жұмыс істегім келеді. Өзіме және бауырларыма жаңа оқу жылына қажетті заттарды жұмыс істеп табайын" деген ойымды жеткіздім. Анам қарсылық танытпады. Сегіз күн анамнан білім алып, келген қыздарды бояндыруды үйрендім",-дейді Сабина. 

"Маған конкурент бола бастадың" деп қалжыңдайды"

Анасымен бірге Алтынай Жорабаева, Мадина Сәдуақасова секілді танымал жұлдыздарға макияж жасап жүрген Сабинаның бүгінде өзінің тұрақты клиенттері де бар. Кейде анасы "Маған конкурент бола бастадың" деп қалжыңдайтын көрінеді.

Қуыршақтың образын қалай жасауға болады?— видео

Дегенмен анасының сұлулық салонына келетін кейбір қыз-келіншектер 12 жастағы оқушыға сенімсіздік танытады екен. Ондайда оқушы клиенттің көңілін таба біледі. "Қаласаңыз, өзім жасаған макияждарымның суретін көрсетейін. Бастысы, маған сеніңіз. Сонда менің жұмысым да сіздің көңіліңізден шығады" деп қарсы алдындағы адамның сеніміне кіруге тырысады. 

"Алғашқы табысым 3500 теңге болды" 

Алғашында өзін жарнамалау үшін қыз-келіншектердің алғысын алып, тегін қызмет көрсеткен жас визажист бүгінде әжептеуір табыс табатын мамандардың қатарына қосылған.

Жанна Хайрулина, архивтік сурет - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қазақ қызы Германиядағы модельдер байқауында үздік атанды

"Бірде анам шаруаларымен сыртқа шығып кеткен еді. Асығып тұрған бір келіншек келіп, макияж жасау керектігін айтты. "Мен бояндырып берейін" дегенімде шошып кетті. Макияж жасаған клиенттерімнің суретін көрсеткеннен кейін ғана келісті. Бет-әлпетіне бояу жаға бастағанымда "Кішкентай қыздың макияж жасағаны қызық екен" деп күле берді. Кейін жұмысым көңілінен шығып, ризашылығын білдірді. Алғашқы табысым 3500 теңге болды. Ол ақшаны әлі жұмсаған жоқпын. Барлық табысымды жинап жүрмін",- деген оқушы өзіне сенім артқан клиенттері оған мотивация сыйлатынын айтты. 

Сабина оқу жылы басталған соң да, сүйікті ісімен айналыса беретінін айтты. Сабақтан бос уақытта сұлулық әлеміндегі білімін одан әрі шыңдай бермек. 

"Сабина оқу озаты, сыныбының төрайымы (староста). Одан бөлек тоғызқұмалақ ойнайды. Қалада өзімен қатарлас оқушылар арасында оған тең келетін ойыншы жоқ. Қандай жарысқа барсын, міндетті түрде жүлдемен оралады. Сабағы басталған соң да, менің қасымда жүре беремін деп отыр. Баланың ынтасы болып тұрса, неге мен бетінен қағуым керек? Бастысы, сабағына үлгеріп, үйірмесіне де уақытылы барып келсе болды. Бос уақытында табыс тапқанында тұрған ештеңе жоқ",- дейді анасы. 

Айтпақшы, Сабина әрлеген қыз-келіншектердің суреттерін әлеуметтік желі арқылы көргендер жас визажисті өздері іздеп келе бастаған. Тіпті өзі секілді оқушылар да визажист болуды мақсат тұтып, анасының оқу курсына қатысыпты. Осылайша әйел бұған дейін тек ересектерді оқытып келсе, қазір   оқушы қыздарға бар білгенін үйретуде.

Ананың арманы

"Мәскеуде білім алып, кәсіби визажист атанғанға дейін үйде самса пісіріп, дүкендерге сататынмын. Ақшаның оңайлықпен келмейтінін перзенттерім жақсы түсінеді. Сабинам болашақта мектеп бітіре салып, іскер арулардың қатарынан көрінсе деймін. Қазірден бастап тиыннан ақша құрауды үйрене бастаған қызым үмітімді ақтайтынына сенімдімін",-деді Ақбаян Асанқызы.

© SputnikСабина анасы Ақбаян Асанқызымен (ортада)
Сабина анасы Ақбаян Асанқызымен (ортада) - Sputnik Қазақстан
Сабина анасы Ақбаян Асанқызымен (ортада)

Қатарластары ойынның қызығына кіріп, ата-аналарынан смартфон немесе қымбат киім алып беруін сұрап жүргенде, жастайынан табыс табуды үйренген Сабина анасының арманын орындауға өзіне серт берген. 

"Анам бізді күн-түн демей, еңбек етіп, қатарымыздан қалдырмауға тырысып келеді. Өскенде анамның осы еңбегін еселеп қайтарсам деймін", —дейді жас визажист.

Жаңалықтар
0