Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов

Нұрғали Нүсіпжанов Дінмұхамед Қонаевтың өзіне не дегенін айтты

2439
(Жаңартылды 13:16 24.08.2018)
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов екі рет Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болған

АЛМАТЫ, 15 тамыз — Sputnik, Айгерім Таубай. Көпшілікке танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді.

81 жастағы халық әртісі бүгінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қызметте жүр.  Нұрғали Нүсіпжанов өнер жолында дүние-мүлік жинау үшін жүрген жоқпын дейді. 

"Мақтан қуып, талтаңдап жүруді табиғатым жек көреді"

"Бойымдағы өнерімді дүние жинау үшін, көзге көрініп тұру үшін жасап жүрген жоқпын. Бұл жайында кезінде маған үлкен кісі Димекең (Дінмұхамед Қонаев — Sputnik) де айтқан. Жұмыс істеп тұрғанда екі рет қабылдауында болдым. "Өзіңе керек дүниелерді сұрамадың" деп те айтқан еді. Мен ауылдың қарапайым баласымын. Жұмыс істеуге жағдайымыз жарап тұрса болды, өзіңе керегіңді айтып ауыз аша беру — ыңғайсыз. Жарқырап көзге түсуді, мақтан қуып, талтаңдап жүруді табиғатым жек көреді", — дейді Нұрғали Нүсіпжанов. 

Әншінің айтуынша, адам бойындағы қасиетімен, атқарып жүрген ісімен аты шықса нұр үстіне нұр.

Нұрғали Нүсіпжанов 5 қыз тәрбиелеген бақытты әке

Төрт қызын құтты орнына қондырып отырған халық әртісінің үш перзенті әке жолын таңдаған. Тұңғышы бір жылдары Жүргенов атындағы  қазақ ұлттық өнер академияның ректоры қызметін атқарған. 

"Төртінші қызым күйсандықта ойнайды. Өз ісінің маманы. Осыдан бес жыл бұрын Парижде өткен әлемдік байқауды бірінші орын алды. Балаларымның жетістігімен мақтанып, кеудемді керіп, саудаға салмаймын. Қыздарымның тәлім-тәрбиесі жағынан ешкімнен ұялмаймын", — дейді Нүсіпжанов.  

Бүгінде әншінің кенже қызы да шетел асып, өнер жолында білім алып жатыр.

"Қызым аман-есен оқуын бітіріп келсе екен деймін. Ол қазір Италияда көркемдік сурет, кескіндеме саласында оқып жатыр. Бірнеше тілді жетік меңгерген", — деді әнші кенже қызы жайлы. 

Ал әншінің өнер жолын таңдамаған екі қызының бірі – дәрігер, екіншісі – экономика саласында еңбек етіп жүр. 

"Баланы кішкентай кезінен неге баулысаң, соның жемісін көресің. Баланың бойында табиғаттың берген аз ғана өнері болса, ол еңбек ету арқылы ашылады, дамиды. Өнердің өзі табиғаттан беріледі.  Егер жоқ болса, онда зорлық жоқ. Ал тәлім-тәрбие беру – міндетіміз", — деді Нұрғали Нүсіпжанов. 

"Өнерге деген көзқарас түбімен өзгерді"

"Өнер адамы болуды қалайтын, әсіресе, қыз балаға отбасы тарапынан қарсылық жиі кездесетін. Бұл жағдай замандастарымның, құрбыларымның басынан өтті. Оны көзіміз көрді. Бүгінде өнерге деген көзқарас түбімен өзгерді", — дейді халық әртісі. 

Тағы оқыңыз: Министрлік Роза Рымбаеваның мәлімдемесіне жауап берді

Әншінің айтуынша, өнерді еріккеннің ермегі санайтындар да бар. Өнерді жете түсінбетіндер әртіс болу оңай жұмыс деп ойлайды. 

"Ал қазіргі кезде өнерге деген көзқарас түбімен өзгерген сияқты. Өйткені қазіргі ата-аналар баласын өнерге баулуға, оқытуға өздері қолынан жетектеп әкеліп жатады. Соның бәрі біз атқарып жатқан дүниелерге байланысты болуы мүмкін", — дейді әнші.

Нұрғали Нүсіпжановтың айтуынша, бүгінде өнерді меңгермей жатып, өнер беретін дүниелерді, марапаттарды, жеңілдіктерді тез алғысы келетіндер көп. 

"Өнерді игерген адамды атақ пен шен өзі қуып жетіп алады"

"Жөн сұраған жастарға өнерді игерген адамды атақ пен шен өзі қуып жетіп алады деп айтып отырамын. Сонда ғана қадірің кетпейді, ел мен жұртқа сүйкімді боласың деймін", — деді халық әртісі. 

Кейде ақсақалдың кеңесін қызғаныш деп бағалайтындар да бар екен. 

Әншінің айтуынша, ұлттық тәрбие бірінші орында тұру керек. Жастар үшін түрлі жобалар жасалып жатады. Не істелсе де ұлтымыздың пайдасына шешілетін, болашаққа бағытталған дүниелер болу керек.

"Біздің ұлттық тәрбиеміз ақсап жатыр. Біз балаға кейде не болса соны үйреткенді ұнатамыз. Бізде өзгеге еліктеу деген, біреудің қаңсығына таңсық болу деген жаман әдет бар. Бала дүниеге көзін аша бастағанда берілетін тәрбие ұлттық негізде болу керек. Өзінің кім екенін біліп өсуі керек", — дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

 

2439
Кілт сөздер:
Қазақстанның халық әртісі, өнер, әртіс, сұхбат, әнші, Дінмұхамед Қонаев, Нұрғали Нүсіпжанов
Тақырып бойынша
Қазақстанның халық әртісі дүниеден озды
Қазақтың халық әртісі Жаманқұловқа үкім шықты
Белгілі әнші үйінің жанында атыс ұйымдастырды
Белгілі әнші көшедегі адамдарға миллион доллар таратты
Қазақстандық әнші кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін нокаутпен аяқтады
"Әнші мен әртісті ақшаға үйреткен байлар" немесе қазақ мәдениетіндегі аш бала кім, тоқ талант кім?
Загрузка...