жас жұбайлар

Психолог: қыздардың шетелдікке тұрмысқа шыққаны балаларына жақсы

913
(Жаңартылды 12:47 01.09.2018)
Маман шетелдікке тұрмысқа шыққысы келген қазақ қыздарды сынаудың дұрыс емес екенін жеткізді

АСТАНА, 29 тамыз — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Жар таңдау — жауапты іс. Кез келген адам отбасылық өмірге қадам басқаннан кейін сүйіктісімен тіл табысып, бақыт пен махаббатқа толы ғұмыр кешкісі келетіні сөзсіз. Ал қазіргі таңда шетелдік азаматқа тұрмысқа шығу немесе шетелдік әйелмен көңіл қосу сәнге айналып келеді. Осы орайда Sputnik тілшісі астаналық психолог, "Сана" тұлғаны оңалту және қайта әлеуметтендіру қорының жетекшісі Асанәлі Хамзинмен әңгімелесіп, адамның шетелдік азаматпен отбасын құруының астарында қандай себеп жатқаны туралы сұрады. 

Сүйіктіңді тапқанмен, онымен ыдыс-аяқ сылдырламайтындай отбасын құру оңай іс емес. Ал шетелдікпен көңіл жарастыру өз кезегінде екі есе жауапкершілікті талап етеді. Себебі осы тұста екі елдің мәдениеті бір арнаға тоғысып, арада көптеген түсініспеушілік орнауы мүмкін. Сондай-ақ, дәл осылай таңдау жасауға бейсаналы, психологиялық деңгейде белгілі бір себептер әсер еткен болуы да ғажап емес. Бұл туралы толығырақ көптен бері отбасылық проблемаларға назар аударып, жұптарды да емдеп жүрген психолог маман баяндап берді. 

— Көптеген маман адамның болашақ жарын өз ата-анасына ұқсатып таңдайтынын айтады. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Яғни адам болашақ жарын қалай таңдайды?

—  Айтылған пікірлер 100% шындыққа жанаспайды. Біз болашақ жарды таңдау барысында бірінші орынға инстинктерімізді қоямыз. Жолдасымыздың ұрпағымызды көбейтуге қолайлы адам болғанын қалаймыз. Құдды жануарлар секілді. Бейсаналы деңгейде "Бұл адам балама әке немесе ана болуға қаншалықты жарайды?", "Отбасын қаншалықты асырай алады?" немесе "денсаулығы жақсы ма?" деген сауалдар төңірегінде ойланамыз. Әрине, ата-анамызға ұқсататынымызды да жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, ерлі-зайыптылар бір-біріне "Сенің осы қасиетің менің анама ұқсайды" немесе "Сен тура менің әкем секілді айттың" деп белгілі бір қасиеттерді еске түсіретінін тілге тиек етіп отырады. Осыған қарап біз ата-анамызға, расымен де, ұқсас адамдарды таңдайды екенбіз деп айта аламыз. Десе де, мен болашақ жарымыз ата-анамызға қарағанда өзімізге көбірек ұқсайды деп айтар едім. Сондай-ақ, адам бір фактор емес, бірнеше фактордың жиынтығына қарайды. 

Қоғам қыздар бай азаматқа тұрмысқа шыққысы келгенде, оның арам ниеті бар деп ойлайды. Дәл бұлай барлығына бірдей топырақ шашқан дұрыс емес. Себебі, олар үшін бірінші кезекте отбасы мен бала-шағасының жағдайы маңызды. Дүниеге сәби әкелу үшін, оның болашағын материалдық құндылықтармен де қамтамасыз ету үшін көп қаражат керек екенін саналы түрде түсінеді.

Мұның қандай шығынға батыратынын жөргегінен бастап есептей берсеңіз болады. Ал неліктен сырт келбеті сұлу да сымбатты адамдармен отбасын құрғысы келеді деген сауалға келсек, мұнда басты фактор — денсулық. Жаны сау адамның тәні сау. Ал тәні сау адамның сырт келбеті де әдемі болып тұрады. Оның үстіне адамдар көптеген аурудың ген арқылы берілуі мүмкін екенін жақсы біледі. Сондай-ақ, әйел қауымы ер азаматының жұмысшылар тобынан емес, басқарушылар тобынан болғанын қалайды. Яғни қоғамдағы рөлін де ескереді. 

Тағы оқыңыз: Күйеу жігіті өлтірген қалыңдық туралы фильм шықты

— Бүгінгі таңда сүрбойдақтардың көбеюіне не себеп деп ойлайсыз? Жастар неге ертерек отбасын құрғылары келмейді?

—  Біріншіден, біз соңғы уақытта Еуропа қауымына өте қатты еліктеп кеттік. Бұл жалғыз фактор емес. Адамдар оқу оқып, жұмыс істеп, өмірден барынша ләззат алғылары келеді. Жас жігіттер тойыма ақшаны өзім жинаймын деп жүріп қалады. Сол тойға қаражат жинап жүргенде біраз уақыт өтеді. Екіншіден, болашақ жарымызға қоятын белгілі бір талаптарымыз болады. Сол талаптар жыл өткен сайын, адам өзін дамыта түскен сайын еселеп көбейе береді. Мысалы, 18 жастағы қыз болашақ жарымның жоғары білімі болса жеткілікті деп ойлауы мүмкін. Ал 25-30 жастағы қыздардың ойы мүлдем басқа болады.

Үшіншіден, қоғамның бұл нәрсеге еті үйреніп қалды. Қазір көп адам сүрбойдақтарға "Сен қашан тұрмысқа шығасың? " немесе "Сен қашан үйленесің? " деп тиісе бермейді. Осыдан кейін адамдардың өздері де жалғыз жүруге үйреніп қалады. Себебі, отбасылық өмірде белгілі бір қиындықтар болуы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Қайта-қайта ажырасқанша осылай жүре берейін дейтіндер де кездеседі. 

— Әке ретінде балаларыңыздың шетелдік азаматпен отбасын құруына деген көзқарасыңыз қандай? Жалпы психологиясы қандай адамдар шетелдіктермен отбасын құрады? Бұл бейсаналы деңгейде ата-анасына, ұлтына көрсеткен қарсылық болуы мүмкін бе?

—  Алдымен, бірінші сұрағыңызға жауап берейін. Егер екі жастың махаббаттары шынайы болып, бір-бірлерін шын түсінісіп жатса, неге қарсы боламын?! Неге тұрмысқа шықпасқа?! Мен адамдарды ұлтына қарап бөлуге қарсымын. Барлығымыз адам болып жаратылғанбыз, жер бетінде теңбіз. Сол себепті мұның ешқандай кесірі жоқ деп ойлаймын. Екінші сұраққа келер болсам, оған елімізде ер азаматтар санының аздығы себеп шығар. Өйткені бізде көбінесе қыздар шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып жатыр. Қазіргі статистикалық мәліметтер бойынша, 5-6 қыздың басына бір жігіттен келеді. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің отбасылық отырыстарда қыз балалардың көп екенін байқаймын. Мейрамхана, дәмханаға бара қалсаңыз, қыз балалардың көп екенін байқамау мүмкін емес. Бәріне бір психологияны тели беруге болмайды. Әр адам өз алдына жеке тұлға. Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін шетелдікке тұрмысқа шыққан әрбір әйелмен сөйлесіп шығу қажет. Дұрыс әрі нақты жауапты сол жандар ғана біледі. 

— Шетелдікке тұрмысқа шығудың адам үшін пайдалы тұстары қандай? 

—  Психологтар адамдарға өзге ұлт өкілдеріне сыйластықпен қарауды үйретеді. Яғни бізде қай ұлтқа жататыныңыз немесе қай дінді қабылдағаныңыз маңызды емес. Осы тұста ешқандай зиянын көріп тұрған жоқпын. Көзқарасым өзгеше болғандықтан, мұндай жұптарға еш қарсылығым жоқ. Бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде таралған оқиға есімде. Сол кезде қазақ қызы қытай азаматына тұрмысқа шығып той жасаған болатын. Тойына сырттан біреулер келіп шырқын бұзған екен. Егер екі азамат бір-бірін сүйіп тұрса, біз неге қарсы болуымыз керек? Үшінші адам неліктен қос ғашықтың таңдауына кірісуі керек? Осы нәрсені түсіне алмаймын.

Неліктен жақындары ол қыздың таңдауын ескермей тұр? Оның үстіне Қазақстан — көпұлты мемлекет. Осы нәрсенің қайдан шыққанын түсіне алмаймын. Мысалы, Францияда ер адамдар әйелдеріне қолғабыс етіп, үй жинасып, тамақ та пісіріп береді. Ер азаматтарының ой-өрісі біздікілерге қарағанда өзгеше. Әйелінің сыртта жұмыстары болса, баласын ер азаматына қалдырып өзі сыртқа шығып келеді. Сондай-ақ, ол жақта ер адамдардың декреттік демалысқа шығуы жиі кездеседі. Бізде де бұл үрдіс соңғы кездері жүріп жатыр. 

Тағы да оқыңызБҰҰ неліктен қыз алып қашу дәстүріне қарсы шықты

— Шетелдік азаматпен отбасын құру керісінше қандай қиындықтарға душар етуі мүмкін?

—  Таныс бір әйел Франция азаматына тұрмысқа шықты. Бастапқыда екеуі екі мемлекетте жатып интернеттегі аударма арқылы сөйлескен екен. Кейін әлгі азамат әйелді өмірде көру үшін Қазақстанға келді. Бір-бірін осылайша жақынырақ тани түсеміз деп ойласа керек. Яғни осы тұста бірінші қиындық тілде болып отыр. Тағы бір танысым франциялық азаматпен отбасын құрған болатын. Кейін екеуі Францияда тұра бастады. Яғни ерлі-зайыптының біреуі өзі үйреніп қалған жерін қиып кетуге мәжбүр болады. Бұл  екінші қиындық. Осы танысым француздар жеріне барған кезде көпке дейін осы елдің салт-дәстүрін бойына сіңіре алмай жүргенін айтады.

Себебі, олар біз секілді емес. Қазақстандағыдай бір-бірінің үйіне қонаққа көп бара бермейді. Тіпті, азық-түлікті келетін қонаққа шақтап алатын көрінеді. Азаматтық алу мәселесі тағы бар. Білуімше, бізде шетел азаматы тегін көмек ала алмайды. Осының барлығы ақырында адамды күйзеліске түсуге мәжбүрлейді. Ал күйзелісте жүрген адамның айналасындағылармен қарым-қатынасы нашарлай бастайтыны сөзсіз. Айналасында ең жақын кім жүр? Әрине, жары. Мұның арты ажырасуға әкелмесіне кім кепіл?

— Маман ретінде мұндай жағдайда не істеуге кеңес бересіз?

—  Шетелдіктермен отбасын құрғандарға ғана емес, жалпы барлық ерлі-зайыптыға бір-бірін тыңдап, өзара түсіністік танытуға кеңес бергім келеді. Көбінесе біз эгоизмге басып, өзімізді тым жоғары қойып жібереміз.

Қос ғашық бір-бірімен тату болған кезде сыбырлап сөйлейді. Өйткені бір-бірін түсінетін жүректері жақын орналасқан. Ал ұрысқан кезде керісінше дауыс көтереді. Өйткені, жүректері бір-бірінен алыстап, айтар сөздерін жеткізе алмай кетеді. Кейін осы арадағы бос кеңістікті толтыру үшін артық сөздер айтып, бұрынғысынан бетер айғайлай түседі.

Сондықтан жүректері алыстамаса екен деймін. Ал егер өздері шешім таба алмайтындай жағдайға келсе, арнайы мамандарға барсын. Психолог отбасын сақтап қалуға 100% себепші болмаса да, отбасын аман алып қалуға үлес қосады. Ең бастысы, бір-біріне кешірімді болса екен деймін. 

— Әке-шешесінің әртүрлі ұлт өкілінен болуы балаға қалай әсер етеді? 

—  Шындап келгенде ерлі-зайыптылардан бұрын мұндай неке балаға пайдалы. Оның үстіне қазақта қанның араласуына ежелден үлкен мән беретінін өзіңіз жақсы білесіз. Біз басқа ұлт өкілімен қанымызды араластырсақ, баланың иммундық жүйесі жақсы болып, көп ауырмайтын еді. Еліміздің жеті ата сұрауы тегін емес. Бұдан кейін баланың дүниетанымы кең болады деп айтар едім. Себебі, ол дүниеге шыр етіп түсе салысымен бір емес, бірнеше ұлттың мәдениетін бойына қатар сіңіреді. Өзіңіз білетіндей, біздің спортшыларымыз шетелге барып жаттығады. Өйткені, ол жақта әлемдік деңгейдегі мықты мамандар бар. Ал қазақ қызы шетелдікке тұрмысқа шығып, баласы дамыған мемлекетте туып жатса, ол перзенттің болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Сапалы білім алып, бірнеше тілді меңгеретін еді. 

— Соңғы кездері әлеуметтік желіде танысып көңіл қосу тенденциясы дамып жатыр. Қалай ойлайсыз, желіде "сүйемін, күйемін" деп басталған махаббат хикаясының арты тойға ұласа ма? Әлде мұндай таныстықтан сақтануымыз керек пе?

—  Әлеуметтік желідегі таныстықтарға менің еш қарсылығым жоқ. Мысалы, мен жұбайыммен желіде танысқан болатынмын. Сондай-ақ, бұл таныстық жастар үшін барынша тиімді деп ойлаймын. Өйткені адамдардың бір жерге арнайы барып отыруларына уақыттары бола бермейді. Екінші жағынан бұл ақшаны үнемдеуге көмектеседі. Оның үстіне бұл хикая бірден тойға ұласып кетпейді. Жастар бір-бірін ақырындап біле бастайды. Қатты бауыр басып, бір-бірінсіз тұра алмайтындай жағдайға жетеді. Бірақ, кейін шынайы өмірде кездескенде бір-бірін ұнатпай қалулары мүмкін. Бір отбасын құру пазлдар арқылы бір картинаны құрастырып шығумен тең. Яғни мұндайда әр ситуацияны жеке-жеке талдауымыз қажет. 

— Нағыз махаббат дегеніміз не?

—  Бұл сұраққа әр адам әртүрлі жауап береді. Осы күнге дейін ғалымдардың өзі жауап тауып үлгермеді десем артық айтпайтын шығармын. Бірақ, әке-шешенің баласына деген және қыз бен жігіттің бір-біріне деген махаббаттарының арасында айырмашылық бары сөзсіз. Қыз бен жігіттің махаббатты ұнатумен шатастырып алатын кездері де болады. Ал, меніңше, махаббат дегеніміз – етістік. Ол "сүйемін, ұнайсың" деген сөздермен ғана емес, іс-әрекетпен, көрсетер қамқорлықпен көрініс табуы тиіс. "Махаббат сенің өміріңе айналған адамға деген құштарлық" деп бекер айтылмаса керек. Осы махаббат сезімі болмаса, бүгін адамдар да, олардың қолынан шыққан бұйымдар да болмас еді деп ойлаймын. Бір-бірлеріңізді шын сүйіп, бағалай түсіңіздер деген тілегім бар.  

— Сұхбатыңызға рақмет!

913
Кілт сөздер:
отбасы, психология, ата-ана, махаббат хикаясы, ерлі-зайыптылар, өзге ұлтқа тұрмысқа шығу, Қазақстан
Тақырып бойынша
Психоаналитик қызына хиджаб кигізетін ата-ананың неге олай істейтінін түсіндірді
"Өлімге құштарлық". Адам өмірден өтетін күнін өзі таңдайтыны рас па?
Психоаналитиктер Денис Теннің әндері кімге арналғанын айтты
Психолог күн бұлттанған кезде қалай тамақтану керектігін айтты
Психолог адамдар әлеуметтік желіге неге сурет салатынын айтты
Психолог тәуелсіздік құрдастары туралы: оларда ішкі бостандық басым
Биыл 1 шілдеден бастап 14 мың отбасы жаңа жәрдемақы алады
Қостанайда үш балалы отбасы мәйітхана ғимаратында тұрып жатыр
Отбасы мінген ұшақ Бермуд үштағаны маңында жоғалып кетті
Загрузка...