Белгілі ұстаз: зомбиден қорғамақ болған шәкіртім жүрегімді елжіретті

© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай / Ұстаздың суретіЗауреш Зайнуллақызы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы
Зауреш Зайнуллақызы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дауыс көтермей тыңдата білудің шарты – өзіңнің мықты маман болуың, дейді Зәуреш Зейнуллақызы

АСТАНА, 3 қазан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. "Ұстаз болу — өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау" екені сөзсіз рас. Себебі шәкірт санасына білім дәнін сеуіп, оны мейірімділікпен өсіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл үшін ұстаз бойында кәсібиліктен бөлек, адамгершілік, сабыр, әдептілік, ар-ұят сынды қасиеттер болуы керек. Осы орайда Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі, 37 маман жұмыс істейтін Тілдерді дамыту кафедрасының меңгерушісі Зауреш Зейнуллақызы ХХІ ғасыр ұстазы қандай болу керектігін тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. Сондай-ақ, маман болашақта ашатын жекеменшік мектебінің немен ерекшеленетініне тоқталып, 26 жыл өтілінде болған жүрек жылытар сәттерді еске алды.

Казахстанская группа NINETY ONE - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Ұстаз: Ninety one арқасында балаларымыз қазақ тілін біліп жүр

- Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Ұстаздық сізді несімен қызықтырды?

— Әрбір мамандық иесі үшін ең алғашқы жұмыс күні есте сақталатыны сөзсіз. Осыдан 26 жыл бұрын студенттік өмірден кейін өмірімнің жаңа кезеңіне қадам бастым. Сабақ басталып, оқушыларға өзімнің кім екенімді таныстырдым. Кейін сабақ аяқталған соң шәкірттерім "Зәуреш Зайнуллақызы" деп сауалдарын қоя бастады. Осы сәтте алғаш рет өзіме үлкен жауапкершілік артылғанын сезіндім.

Мұндай сәтте толқу — заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені сабаққа кірмес бұрын ойыңда "Бірінші жұмыс күні қалай өтер екен?", "Оқушылар мені қабылдай ма?" деген секілді сауалдар тұрады. Ал оқушы ұстазға кез келген сұрақ қоюы мүмкін. Яғни мұғалім осының барлығына дайын болуы керектігін түсіндім.

- Бұл салаға қалай келдіңіз?

— Ұстаз болу бала кездегі арманым деп айтуға болады. Ол кезде мұғалімге деген көзқарас басқа болды. Оның үстіне мен ауылда туып-өстім. Ауыл адамдары ұстаздарды ерекше құрметтейді. Әке-шешем де "Мұғалімнің айтқанын екі етпей орындап отыру қажет, оларға қарсы сөйлемеу керек" деп үйретіп отыратын. Осы отбасылық тәрбие мен ауыл адамдарының ұстаздарға деген көзқарасы менің осы саланы таңдауыма әсерін тигізді. Ешуақытта бұл саланы таңдағаным үшін өкінген емеспін.

- Жүзіңіз де, дене бітіміңіз де ерекше сұлу, бойшаңсыз. Көрерменнің көзайымы болатындай салаға барғыңыз келмеді ме?

— Өзім Ақтөбе қаласының тумасымын. Ұстаздыққа қадам басқаннан кейін телевизия саласында диктор болу үшін бір байқау болып жатқанын естіп бардым. Десе де, аз уақыт ішінде телевизияның менің салам емес екенін түсіндім. Тоқырау кезеңі болып жатқанда мамандар мектептен басқа жаққа кетіп жатты. Алайда заманның қиын болғанына қарамастан, менің бүйрегім ұстаздыққа бұрып тұрды. Бұдан басқа ешнәрсемен айналысқым келмейтіндей көрінетін. Бір қарағанда мен әсірелеп айтып жатқандай болатын шығар. Десе де, бұл менің шын ойым.

© Sputnik / Қарлыға БүйенбайЗауреш Зайнуллақызы, ұстаз
Зауреш Зайнуллақызы, ұстаз - Sputnik Қазақстан
Зауреш Зайнуллақызы, ұстаз

- Қазақта "Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы" деген сөз бар. Әр адамның өмірлік тәжірибесінде ұстазы болатыны сөзсіз. Ал сіз кімдердің шәкірті болдыңыз? Тұлға болып қалыптасуға көмектескен ұстаздарыңыз туралы айтып беріңізші.

— Мұғалімдердің ұстаздық этика талаптарына сай мәдениеттілігі, ізгілік пен адамгершілік бағытындағы ақыл-кеңестері мәңгі есімде сақталады. Өз бойымдағы ізденгіштік, жауапкершілік, әдептілік сияқты қасиеттердің негізін ұстаздарымның мектебінен бастау алды деп айта аламын.

Алғашқы ұстаздарымның бірі Антонина Михайловнаның мейірімділігі ұнайтын. Ерекше есте қалған жан деп ректорымыз Мұхтар Ғалиұлын айта аламын. Сол кісінің дәрісін тыңдап, айтылған дүниелерге қатты таңғалған едім. Философиялық ойлары керемет жан еді. Бірде "Педагогикалық институтқа мұғалімдерді емтихансыз қабылдар едім. Ол үшін маған олармен бір рет сұхбаттасу жеткілікті. Осы бір кездесуден-ақ оның мұғалім болуға лайық, лайық еместігін анықтауға болады" дегені есімде. Ал мектепте жұмыс істей бастағанымда Пак Римма Андреевна есімді директорым болды. Сол кісінің талап қойып, оны түсіндіре білетіндігі және соны орындата білетіндігі ерекше ұнайтын. Ал әдістемелік шеберлігімді шыңдауға үлесін қосқан ұстазым Бикас Молданиязқызы. Қазір мен де ортамда көшбасшы, кафедра меңгерушісі болып жүрмін. Әдепті де білімді, мәдениеті мол, кісілігі биік ұстаздарым мен үшін тәрбие мектебі болды.

гүл - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Ұстаздарға қымбат гүл сыйлағандарды қандай жаза күтіп тұр?

- Кафедра меңгерушісімін деп айтып жатырсыз. Қазір көп адам басшы, жетекші болуды бұйрық райда сөйлеу, дауыс көтеру деп түсінеді. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

— Қоластыңдағылар сенен қорқуы, ығуы керек деген түсінік қоғамда қалыптасқан. Мұндаймен жұмыс өтілімде де кездескен болатынмын. Ал менің өмірлік қиғадаларым бұл нәрсеге қарама-қайшы. Ең бірінші қағидам — сыйластық, мейірімділік. Кафедра меңгерушісі болып жүргеніме бірнеше жыл болды. Осы жылдарда кафедрамызда әріптестеріміздің арасында кикілжің болып көрген емес.

Қандай жағдай болса да, мен әріптестеріме және оқушыларыма дауыс көтермеймін. Өйткені, бұл нәрсе менің болмысыма тән емес. Осы тұста дауыс көтермей тыңдата білудің бір шарты — өзіңнің мықты маман болуың. Сонда ғана жаныңдағы мамандар сізді сыйлайды және айтқандарыңызға құлақ асады.

- Ұстаздың барлық оқушыны бірдей жақсы көретіні сөзсіз. Десе де, сізді ерекше таңғалдырып, керісінше сізге "ұстаз" болған шәкірттеріңіз бар ма?

— Ұстаз үшін барлық оқушы бірдей екені сөзсіз. Дегенмен ерекше дарындылығымен, ой-өрісінің кеңдігімен есте қалатын оқушылар кездеседі. 2000 жылдары Ақтөбе қаласында жұмыс жасап жүрдім. Сонда мектебімде Азамат және Шыңғыс есімді екі бала оқыды. Осы екі баланы пікірталастан өтетін сайысқа дайындап жіберуім керек болды. Екеуі барамын деп құлшынғандарымен, орысша ойлайтын балалар. Қазақ тілінде өз ойларын ашық жеткізе алмайтын.

Ақыры аз уақыт ішінде дайындалып, қалалық жарысқа бардық. Мен пікірталас өткен кабинетке кіруге жүрегім бармай, сыртта тұрдым. Бір кезде екі шәкіртім "Біз олардың быт-шытын шығардық қой деймін" деп күліп келе жатыр. Олар бірінші орын алып, мен дебат ойындарының "Үздік жаттықтырушысы" деген сертификатқа ие болдым. Осы кезде мен шәкірттерімнің батылдығына қайран қалған едім. Қазақ тіліне шорқақ бола тұра ынта-жігерлерінің арқасында жеңіске жетті. Оның үстіне олар небәрі 8-сыныпта оқитын.

Тағы бір шәкіртім ерекше есімде қалды. Орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен сабақ беріп жүрдім. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін сурет салдырып, кейін сол суретке қазақ тілінде сипаттама берулерін сұрадым. 4 сыныпта Әмірлан есімді тұйықтау бала бар болатын. Бір кезде алдыма салған суретін алып келді. "Апай, мынау өрмекші адам-спайдермэн, анау зомби мен бандит. Мына сызықтың шетінде сіз тұрсыз. Егер сізге зомби мен бандит тиіссе, өрмекші адам сізді қорғайтын болады" деген кезде жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. Әмірланның аппақ ниетіне қайран қалдым. Ал біздер, ересек адамдар, кейде тіпті жақындарымызға да мейірімділік көрсете алмай жатамыз…

- Бұл саланы таңдамас бұрын жас мамандар нені ескерсе екен дейсіз?

— Мектеп — тынымсыз тіршіліктің ордасы. Бірінші кезекте осыны ескерсе екен деп ойлаймын. Көп маман "Қолымда дипломым бар, бірнеше тілді жетік меңгергенмін. Жұмысты оңай алып кете аламын" деп ойлайды. Ұстаз болу үшін бұлар жеткіліксіз. Бала — ел болашағы, ұстаздың алдында — ел болашағы білім алады деп ескерткім келеді. Бұл өте зор жауапкершілік, сол себептен үнемі ізденіс үстінде жүруің керек болады. Қоңырау соғылып, ұстаздар үйге кеткенмен, олардың жұмысы мұнымен бітпейді. Автобуста отырсаң да, үйде теледидар қарап отырсаң да, мектептегі шәкірттеріңді, ертеңгі сабағыңды ойлап отырасың. Демек, мұғалімнің жұмысы үздіксіз жалғаса береді.

© Sputnik / Қарлыға БүйенбайЗауреш Зайнуллақызы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы
Зауреш Зайнуллақызы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы - Sputnik Қазақстан
Зауреш Зайнуллақызы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы

- Осы орайда ойыма мынадай сұрақ келіп тұр: Мұғалімнің тынымсыз тіршілігі жас мамандардың уақытылы отбасын құруға кедергі болмай ма?

— Кейде ұстаздар отбасын кеш құрып жататыны рас. Бұл соңғы кезде байқалатын тенденция. Дегенмен, жас мұғалімдер өмірлік приоритеттерін дұрыс реттеп қойғаны абзал. Мысалы, менің өзім 22 жасымда тұрмысқа шықтым. Екі балам бар. Бала тәрбиесінде ата-енемнің көп көмегі тиді. Солардың арқасында мен алаңсыз өзімнің мұғалімдік қызметімді атқара алдым.

Наурыз - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Әнші Ғаділбек Жанай ұстаздарға кимешек кигізуді ұсынды

- Енді қиялыңызға ерік беріңізші. Жеке өзіңіз мектеп ашып жатсаңыз, ол қандай болар еді деп ойлайсыз?

— Негізі ол туралы өзім көп ойланамын. Өйткені былтыр халықаралық конференцияға қатыстым. Сонда бір профессор 2030 жылы Қазақстандағы білім беру саласының 80%-і жекеменшік болатынын айтты. Ал биыл жекеменшік мектептердің көптеп ашылғанын байқадым.

Осы уақытқа дейін көптеген шетелді араладым. Ресейдің Петербург қаласындағы, Сербия, Словения және т.б. жерлердегі мектептерге бардым. Яғни әлем мектептерін зерттеп, тәжірибе жинақтаған болатынбыз. Меніңше, мектебім әлемдегі ең үздік білім ордалары тәжірибесінің синтезі негізінде құрылады. Бірақ, шетелдің тәжірибесін сол күйінде тікелей көшіріп алуға қарсымын. Өйткені, біздің менталитетке, дәстүрімізге қайшы келетін тұстары да бар. Мектеп ашу мүмкіндігі берілсе, білім ордасы, ең алдымен оқушылардың шығармашылық бастамаларын қолдаумен ерекшеленер еді. Жекеменшік мектебімнің фундаменті ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибеден құрылғанын қалаймын.

- Демалысыңызды қалай өткізесіз?

— Жұмыстан шаршаған кезде, әрине, отбасыммен, немерелеріммен жүздесу бір ғанибет. Жаңа сізбен әңгімелесіп отырып "Біз демалғанның өзінде жұмыс істейді екенбіз ғой" деген ой келді. Расымен де, тынымсыз еңбектенеміз. Десе де, қолым қалт етіп босай қалса кітап оқимын.

- Жұмысқа емес, өзіңіз үшін қандай кітаптар оқисыз?

— Өзім поэзияны жақсы көремін. Ақындық қасиетім болмаса да, лирикалық өлеңдерді ерекше ұнатамын. Дәлірек айтсам, Сағи Жиенбаев пен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын. Ұнаған өлеңдерді бірден жаттап алатын әдетім бар. Көбінесе ана, махаббат, отан тақырыбындағы поэзияны ұнатамын.

Бірде қызым Қазанғаптың "Жем суының тасқыны" атты күйін орындап бергені есімде. Сол күйді тыңдап отырып ерекше тамсанған едім, өйткені менің ата-бабаларым Жем бойын мекендеген. Одан Сағи Жиенбаевтың өлеңдер жинағын парақтап отырып, Жем туралы өлеңін тауып, жаттап алдым: "Жем бойында өтті менің жас күнім, Көргенім жоқ бірақ оның тасқынын, Жатады тек көк жібектей судырап, Маңдайынан сипап жердің тас, құмын…". Осындай метафоралардың әсерлілігі, поэтикалық тілдің әсемдігі мені таңғалдарыды. Кейде сабақ тақырыбына сай келіп жатса, туған жер, ана туралы өлеңдерді оқушыларға оқып беремін. Байқауымша, мұғалімнің өлеңді мәнерлеп оқуы оқушыларға әсер етеді, тіпті поэзияны сүюге ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

© Sputnik / Қарлыға БүйенбайЗауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелігі
Зауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелігі - Sputnik Қазақстан
1/3
Зауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелігі
© Sputnik / Қарлыға БүйенбайҰстаздың оқушыларынан алған сыйлығы
Ұстаздың оқушыларынан алған сыйлығы - Sputnik Қазақстан
2/3
Ұстаздың оқушыларынан алған сыйлығы
© Sputnik / Қарлыға БүйенбайЗауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелік суреті
Зауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелік суреті - Sputnik Қазақстан
3/3
Зауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелік суреті
1/3
Зауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелігі
2/3
Ұстаздың оқушыларынан алған сыйлығы
3/3
Зауреш Зайнуллақызының оқушылардан алған естелік суреті

- Шетелдік мектептерде болып тәжірибе жинап қайтқаныңызды айтып өттіңіз. Көптеген мемлекетте бірыңғай мектеп формасы қарастырылмаған. Жалпы оқушылардың бірдей форма киюіне көзқарасыңыз қандай? Мұның қандай ұтымды тұстары бар?

— Мектеп формасына қатысты көптеген пікір айтылды. Біреулері керек десе, екіншілері әркім қалағанын кисін деп жатты. Осы тұста біржақты пікір айту қиын. Десе де, мен бірыңғай мектеп формасының болуын қолдаймын. Оның негізгі екі себебін айтуға болады. Біріншіден, бұл жерде әлеуметтік теңсіздік мәселесін ескеруіміз қажет. Бір бала ауқатты, ал екінші бала қарапайым отбасыдан шыққан. Яғни бірыңғай мектеп формасы әлеуметтік теңсіздікті психологиялық деңгейде шешуге көмектеседі. Екіншіден, қаражат мәселесіне келгенде, ата-аналарға көп көмегі тиер деп ойлаймын. Өйткені мектеп формасының белгіленген бағасы бар және ол аса қымбат емес. Ал оқушыларға киімге қатысты еркіндік беретін болсақ, бұл кейбір ата-анаға қиындық тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, галстук адамдарды тәртіпті етеді деген пікір бар. Яғни мектеп формасының бала тәрбиесіне де әсері бар.

мектептегі сабақ - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Исекешев жаңа оқу жылында ұстаздардың жалақысы өсетінін айтты

- Бір жылдары ұстаздарға да бірыңғай форма кигізу ұсынылды. Бұған қалай қарайсыз?

— Мұғалім жоғары білімді, педагогика, психологияны меңгерген маман, сол себепті оқушы алдында эстетикалық талаптарға сай киінгені жөн. Мұғалімнің әдемі, жарасымды киіне білуі шәкірттерге үлгі болып, олардың талғамын қалыптастыруға септігін тигізеді деп санаймын. Яғни, мұғалімдердің бірыңғай мектеп формасын кигенін қолдамаймын.

- Ал үй тапсырмасын азайтудың қандай ұтымды тұстары бар деп ойлайсыз? Білуімше, бұл сіздердің тәжірибелеріңізде бар.

— Соңғы уақытта мектеп оқушыларына берілетін үй жұмысының көлемі маңызды мәселе болып тұрғаны белгілі. Статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстан оқушылары үй тапсырмасын жасау уақыты бойынша алпыс бес мемлекеттің ішінде төртінші орында екен. Ал біздің мектепте үй жұмысын азайту мәселесі 5-6 жылдан бері талқыланып, жан-жақты қарастырылып келеді. Нәтижесінде оқушылардың жас ерекшеліктері мен оқу жүктемесіне сай үй тапсырмасының белгілі бір көлемі бекітілді. Мысалы, 7 және 8-сынып оқушыларына үй тапсырмасы берілмейді, бірақ оқушыларымыз күнделікті үйде кітап оқуға уақыт арнауы тиіс. Бұндай тәжірибе оқыту процесін дұрыс жолға қойғанда ғана тиімді болатыны сөзсіз.

© Sputnik / Қарлыға БүйенбайҰстаз Зауреш Зайнуллақызының отбасы
Ұстаз Зауреш Зайнуллақызының отбасы - Sputnik Қазақстан
Ұстаз Зауреш Зайнуллақызының отбасы

- Соңғы кезде ұстаздарға үш тілді толық меңгеру талабы қойылып жүр. Бұл ұстаздарымыздың қолынан келеді деп ойлайсыз ба?

— Назарбаев Зияткерлік мектебі қазақстандық және халықаралық педагогикалық тәжірибені зерттеу мен ендіру алаңы болғандықтан, біздің мектеп ұстаздарына қойылатын талаптар да жоғары. Басты талаптардың бірі — ағылшын тілін меңгеру.  Ниет пен мақсатың болса, шет тілін өзіңнің жұмысыңа қажет деңгейде үйренуге болады. Мұны мен өз тәжірибемнен айта аламын. Бастапқы кезде кешкі сағат жеті мен тоғыз арасында курстарға барып жүрдім. IELTS тапсырып, өз деңгейімді анықтадым, әлі де тілді үйреніп жүрмін.

- Сіз үшін мінсіз өткен сабақ есіңізде ме?

— Осы мектепке келген алғашқы жылым болатын. Орыс тілі сабағы, 7 сынып, хат тақырыбы бойынша бірінші сабақ. Сабақты қызықты етіп өткізгім келді. Содан хат жазып, оны конвертке салып, күзетшіден оқушыларға апарып беруді сұрадым да, өзім есіктің артында тыңдап тұрмын. Оқушыларым күзетші әкеліп берген хатты дауыстап оқи бастады. Бастапқыда "Бұл не хат болды екен" дегендей түсінбей тұрып қалды. Ақыры хатты Жанайым ашып оқығаны есімде. Менің хатымның қысқаша мазмұны мынадай болатын: "Қымбатты менің оқушыларым! Мен бұл хатта сендермен өзімнің ойыммен, сезімдеріммен бөліскім келеді. Мен бұл мектепке сендер сияқты жаңадан келдім. Осы уақытқа дейін Ақтөбе қаласындағы мектепте ұзақ уақыт сабақ бердім. Яғни көптеген шәкіртім сол мектепте қалды… Туған қаламды, туыстарымды сағынатын сәттерім болады. Бұл мектепте көп нәрсе басқаша: бағалау да, сабақтар да…". Хатты оқып біте бергенде сыныпқа кірдім. Сонда оқушыларым қол соғып жатыр. Арасында көзге жас алғандар да болды, өйткені менің сезімдерім оларға таныс еді: жаңа мектеп, жаңа орта. Содан менің хатымның негізінде хаттың құрылымын талдап болған соң, оқушылар хатыма жауап жазуға кірісті.

Меніңше, ұстаз үшін шәкіртінің пәнді меңгергенінен, оны қызығушылықпен оқығанынан асқан бақыт жоқ. Сәтті өткен сабағымның бірі осы деп ойлаймын, себебі бірнеше жылдан соң сол оқушыларымды жоғары сыныпта кездескенімде, хат туралы сабақ естерінде қалғанын айтып жатты.

© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай / газетЗауреш Зайнуллақызының газетке шыққан мақаласы
Зауреш Зайнуллақызының газетке шыққан мақаласы - Sputnik Қазақстан
Зауреш Зайнуллақызының газетке шыққан мақаласы

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Сізге денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін. Сондай-ақ келе жатқан мерекеңіз құтты болсын.

— Сізге де рахмет! Ұстаздар мерекесі ұстаздар қауымы, мектеп ұжымы үшін ерекше күн. Әріптестеріме зор денсаулық, отбастарына амандық, жаңа белестерге жетуді тілеймін. 

Жаңалықтар
0