Видео

"Қазақтанып барасыңдар деп күлді": Абай тілін меңгерген мәскеулік арулардың әңгімесі

© из личного архиваЕлизавета Осипова мен Анастасия Решетникова
Елизавета Осипова мен Анастасия Решетникова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәскеулік бойжеткендер түсірген видеоролик аз уақыт ішінде төрт мыңнан астам көрілім жинап, көптеген жағымды пікір жазылды. Әсіресе, қазақстандық желі қолданушылары тарапынан қолдау тапты

АСТАНА, 17 қаңтар — Sputnik, Айгюзел Қадыр. Мәскеулік Анастасия Решетникова мен Елизавета Осипова алғаш рет қазақ тілін осыдан алты жыл бұрын меңгере бастаған. Кейін олар сөздік қорын кеңейтіп, Абайдың ана тілінде түрлі тақырыпта видеоблог жүргізеді. 

Лиза мен Настя — Мәскеу мемлекеттік лингвистика университетінің түлегі. Бойжеткендер көп уақытын арнағандықтан, болашағы тікелей қазақ тілімен байланысты болады деген үмітте.

Мәскеулік арулар қазақ тілімен алғаш қашан танысты

Елизавета Осипова жасөспірім шағында қазақ тілінде жазған постын есіне алып еріксіз жымияды. Бір кездері қазақ тілінде жазба қалдырғанына өзі сене алмай жүргенін айтады.

"Әлеуметтік желіде "сүйікті дос" деп басталған постты жариялаған екенмін. 14 жасымда мұны не үшін жазғанымды көз алдыма елестете де алмаймын. Себебі, мен осы уақытқа дейін тек француз тілін меңгерген едім. Топтағыларға осы туралы айтқанымда, олар күлкіге қарқ болды. Ал студент кезімде алғаш "рахмет", "сәлем" сынды қарапайым сөздерді үйренгенім есімде. Кейін қазақ тілін қарқынды түрде меңгере бастадым", — дейді бойжеткен.

Лиза қазақ тілін алты жылға жуық уақыт меңгеріп жүргеніне қарамастан, әзірге кемшіліктері барын жасырмайды. Студент кезінде ұстаздарынан қазақ тілін үйреніп қана қоймай, "Қыз Жібек" сынды фильмдерді бірге отырып көретін болған. Алайда магистратураға түскеннен кейін қазақ тілі сабақтары азайғандықтан, Настя екеуі тілді ұмытып қаламыз деп қорыққан. Сондай-ақ, ол қайда жүрсе де, әрдайым достарына Қазақстан мен қазақ тілінің тамаша екендігі туралы айтатынын жеткізді.

Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде 15 жылдан бері қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Мәскеуде ресейлік студенттер қазақ тілін не үшін үйреніп жатыр?
Бір ай бұрын мәскеулік арулар YouTube каналында Остоженко көшесі туралы қызықты фактілер айтылған видеосын бөлісті. Басқа роликтерден қазақ тілінде жүргізілгенімен ерекшеленді: авторлар Булгаков, Тургенев және Филатов туралы айтып береді. Бойжеткендер өз каналын "Москва қазақша" деп атаған.

"Видеоны бастапқыда өзіміз үшін түсірдік. Бір шетінен қазақ тілін ұмытып қалғымыз келмесе, екінші жағынан Мәскеу туралы жаңа бірнәрсе білгіміз келді. Оны университет жанындағы қазақ орталығының 15 жылдығына орай түсірген едік. Мұны тек өзіміз үшін жасағандықтан, адамдардың көзқарасы бізді қатты таңғалдырды. Бізге өте ұнады. Әсіресе, жобаның адамдар үшін маңызды екенін білу — үлкен бақыт", — дейді Елизавета Осипова.

"Қазақ тілі таулы өлке мен Назарбаевты ғана еске түсіретін"

Университетті бойжеткендер "шетелдегі аймақтық зерттеулер" мамандығы бойынша тәмамдаған. Студенттер қосымша тілдің қайсысы болатынын білмегендіктен, қазақ тілін кездейсоқ меңгере бастаған.

Тағы оқыңыз:

"Қазақ тіліне ғашық болуымызға ұстазымыз Ұлжан Мұсабекова септігін тигізді. Бірінші сабақ ойын түрінде өткен болатын. Біз тілдің қалай дыбысталатынын ойдан шығарып айта бастадық. Осы сабақ ерекше әрі қызықты болғандықтан, әлі күнге дейін есімізде қалды", — дейді Анастасия Решетникова.

Лиза бұрын-соңды қазақ тілі деген кезде таулы өлке мен президент Назарбаев ойға оралатынын айтады. Бойжеткендер тілге үңіле келе көрші елдің қай жағынан болса да бай екеніне көз жеткізген.

© из личного архива Анастасии РешетниковойАнастасия Решетникова
Анастасия Решетникова - Sputnik Қазақстан
Анастасия Решетникова

"Қазақ тілі, шын мәнінде, өте қиын тіл. Осы уақытқа дейін тек ағылшын және француз секілді Еуропа тілдерін меңгеріп келген едім. Олар құрылысы жағынан бір-біріне ұқсайтындықтан, меңгеріп кету оңай. Ал қазақ тілі — жаңа, ерекше және тамаша. Әсіресе, біреу сөйлеп тұрған кезде барлық айтқан сөзін ұғу қиын. Орысшадан қазақшаға қалай өтуге болатынын білмегендіктен, грамматиканы да түсінбей қиналғанымыз рас", — дейді Лиза.

Сондай-ақ, ол тілді түсіну үшін аударма жеткіліксіз екенін және ойлау жүйесін өзгерту керектігін айтады. Лиза магистратурада оқып жүргенінде саясат пен экономикадағы қиын терминдерді біле бастаған.

"Қазақтанып барасыңдар"

"Тілді терең біле бастағанымызда айналамыздағылар "сендер қазақтанып барасыңдар" деп күлетін. Кейде орыс тілі сабағында отырып қазақ тілінде сөйлем құрып кететін кездеріміз де болды", — дейді Елизавета.

Бойжеткендер Ресейде жүріп қазақ тілін үйренуге көмектесетін оқу құралдарын табу қиын екенін айтады. Сол себепті Настя көпке дейін тілді тұрмыс деңгейінде үйреніп келген.

Анастасия Решетникова қазақ тілін батырлардың шайқасына ұқсатады. Айтуынша, тілдің грамматикасы біркелкі болмағандықтан, әлі күнге дейін оңай меңгеріп алудың жолын таппай жүр.

© Photo : из личного архива Елизаветы ОсиповойЕлизавета Осипова
Елизавета Осипова - Sputnik Қазақстан
Елизавета Осипова

"Қазақтың тарихын мақал-мәтелдерінен білуге болатын сияқты. Сол себепті оларды жаттаған ұнайды. Ішінде жануарлардың жасына қатысты мақалдар қатты таңғалдырды", — деп жалғастырды Настя.

"Москва қазақша" жобасының соавторы Лиза үшін бастапқыда ең қиын сөз "шығармалар" болған екен. Бойжеткен көпке дейін осы сөзді айтқанда тілінің күрмелгенін еске алды.

"Маған қазақ тілі өздігінен ұнайды. Онымен біртуғандай болып кеттім десем өтірік емес. Кейде "уау" қазақ тілін білетінім қандай күшті деп ойлаймын. Оны екінің бірі меңгеріп кете алмайды", — дейді Лиза.

Настя мен Лизаның қазақ тілімен байланысты арманы қандай?

Оқуды бітіргеннен кейін Лиза қазақ тілінен орысшаға және керісінше аударма жасап жүр, ал Настя РИА Новости сайтында жұмыс істейді. Екеуі де болашағын қазақ тілімен байланыстырып отырғандықтан, "Москва қазақша" видеоблогының оны ұмытып қалмауға көп көмегі тиеді деген үмітте.

"Мен қазақ тілін Ресей мен Қазақстан арасында іскерлік қарым-қатынас орнатуда пайдаланғым келеді. Бұл табысты бағыт деп ойлаймын. Екі елдің қарым-қатынасы достыққа құрылған. Болашақта осы ынтымақтастықты нығайта түсуіміз керек", — деп бөлісті Елизавета жоспарымен.

Лиза мәскеулік клиенттерден аударма жасауға тапсырыстың көп екенін айтады. Сондай-ақ, ол ТМД елдерінің тілдері де қытай және Еуропа тілдерімен қатар тұратынын айтып өтті. Елизаветаның хоббиі — қазақ стиліндегі заттардың дизайнін құрастыру. Ол осы күнге дейін Қазақстанға бірде-бір рет келіп көрмегендіктен, тілін меңгерген елдің тыныс-тіршілігі мен мәдениетін өз көзімен көруді армандап жүр. Қазақстанға жолы түссе, Астана, Шарын каньоны және Үлкен Алматы көлін көргісі келетінін айтады.

"Қазақ тілін үйреніп қана қоймай, өзіме "бақыт" деп аталатын жүзік жасап алған жайым бар. Ол маған бақыт әкелсін деген ниетпен әдейі жасадым", — дейді ол.

Казахстанская группа NINETY ONE - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Ұстаз: Ninety one арқасында балаларымыз қазақ тілін біліп жүр
Ал Настя Қазақстанға үш рет келіп, Астана мен Алматы қаласын аралап үлгерген.

Лиза мен Настя жақындарына қазақ тілінде сөздер үйретіп қана қоймай, оларға әнді автормен ілесіп айтуды үйреткен. Олардың ең сүйікті композициялары — Абай Бегейдің "Аспанға қараймын" әні.

"Бұл әнді не үшін екенін білмеймін, бірақ үнемі айтып жүремін. Сондай-ақ, маған "Көзімнің қарасы" мен "Дударай" әндері ерекше ұнайды", — деп бөлісті Лиза.

Лиза мен Настя "Москва қазақша" жобасының екінші шығарылымын осы аптада желіде жариялауды жоспарлап отыр. Қазір роликті монтаждау жұмысы жүріп жатыр. Өзге жұмыстарынан қолы босай бермейтіндіктен, бойжеткендер бір роликті монтаждауға екі-үш апта уақыт жұмсайды. Олар қазақ тілін әрі қарай да меңгеріп, қатемен жұмыс жасайтынын айтып сендірді.

Жаңалықтар
0