Алдар Көсе фильмінің кадры

Кинорежиссер карантинде қандай қазақ фильмдерін көруге болатынын айтты

393
(Жаңартылды 21:25 03.05.2020)
Режиссердің айтуынша, қазіргі көрерменнің талғамы төмендеп кеткен. Оған түрік, үнді, корей фильмдері әсер етті

АЛМАТЫ, 3 мамыр –Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанда төтенше жағдай енгізгеніне бір жарым айдан асты. Карантин режимі де 11 мамырға дейін жалғасады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне карантин кезінде көруге болатын қазақ фильмдерін ұсынып, қазіргі фильмдердің сапасы жайында айтып берді.

Режиссердің айтуынша, қазіргі көрерменнің талғамы төмендеп кеткен. Оған түрік, үнді, корей фильмдері әсер етті. 

"Қазақтың 80%-і жабайы көрермен, оны құртқан үндінің, түріктің, корейдің фильмі. Атыс-шабыс та талғамды құртты. Біздің көрермен фильмді "ұнайды", "ұнамайды" деген категорияға бөліп қана қарайды. Ол базарға барып тұрған жоқ қой", - дейді режиссер.

Айтуынша, біз Голливудтың фильмін қаржыландырып, сол елдің идеологиясын да қатар қабылдап жатырмыз. 

"Ең сорақысы, біз Голливудтың фильмін өз ақшамызбен қаржыландырып отырмыз. Мәселен, бүгін Нью-Йоркта жаңа фильмнің көрсетілімі болса, ертең Алматыда сол фильм көрсетіледі. Өз ақшамызға жат идеологияны дәріптейтін фильмдерді көріп отырмыз. Екі жылдан бері әр қалада ұлттық фильмді көрсететін кинотеатр болуы керек деп шырылдап жүрміз", - дейді ол.

Себебі кинотеатрлардың барлығы жекеменшік болғандықтан, қазақша фильмді көрсету де қиынға соғады. Себебі кинотеатр фильмді ыңғайсыз уақытқа қояды және 2-3 күннен артық көрсетпейді. 

"3-4 жылдан бері кино туралы заңды айтып жүрміз. Көрсетілімге шығаратын жердің бәрі жекеменшік. Ең болмаса он күн көрсетсе болады ғой. Жоқ, үш күн ғана көрсетеді. Сіздің  фильмге ешкім келмейді деген сылтау айтады. Киноға баратын уақытқа қойса, көрермені табылады. Өздері фильмнің уақытын түнгі 11 не 12-ге қояды", -деп жеткізді ренішін режиссер.

Айтуынша, "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген әр он фильмнің төртеуін ұялмай үлкен аудиторияға көрсетуге болады. Яғни, сапасы сын көтереді, дейді ол.

"Біз он фильм түсірсек, төртеуін көрермен жинап, ұялмай көрсетуге болады. Ал жеке студиялардың фильмдеріне біз жауап бермейміз. Көбі осыны шатастырады. "Қазақфильмнің" киносында біздің логотип тұрады. Ал жекеменшік отыз шақты студияның жұмысы бөлек. Баян Алагөзова, Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаев фильм түсіріп жүр. Киноларында сапа жоқ, бірақ ақша жинап жүр. Ал олардың көркемдік деңгейі төмен, ол көрермен талғамын бұзады. Екеуі балет пен ауылдағы қамажай сияқты, салыстыруға келмейді", - дейді Нарымбетов.

Сонымен қатар кинорежиссер көпшілік ұмытып кеткен, алайда көруге тұрарлық фильмдердің тізімін берді. Алайда бұл тізімге "Менің атым Қожа", "Қыз Жібек", "Атаманның ақыры" фильмдерін қосқан жоқ, себебі бұл ай сайын қайталап көретін халықтың күн тәртібіндегі дүниелер дейді, ол.

Режиссер ұсынған туындының бірі – "Атамекен" көркем фильмі. Ол 1966 жылы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілді. Режиссері - Шәкен Айманов пен сценарий авторы - Олжас Сүлейменов. Басты рөлдерде Елубай Өмірзақов ойнайды. Фильмде соғыстан кейінгі халықтың жағдайы, қайғы-қасіреті баяндалады.

"Кеңес үкіметі кезінде цензурадан қалай өтіп кеткенін білмейміз. Алайда бұл фильм Шәкен ағаның шедеврлерінің бірі", - деді фильм жайлы Нарымбетов.

Нарымбетов ұсынған тізімде 1964 жылы шыққан  "Тұлпардың ізі" ("Следы уходят за горизонт") фильмі бар. Фильмнің сценарий авторы – Әкім Тарази, режиссері – Мәжит Бегалин. Фильмде мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың өмірі мен романтикаға толы махаббат суреттелген. 

Режиссер 1965 жылы түсірілген "Алдар Көсе" фильмін де қайталап көруді ұсынды.

Кадр из художественного фильма Безбородый обманщик
© Sputnik /
"Алдар Көсе" фильмінің кадры, 1965 жыл

Экранда халықтың сүйікті кейіпкері өзінің ақылы, тапқырлығы мен кең пейілімен, ұшқыр ойы, даналығымен танылады және осының бәрі әзіл-қалжыңымен жеткізілген Алдар Көсенің рөлін Шәкен Айманов сомдаған. 

"Бұл фильмге де таңым бар. Қарап отырсыңыз, ішінде сол кезде айтылмайтын дүниелер, қазірдің өзі жұмбақтап айтатын дүниелер кіріп кеткен", - дейді режиссер.

Нарымбетов ұсынған фильмдер ішінде "Сұлтан Бейбарыс" сериалы да бар. 1989 жылы түсірілген бұл туындыда Мысыр билеушісі Бейбарыс сұлтанның таққа отырғанға дейінгі өмірі баяндалған. Одан кейін қолындағы билік пен сұлтанға сатқындық жасағандар жайлы айтылған. Кей аңызға сүйенсек, сұлтан тақты қалдырып, ата-бабасының Отаны Қыпшақ даласына аттанғаны айтылған. Басты рөлді Нұрмұхан Жантөрин сомдаған.

"Бұл Нұрмұхан ағамыздың соңғы рөлі, ол кісі Шыңғыс ханды ойнаймын деп арманда кетті, алайда сұлтан Бейбарыстың рөлі актердің ең үлкен рөлдерінің бірі", - дейді Нарымбетов. 

Сатыбалды Нарымбетов Серік Апрымовтың "Қиян" фильмін де көруді ұсынды. 1989 жылы жарыққа шыққан фильмнің сценарий авторы әрі режиссері Серік Апрымов. Басты рөлді Сәбит Құрманбеков, Бақытжан Әлпейісов сомдаған. Фильмде ауылына әскерден келген сарбаздың әрекеті баяндалады. Ол ауылына келген соң адамдардың өзгергенін көріп, кетіп қалады. Фильм режиссердің туған жері Шығыс Қазақстанда Семейдің Ақсуат ауданында түсірілген. 

"Бұл фильмге қатысты пікір көп болды. Біреу "неге әлі күнге өзімізді жаман қырымыздан көрсетеміз" деп шүйлікті. Енді бірі мазаққа айналдырды деп жатты. Алайда бұл ешқандай мазақ емес, керісінше шындықты айту. Қираған үй мен азғындаған адамдарды көріп ренжіген жігіт ауылынан кетіп қалады. Автор бұл жерде адамның кемшілігін көрсете отырып, түзелуге шақырады", - дейді режиссер.

Режиссердің тізімінде отбасылық "Әкем екеуміз" психологиялық драмасы да бар. Фильм 2008 жылы шыққан. Режиссер әрі сценарий авторы Данияр Саламаттың бұл туындысында әйелі басқа ер адаммен көңіл қосып, баласы екеуі қалған еңбек пәнінің мұғалімі Кәрім жатақхананың кішкентай бөлмесінде тұрады. Олардың жағдайы жұпыны, сол себепті арасында әкесімен ұлы келіспей қалып жатады. Алайда Кәрімнің ұлы жасына қарамастан ақылды болады.Алайда ол ананың аялы алақанын сағынады.

393
Кілт сөздер:
фильм, Қазақфильм, режиссер
Тақырып бойынша
"Проблема көп": Асанәлі Әшімов өзін қандай мәселе мазалайтынын айтты
Асанәлі Әшімов: Қалекең құжатқа қол қоя білмейтін, тек бармағын басатын
"Назарбаева туралы емес": Нұрлан Әлімжанов "Томирис" фильмі жайлы не ойлайтынын айтты
Абай туралы фильм-операны ресейлік режиссер түсіре ме?
Актер Тұңғышбай Жаманқұлов көпшілікке қалай танылды
Сән апталығы

Биыл жазда қандай киімдер сәнде болады дизайнерлер кеңесі

1592
(Жаңартылды 09:38 18.05.2020)
Биыл қанық қызыл, қызғылт, классикалық көк түстен тігілген киімдер трендте болады. Дизайнерлер жазда арты ашық жейде мен көйлектер сәнге келетінін айтты

АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. 2020 жылдың жаз мезгілінде өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы жейделер трендке оралады, сонымен қатар ақ пен қызғылт түсті киім сәнде болады. Қазақстандық дизайнерлер Sputnik Қазақстан тілшісіне алдағы үш айда қандай киім мен әшекейлерді тағу керек екенін айтып берді.

Дизайнер Дәмилә Жұмабектің айтуынша, жазда арты ашық жейде, блузка мен көйлектер сәнге келеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от 𝐃𝐀𝐌𝐈𝐋𝐘𝐀 𝐙𝐇𝐔𝐌𝐀𝐁𝐄𝐊 (@damilya_zhumabek)

"Арты ашық тігілген көйлектер сәнде болады, оның бір ерекшелігі – ыстық күнде терлетпейді. Жеңі кең және кең пішілген көйлек, жейделер сәннен кете қойған жоқ, керісінше маталары жұмсарып, түрі көбейіп жатыр", - дейді дизайнер.

Тағы негізгі тренд түрі – бахрома қосылып сәнді тігілген көйлек. Сонымен қатар жабық кофталар да сәннен кете қойған жоқ.

"Ерлердің жейдесі секілді тік жағалы әйелдерге арналған кең тұратын жейделер сәнде қалды, алайда бір иығын ашып кию трендке айналып барады. Қазір жейделер сәнді әрі ыңғайлы болу керек деген бағытта тігіледі. Шілтерден тігілген өте нәзік нымша да трендте, оны асты-үстімен бірдей киімнің сыртынан кию сәнге айналды", - дейді Жұмабек.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от 𝐃𝐀𝐌𝐈𝐋𝐘𝐀 𝐙𝐇𝐔𝐌𝐀𝐁𝐄𝐊 (@damilya_zhumabek)

Ал биыл жазда ақ пен қызғылт түстен тігілген киімдер сәнде болады. Сонымен қатар жапырақтар суреті салынған жібек матадан тігілген киім жаздың сәніне айналады.

"Шалбарға келер болсақ, джинсы шалбардың етек жағы кішкене тарлау келетін түрі мен кала шалбар сәнге қайтадан келді. Бір кездері адамның денесіне жабысып тұратын киімдерді ұнататындар көп болса, қазір аздап бос тұратын киімді таңдайтындар көбейді. Алайда бұл шалбарларды жейдемен үйлестіре білу керек", - дейді.

Ал аяқкиімнің ішінде 80-90 жылдары сәнде болған арты ашық аяқ киімдер қайтадан сұранысқа ие болған.

"Аяқкиімнің ең сәнге айналған түрі мюли деп аталады, жазда өте ыңғайлы әрі түрлі-түсті болып шығып жатыр. Бұл аяқкиім өткен жылдан бері сәннен түскен жоқ. Себебі жазда кигенге өте ыңғайлы, бас жағы үшкірлеу, ал арты ашық. Аяққа іліп алып киіп кеткенге өте ыңғайлы. Сондай-ақ, туфлидің бас жағы төрт бұрышты болатын түрі сәнге келді, дөрекілеу көрінгенімен сұранысқа ие", - дейді дизайнер.

Айтуынша, жазда туфли өкшесінің биіктігі 4-5 сантиметрден аспауы тиіс, ал босоножканың бауы өте жіңішке немесе шынжыр секілді түрі трендте.

Коронавирус сәнге әсер ете ме?

Сонымен қатар дизайнерден коронавирус індетіне байланысты сән әлемінде қандай да бір өзгеріс күтіле ме, осы жайында да сұрадық.

"Жазда дизайнерлер гүлді көйлектерді көп шығарады десек, соған сәйкес масканы да дәл сондай матадан тігу қазірдің өзінде кең тарап жатыр. Алдағы уақытта да бұл үрдіс болып сақталуы мүмкін. Елдегі, әлемдегі жағдай тұрақталса да, біраз уақыт киіммен үйлестіріп маска тағып жүретін боламыз",- дейді ол.

Қандай әшекей таққан дұрыс?

Ал қазақы оюдан түрлі бұйым жасайтын этнодизайнер Айгүл Жансерікова киізден жасалған бұйымдардың биыл тренде болатынын, сондай-ақ,ою салынған көйлектердің жыл сайын сұранысқа ие болып жатқанын айтты.

"Жазда тағатын алқа, сақина мен сырғаның барлығын киізден жасай аламыз. Ал жаздық көйлекті киізден тігетін кезде оған жібек матаны араластырамыз. Жібектің үстіне жұқалап киіз басып, көйлек тігіледі. Ондай көйлек жазда ыстық тартпайды. Жібектің де түрі бар, жазда жұқа шифон қолданылады", - дейді Жансерікова.

Этнодизайнер Айгүл Жансерікова киізден жасаған әшекей
© Photo : Айгүл Жансерікованың жеке архивінен алынды
Киізден жасалған бұйымдар биыл трендте болады

Айтуынша, киімнің үлгісіне қарай оюдың да көлемін өзгертіп отыру қажет. Мысалы, жеңіл жамылғының оюы ірі болуы керек.

"Киізден жасалған киімге майда ою салу мүмкін емес, барынша ірі оюды саламыз. Ал оюдың көлемі киімнің үлгісіне қарай өзгеріп отырады. Алайда қазақша нақышта болу керек деп барлық жерге ою түсіре беруге болмайды. Жырығы үлкен көйлекке жырық бойымен майда ою салуға болады",- дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aigul Zhanserikova, Ph.D. (@aigul_zhanserikova)

Шашқа арналған бұйымдар мен белдіктерді де оюмен әрлеп, қолдан жасауға болады. Әсіресе жазда шашты жинап жүргісі келетіндер көп, дейді дизайнер. 

"Жазда оюдың қанық қызыл, қанық көк,ақ пен қызылды араластырып, сондай-ақ, фуксия, шафран, классикалық көк, жалбыз түстес реңктерді қолданған жөн", - дейді дизайнер.

1592
Кілт сөздер:
пайдалы кеңес, сән, жаз
Тақырып бойынша
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты
Әнші Ғаділбек Жанай қазақша киім кию бұрын ұят болғанын айтты
Қытайлар қазақтың киізіне қызыға бастады
Димаш Қытайдағы сән апталығының ашылу салтанатында – толық видео
Тәп-тәтті арулар: шоколадтан жасалған көйлектердің сән көрсетілімі - видео
ҰҚШҰ бас хатшысы Станислав Зась

Станислав Зась: ҰҚШҰ қажет болса пандемиямен күресте өз ресурсын толығымен пайдаланады

37
(Жаңартылды 12:01 18.05.2020)
Биыл ҰҚШҰ – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрылғанына 18 жыл толды. Бүгінде ірі әскери-саяси блок құрамына алты мемлекет кіреді – Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Жыл басында ғана ҰҚШҰ бас хатшысы қызметіне келген Станислав Зась РИА Новости тілшісі Елена Протопоповаға берген алғашқы сұхбатында ұйымның жетістіктері мен оның кеңею перспективалары туралы айтып, коронавирус пандемиясымен күрес және ол аяқталғаннан кейін әлемдегі әскери-саяси жағдайдың өзгеруі жайлы сұрақтарға жауап берді.

– 15 мамыр Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрылғанына 18 жыл толуымен құттықтаймыз. Бірақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа 1992 жылы қол қойылып, он жылдан кейін ұйымның өзі құрылғанын білеміз. Бүгінгі таңда ҰҚШҰ-ның әлемдегі жауапкершілігі мен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен маңыздылығын қалай бағалайсыз?

– Қазір ҰҚШҰ толыққанды халықаралық ұйым. Мұндай тұжырым жасауға барлық негіз бар. Ұйым жұмысына қажетті нормативтік-құқықтық база жасалды, ҰҚШҰ алдында тұрған міндеттерді орындау үшін қажетті күштер мен құралдар қалыптастырылды. Басқару және қолдау жүйесі, оның ішінде күштер мен активтерді бірлесіп даярлау, персоналды оқыту және басқа да жүйелері бар. ҰҚШҰ мақсаты – бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін ұжымдық қорғау.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында қуатты әскери құрамдас бөлігі – екіжақты аймақтық топтар, Орта Азия аймағының жедел тарату күштері, жедел әрекет етуші ұжымдық күштер, бітімгершілік күштері және ұжымдық авиация күштері құрылды. Біз жыл сайын алты-сегіз түрлі әскери және арнайы жаттығулар өткізіп тұрамыз.

ҰҚШҰ форматындағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласында есірткіге қарсы "Арна", заңсыз көші-қон бойынша "Заңсыз", терроризмге қарсы "Жалдамалы" және басқа да халықаралық операциялар жүргізілуде.

Жалпы алғанда, ҰҚШҰ-дағы қуат компоненттері қойылған міндеттерді шешуге жеткілікті. Бірақ біз, саяси құралдарға басымдық беретініміз сөзсіз. Мұндай норма Ұйым Жарғысының 3-бабында жазылған.

Госсекретарь Совбеза Беларуси Станислав Зась
© Sputnik / Виктор Толочко
Станислав Зась

ҰҚШҰ қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар, құрылымдар мен одақтар жүйесінде өз орнын алды. Біз БҰҰ агенттіктерімен, ең алдымен, терроризм мен есірткіге қарсы күрес және бітімгершілік бағытында өзара тығыз байланыстамыз. Сол сияқты ЕҚЫҰ-мен де жақсы жұмыс істейміз. ТМД, ШЫҰ-мен серіктестік, Халықаралық Қызыл Крестпен де қарым-қатынасымыз жақсы. Яғни, ҰҚШҰ өзін халықаралық қауіпсіздік жүйесінде  өз орнын алды.

Егер "одақтастармен еш жерде соғыспадыңыздар" деп айтылса, бұл жақсы. ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағында тұрақтылық қамтамасыз етілді және мұндай шараларға жол берілмеді. Бұл ұйымның өз міндеттерін орындап жатқандығын көрсетеді. Бүгінгі таңда ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағындағы жағдай әлемнің басқа аймақтарына қарағанда әлдеқайда тұрақты. Бұл ұйымның сіңірген еңбегі.

– ҰҚШҰ елдерінің коронавирус пандемиясымен күрестегі ынтымақтастығы қалай жүзеге асырылып жатыр? Ұйым індетті қалай өткеруде, COVID-19 жұқтырған қызметкерлер бар ма?

– Пандемия – біздің елдеріміз үшін өте қауіпті. Бұл ҰҚШҰ-ның құзыретіне толықтай кірмейді, біз әскери-саяси ұйыбыз. Бірақ соған қарамастан, біз бұл қауіптен шет қалмаймыз.

Егер қажеттілік болса, ҰҚШҰ әскери-саяси ұйым ретінде пандемиямен күресу үшін өз ресурсын толығымен пайдаланады. Қазірше бұл қажет емес.

Мен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңесінің хатшыларымен де коронавирустың таралуы туралы телефон арқылы сөйлестім. Біз қазіргі жағдай мен ұйымның құрамына кіретін әр мемлекетте пандемиямен күресу үшін қабылданған шаралар туралы пікір алмастық. ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы жағдай күрт нашарлаған кезде ұжымдық әрекет ету шараларын әзірлеу бойынша консультациялар жүргізуді жалғастыруға келістік.

Алдын-алу шаралары аясында ҰҚШҰ дағдарысқа қарсы әрекет ету орталығының мүмкіндіктері пайдаланылады. Ұйымға мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволары арасында өзара іс-қимыл ұйымдастырылып, ұжымдық қауіпсіздік аймақтарында коронавирус инфекциясының таралуына күн сайын мониторинг жүргізіліп отырады.

Сәуірде дағдарысқа қарсы әрекет ету орталығында бейнебайланыс арқылы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарының әскери-медициналық қызметтері басшыларының жоспардан тыс кеңесі өтті. Шара барысында ресейлік сарапшылар COVID-19 инфекциясының алдын-алу және емдеу бойынша соңғы жетістіктерімен бөлісті, Италия мен Сербияға көмек көрсету кезінде жиналған тәжірибе туралы айтты.

Пандемия әсерінен ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағында дамып келе жатқан жаңа жағдайлар 26 мамырда ұйымның сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қаралады.

Әрине, пандемия – жаңа қауіп. Бірақ ҰҚШҰ-ның құқықтық саласы қауіптің мұндай түріне жауап беруге мүмкіндік береді.

– ҰҚШҰ елдері пандемиямен күресте бір-біріне қандай көмек көрсетті?

– ҰҚШҰ заңнамалық базасында жедел көмек көрсету тетіктері қарастырылған. Біз күн сайын деректерді жаңартып отырғандықтан, серіктес елдердегі жағдайды білеміз және оған толық дайынбыз. ҰҚШҰ аясында жағдайға байланысты талапқа сай жүгінсе, көмек көрсету тетіктері бар. Бір мемлекет басқа елден тікелей көмек сұрап, оны алатын екі жаққа негізделген нұсқа бар. Сол сияқты, ҰҚШҰ-ға мүше бірнеше мемлекеттер ұйымның басқа мүшесіне шоғырландырылған түрде көмек көрсететін де нұсқа бар. Алайда, екінші нұсқа қажет болмады. Көмек екіжақты байланыстар арқылы көрсетіледі.

– Пандемия сіз айтқандай, ҰҚШҰ жұмысына түзетулер енгізді. Ол індетке дейін жоспарланған ҰҚШҰ елдерінің жаттығулар кестесіне әсерін тигізді ме?

– Бұл жерде жаттығудың маңыздылығын түсіну керек. Жаттығу – қарулы күштер мен күш құрылымдарын бірлескен іс-қимылдарға дайындаудың ең жоғарғы формасы. Мүше мемлекеттердің барлығы болмаса да, олардың көпшілігінің қатысуымен мұны жүзеге асыра аламыз деп үміттенеміз. ҰҚШҰ елдерінің сегіз бірлескен жаттығуын өткізу жоспарланған. Олардың барлығы қыркүйек-қазан айларына жоспарланған. Дәстүр бойынша, оның бәрі әрдайым осы кезеңде өтеді.

Әзірге оларды өткізуді кейінге қалдырған жоқпыз және дайындық жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жағдай қолайлы болса, біз жоспарға сәйкес жаттығуларды өткіземіз. Егер қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнетін болса, жаттығулар кейінге қалдырылуы керек.

– Ал сіз ҰҚШҰ аясындағы қарулы күштер мен басқа күштік құрылымдардың өзара әрекеттесу деңгейін қалай бағалайсыз?

– Мен оны өте жоғары бағалаймын. ҰҚШҰ құрылғаннан бері 18 жыл ішінде біздің мемлекеттеріміздің барлық күш құрылымдарының өзара іс-қимылын күшейту бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Жеке тапсырмалар бойынша өзара іс-қимылдан, екіжақты негізде жоғары деңгейде – қарулы күштер мен басқа күш құрылымдарының жан-жақты өзара іс-қимыл жолынан өтті.

Мұны әскери ынтымақтастық мысалынан айқын көруге болады. Біз ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасы мен қарулы күштердің жекелеген өзара іс-қимыл шараларын және екіжақты негізде аймақтық топтар құруды бастадық.

Сонымен қатар, әскери-саяси жағдай аясындағы бірыңғай ниетпен "Жауынгерлік бауырластық" жедел стратегиялық оқу-жаттығулары өткізіледі. Сондай-ақ, осы жаттығулар аясында жыл сайын "Өзара әрекеттестік" шартты атауымен бірлескен жаттығуы, ҰҚШҰ-мен Орта Азия аймақтық жедел орналастыру күштерімен "Шекара" жаттығуы, ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерімен бірлескен "Мызғымас бауырластық" және ҰҚШҰ арнайы күштерінің қатысуымен "Кобальт" жаттығуы үнемі өткізіліп тұрады. 2019 жылы бұл жаттығуларға шамамен 12 000 адам қатысты.

Учения разведчиков стран-участниц ОДКБ
© Photo : сайт ОДКБ
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жаттығулары

Біздің мемлекеттеріміздің қарулы күштері мен басқа күш құрылымдарының өзара іс-қимылының ажырамас бөлігі – бірлескен жаттығулар жүйесі. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрлігінің мамандарын даярлау және қайта даярлау мақсатында Ресей федерациясының ФҚҚ университеттерінде жыл сайын 1500-ге жуық адам жеңілдікпен немесе ақысыз негізде оқытылады. Ұқсас жағдайларда ҰҚШҰ елдерінің студенттері мен курсанттары Армения, Беларусь және Қазақстанның мамандандырылған жоғары оқу орындарында білім алуда.

Қарулы күштер мен басқа күш құрылымдарының өзара іс-қимылының маңызды бір бағыты әскери-техникалық ынтымақтастық болып табылады. Оның аясында біз мемлекетаралық бағдарламаларды қалыптастыру деңгейіне жеттік. Қазіргі кезде ұжымдық қауіпсіздік бюросына мүше елдерге жедел әскери-техникалық көмек көрсету тетіктері жетілдірілуде.

– Террористердің ҰҚШҰ аумағына кіруіне жол бермеу үшін Ауғанстанмен шекараны нығайту бойынша жағдай қандай?

– Аймақтағы және шекарадағы жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының аумағына ену үшін халықаралық террористік ұйымдардың тәжік-ауған шекарасы учаскесінің ерекшеліктерін пайдалану қаупі өзекті болып қала береді. Бүгінде Ауғанстан әртүрлі лаңкестердің, ең алдымен Сириядағы, Ирактағы және Таяу Шығыстағы басқа елдердегі қақтығыстардың қатысушылары пана іздейтін орынға айналды. Ауғанстанның оңтүстік-шығыс провинцияларында ең үлкен ықпалға ие болған "Ислам мемлекеті"* террористік ұйымы да бұдан тыс қалмады. Үкімет күштері қабылдаған шараларға қарамастан, Ауғанстан аумағының едәуір бөлігі әлі күнге дейін радикалды исламдық "Талибан"* қозғалысының бандалары арқылы бақыланады.

2019 жылғы қыркүйекте өткен президент сайлауынан кейін ішкі саяси қайшылықтардың шиеленісуі Ауғанстандағы жағдайдың дамуына да кері әсерін тигізуде. Оппозицияның қазіргі президентпен күресуі ауған қауіпсіздік күштерінің бандыларды бейтараптандыру қабілетін едәуір төмендетеді әрі радикалды исламистік және террористік топтардың ықпалын күшейтуге көмектеседі.

Осы аймақтағы жағдайды жақсарту мақсатында 2019 жылғы 28 қарашада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында тәжік-ауған шекарасындағы шиеленісті төмендетуге бағытталған қосымша шаралардың тізімі бекітілді. Бұл құжат саяси, әскери шаралар жиынтығы болып табылады, сондай-ақ ол аймақтық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге қарсы тұру шаралары. Осының бәрі де Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын нығайтуға жағдай жасауға, сондай-ақ тәжік-ауған шекарасында тұрақтылық пен қауіпсіздік жағдайын жасауға бағытталған.

Сонымен қатар, Тәжікстан республикасының шекаралас әскерлерінің осы саладағы әлеуетін арттыру мақсатында, Ұйымға мүше мемлекеттердің қатысуымен тәжік-ауған шекараларын нығайту жөніндегі мемлекетаралық бағдарламасының жобасы жасалуда. Жоба бойынша ұсыныстар аясында бағдарлама жобасының мақсаттары, міндеттері, мерзімдері мен кезеңдері туралы келісілді.

Тәжік-ауған шекарасындағы шиеленісті төмендетуге бағытталған қосымша шаралар тізбесін, сондай-ақ тәжік-ауған шекараларын нығайту жөніндегі мемлекетаралық мақсатты бағдарламаны іске асыру Тәжікстанның мемлекеттік шекарасының тәжік-ауған бөлігін қорғауды күшейту мәселелеріне оң әсер етеді деп санаймыз.

"Ислам мемлекеті"*, "Талибан"* – Ресей мен Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым

37
Архивтегі фото

Мақтаарал тұрғыны баспанасыз қалған халық қандай жағдайда тұрып жатқанын айтты

0
(Жаңартылды 09:23 25.05.2020)
Баспанасынан айырылған мақтааралдықтар тағы бір айдан астам уақыт эвакуациялық бекеттерді паналайды. Үкімет барлық жағдайды жасап жатыр, дейді аудан тұрғыны Кемал Оспанов

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су басу салдарынан баспанасыз қалған 2 мыңнан астам тұрғын әлі де эвакуациялық бекеттерде жатыр.

Жаңа үйлері салынып біткенше, тағы бір айдан астам уақыт сонда паналайды. Жүздеген тонна азық-түлік, төсек-жабдық және өзге гигиеналық заттар. Бұл – бірлігі бекем байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған гуманитарлық көмек. Қазақстандықтар қажетті тауарды тау-тау болып үйіп тастағаны сонша, 4 қойма салуға тура келген, деп хабарлады "Хабар 24". 

Оқи отырыңыз: Су қоймасы апатынан зардап шеккендерге мыңнан астам үй салынады – Тоқаев 

"Бүгінгі күнге 800 тоннаға жуық азық-түлік келген болса, қазір 400 тоннадан астам азық-түлік бар. Бұл үйлеріне орналасқаннан кейін тағы 2-3 айға жетеді. Эвакуациялық 10 орынға таратылады. Осы үлкен қоймадан азық-түлік алынып, сол кісілердің таңертеңгі, түскі, кешкі тамағы беріліп жатыр", - дейді қойма жұмысшысы Бақытжан Әшірбаев.

Өңірде барлығы 10 эвакуациялық бекет жасақталған. Көбісі мектеп базасында. Ауылдастар, көрші-көлем, ағайын-туыс бір-бірінен ажырап қалмас үшін бір жерге шоғырландырылған.

"Барлық жәрдем беріліп жатыр, жағдай жасалған. Үлкен кісілерді Шымкентке шипажайға жіберді. Немерелерімізді демалысқа жіберді. Жалпы жағдайымыз жақсы, үкімет қарап жатыр", - дейді Мақтаарал ауданының тұрғыны Кемал Оспанов.

Жазғытұры Мақтааралда жаңа шағын аудан салынып бітеді. Мұнда Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныстанады. Бастапқы жобада 500 үй бой көтеруі тиіс еді. Жуырда үкімет басшысы Асқар Мамин құрылыс көлемін арттырып, жатақханада тұрып келгендердің де баспаналы болуын тапсырды.

"Құрылысты 10 мамыр күні бастағанбыз. Бүгінде құрылыс жақсы жүріп жатыр. Ешқандай проблема жоқ. Техника, адам саны жеткілікті. Құрылыс материалдары келіп жатыр. Айтылған мерзімге дейін бәрін орындаймыз деп ойлаймын", - дейді мердігер мекеме өкілі Әбілсейіт Мұратов.

Өргебас пен Фердауси ауылдарының бірен-саран су алған үйлерін жөндеп береді. Немесе тұрғындардың өзге елді мекендерде салынған жаңа баспанаға көшуіне болады. Тілсіз жаудан зардап шеккендерге қаржылай көмек беру шарасы жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, 1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды.

Апат салдарынан көршілес Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалды. Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

0
Кілт сөздер:
баспана, су тасқыны
Тақырып бойынша
Өзбекстандағы бөгеттің бұзылуы: су тасқынынан көз жұмғандар саны алты адамға жетті
Сел салдарымен күресте "Мақтаарал тәжірибесін" пайдаланамыз – Шөкеев
Өзбекстанда бөгет бұзылды: эколог апаттың салдары туралы айтты
Мақтааралға көмек ретінде жіберілген киімнің қалтасынан 3 мың доллар шықты – видео  
Мақтааралда балық аулауға тыйым салынды
Оңтүстікте үйлерін су басқан тұрғындар өтемақыны қашан алады