Арнайы жасақтағы қыздар

"Тревога" десе, үй киімімен барасың": арнайы жасақтағы қыздар ашық сұхбат берді

3405
(Жаңартылды 23:01 29.05.2020)
Взводтың құрылу мақсаты – халықаралық канондарға сай, әйел қылмыскерлерді ұстау. Қазір взвод құрамында 22-35 жас аралығындағы 23 қыз жұмыс істейді

АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Алматыдағы жылдам қимылдайтын арнайы жасақта әйелдер взводы 2019 жылдың маусымында құрылды. Құрамында 23 қыз жұмыс істейтін взвод қоғамдық тыныштықты сақтау үшін бел жазбай қызмет етіп жүр. Арасында тұрмыс құрғандар мен екі-үш баланың анасы да бар.

Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы Айкерім Нұрболаттың айтуынша, взвод жылына екі рет сынақтан өтеді. Сынақ барысында 100 метрге, 800 метрге жүгіру секілді физикалық дайындығы мен оқ ату шеберлігі тексеріледі. Тұрақты түрде психологпен сабақ өтіп тұрады.

Айкерім Нұрболат
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы - Айкерім Нұрболат

Бұл взводтың құрылу мақсаты – халықаралық канондарға сай әйел қылмыскерлерді ұстау. Қылмыс жасаған әйел ұсталған жағдайда изоляторға жеткізуге де қыздар қатысады. Одан бөлек қыздар жасағы қазір блок бекетте қоғамдық тыныштықты сақтауға жұмылдырылған. Концерт, футбол ойындары секілді адам көп шоғырланған жерлерге бұйрықпен жіберіледі.

"Аптасына екі рет командирмен бірлесіп сабақ өтеміз, заңға өзгеріс енгізілсе, соны талқылаймыз. Апта сайын тауға шығамыз, тауға шыққан кезде қандай тәсілді қолдану керек екені айтылады. Карантин кезінде тауға шығып жүрген жоқпыз, ал оған дейін тоғайға барып жүгіреміз не болмаса тауға шығамыз", - дейді Айкерім Нұрболат.

Қыздардың қабілеті жедел жасақта қызмет етуге жеткілікті

Жасақ құрамына қабылдау үшін қыздардың бойы 170 см-ден жоғары болып, заң туралы білімі, спортта жеткен жетістіктері, спорт шеберіне үміткер болуы қажет. Осы талаптарға сай болғандардың бірі – жасақ құрамына бірінші болып қосылған Әсем Байболатова.

29 жастағы Әсем Жамбыл облысы Байзақ ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Алматы қаласындағы ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түскен. Оқуды бітірген соң Бостандық ауданы ішкі істер бөлімшесіне тергеу қызметінде екі жарым жыл жұмыс істеген. 2019 жылдың маусымына дейін сол аудандағы әкімшілік практика қызметін атқарды.

"Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қыздар взводының ашылғанын естіп, құжат жинауға кірістім. Ең алдымен қызметкердің спортқа деген қызығушылығына баса назар аударады. 2008 жылы Қазақстан чемпионатында қол күресінен жеңімпаз болып, спорт шеберін орындадым. Қызметтің ашылғанын ести сала, осында келдім. Спорттағы жетістіктерімді көрсеттім. Сол арқылы қабылдап алды", - дейді Байболатова.

Әсем Байболатова
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Әсем Байболатова ер адаммен салыстырғанда қыздар барлығына аса жауапкершілікпен, мұқият қарайтынын айтады

Бойжеткен осы қызметке келгеннен кейін практикалық атуды тереңірек меңгеріп, жарыстарда жүлде алып жүр. Бұған дейін де қарумен жұмыс істегенін айтқан Әсем арнайы жасақ құрамында өзінің тағы бір қырын аша түскен. 2019 жылы қазанда практикалық атудан Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған.

"Осы қызметке қатты қызықтым. Арнайы күште жұмыс істейтін қыздарға қызыға қарайтынмын. Бізде осы взводтың ашылғанын кадр бөлімінен естіп, бірден келдім. Өзім қылмыскерлерді ұстау, қажет жерінде күш қолдану секілді қимылдарды көргім келді. Қыздардың қабілеті жедел жасақта қызмет етуге жеткілікті, тіпті ер адаммен салыстырғанда қыздар барлығына аса жауапкершілікпен, мұқият қарайды. Сонымен қатар қыздар шыдамдырақ келеді. Қыздардың бұл салада қызмет еткенінді тұрған ештеңе жоқ, істі тиянақты орындайды", - дейді ол.

Олимпиада ойындарынан жасақ жаттықтырушысына дейін

Қасенова Саида – бокстан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем кубогінің қола жүлдегері, ең алғаш Олимпиада ойындарына лицензия алған қазақ қызы. 2012 жылы Олимпиада ойындарында 5-орын алған спортшы 2020 жылдан бастап жедел жасақ құрамында жаттықтырушы болып қызмет етеді. Бокстан кейін аралас жекпе-жектен Қазақстанның чемпионы атанған Саида қыздардың физикалық дайындығын жаттықтырады.

"Әр қыздың өз мінезі бар. Тіпті арнайы жасақта жұмысқа анау-мынау қыз келе бермейді. Алдына мақсат қойып соған жете алатын мінезді, сабырлы қыздар жұмыс істейді. Сондықтан әрқайсысымен жұмыс істеу арқасында кімнің қай спортқа деген қабілеті, құштарлығы бар екенін анықтап, жеке-жеке жұмыс істейміз. Бірі бокста мықты, бірінің жүгіру, күресуге икемі бар. Болашақта біраз жарыстан жылдам жасақ қыздарын көріп қаласыздар", - дейді Қасенова.

Саида Қасенова
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Қасенова Саида – бокстан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем кубогінің қола жүлдегері, ең алғаш Олимпиада ойындарына лицензия алған қазақ қызы.

Олимпиада ойындарынан кейін құрамада біраз уақыт болған Саида кейін Қазақстанның жасөспірім қыздар құрамасының бас жаттықтырушысының көмекшісі қызметін атқарған. Сол жақта бір жыл қызмет етіп жүріп, аралас жекпе-жектен жарысқа барған. Жарыста аяғынан жарақат алған спортшы біраз уақыт денсаулығына көңіл бөлген.

"Ота жасатқан соң, жеті айдан кейін жаттығу бастап, жарысқа шықтым. Аралас жекпе-жектен әлем біріншілігіне барып қайттым. Содан кейін осы бағытқа бет бұрдым. Қыздар құрамасы ашылған соң, 2020 жылдың басында жасаққа келдім. Үлкен спорт бар жерде оңай дүние жоқ, жарақат алмайтын спортшы жоқ. Карантин болған соң қазір жарыстар жоқ, алда жарыстарға дайындықты бастаймын", - дейді Қасенова.

Жаттықтырушы болғанымен адам жетпей жатқан кезде жасақ құрамында бірге шығатын Саида блок бекеттегі жұмысы жайлы айтты.

"Бір қарағанда адам өміріне қауіпті емес жұмыс секілді көрінуі мүмкін, алайда ол жерде де түрлі адам бар. Біз (арнайы жасақ - Sputnik) сол жердегі қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауап береміз. Бекетте тұрып адамдарға түсіндіру жұмысын жүргізіп, халықпен етене жұмыс істеуге тура келді. Ішінде мас болып, қызметкерлерге күш қолданған адамдар да болады. Сондай сәтте жедел түрде араласамыз", - дейді Саида Қасенова.

Ол халықпен жақын жұмыс істеген соң қару ұстауға қажеттілік болмағанын айтты. 

"Жаңа жылдан бері қару алып, қауіпті операцияларға әлі барған жоқпын. Қыздардың қарусыз жұмыс істеуіне көмектесемін. Қыздардың ішінде біреу жүгіруден, бірі соққы беруден әлсіздеу болса, қазір барлығы кез келген жағдайға дайын", - дейді ол.

"Халқым үшін туған қызбын"

Алты жасынан бастап спорт пен өнерді бір арнаға тоғыстырып жүрген Қарашаш Есдәулетова Алматы облысы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Әкесі мен анасы – самбошы, спорт шебері. Бала күнінен сұлулық байқауларында топ жарған Қарашаш, фотомодель болып, арасында киноэпизодтарға шақырту алған. Ал 2020 жылдың басынан бері жедел жасақ құрамына қабылданып, осы салада жұмыс істеп жүр.

Қарашаш Есдәулетова
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Актерлік шеберлік мамандығын тәмамдаған бойжеткен ән салып, театрда да ойнаған

Есдәулетова Қарашаш – жүзуден, еркін күрестен спорт шеберіне кандидат, дзюдо мен самбодан спорт шебері, самбодан Алматы қаласының бірнеше дүркін чемпионы, жеті дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы. 

"Ішкі істер органдарында оның ішінде жедел жасақта жұмыс істеуді бала күнімнен армандадым. Себебі менің ағаларым осы жерде жұмыс істеді. Америкалық фильмдерді көріп, бізде де осындай арнайы жасақ, әскери бөлім болғанын қаладым. Ашылғанын естіген кезде жүгіріп келдім, жер тістесем де осы жұмысқа орналасамын дедім. Мен үшін бұл жер лагерь секілді, жаным рахат табады", - деді Есдәулетова.

Актерлік шеберлік мамандығын тәмамдаған бойжеткен ән салып, театрда да ойнаған. Ал қазір қоғамдық тәртіпті бақылайтын жедел жасақтың бір мүшесі. Өзінің 13 жасынан бастап кәсіби спортпен айналысуына отбасы әсер еткенін айтты.

Әңгіме барысында бойжеткен арманын туралы сөз қозғады. Айтуынша, спорттың бірнеше түрінен дайындалып, спортта топ жаруды мақсат еткен.

"Шетелге барып, жарысқа қатысып, жылдам жасақ қыздарының шеберлігін көрсеткім келеді. "Қазақстанның жедел жасақ қыздары" деген атын шығарып, атақ алып келгім келеді", - дейді ол.

  • Мен үшін бұл жер лагерь секілді, жаным рахат табады
    "Мен үшін бұл жер лагерь секілді, жаным рахат табады"
    © Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
  • Спортпен айналыс та, еліңді, жеріңді қорға, қызмет ет
    "Спортпен айналыс та, еліңді, жеріңді қорға, қызмет ет"
    © Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
  • Тревога десе, үй киімімен барасың
    "Тревога" десе, үй киімімен барасың"
    © Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
1 / 3
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
"Мен үшін бұл жер лагерь секілді, жаным рахат табады"

Айтуынша, жұмыс кезінде көзге түсетін сырға тағып, тырнақты қанық түске бояуға болмайды. Соған қарамастан, форма мен әскери аяқкиімді де жақсы көремін, дейді ол.

"Барлық жағдай жасалған. Спортпен айналыс та, еліңді, жеріңді қорға, қызмет ет. Үнемі халқым үшін туған қызбын деп ойлайтынмын. Спортта да сондай қағиданы ұстандым. Блок бекетте болсын, ұстау секілді операцияларға барғанда да халқым үшін жасап жатырмын деген ойда боламын", - дейді Қарашаш.

Айтуынша, жұмысқа түнгі үште де, жұмыстан тыс мезгілде, кез келген уақытта шақыруы мүмкін.

"Кез келген уақытта шақыртып алады. Тіпті көшеде кетіп бара жатқанда, "тревога" десе, үй киіміңмен кетесің. Үйге барып шығайын деген әңгіме мүлдем айтылмайды. Бұл біздің екінші үйіміз. Біраз уақыт бұрын дүкенге бара жатқанымда, хабарласты. Содан бірден такси тоқтатып, базаға келдім. Отбасым бұған үйреніп кеткен", - дейді ол.

Арнайы жасақ, жаттығу
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Жұмысқа түнгі үште де, жұмыстан тыс мезгілде, кез келген уақытта шақыруы мүмкін
3405
Кілт сөздер:
спорт, қыздар
Тақырып бойынша
Халықаралық армия ойындары-2019: алғаш рет қыздар "Танк биатлонына" қатысты
"Тест нәтижесін көрсету керек": алматылық ерікті сұхбат берді
Әділбек Ниязымбетов қазір немен айналысып жүргенін айтты
Әлемдегі ең сұлу қыздар қай елде тұрады - фото
Қазақстандық спортшы мұрны сынса да, жекпе-жекті жеңіспен аяқтады – видео
Домбыра, архивтегі сурет

Айтыскер ақын сахна сыртындағы айла-шарғы туралы айтты

2738
(Жаңартылды 19:57 05.07.2020)
Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Биыл бұл күн 5 шілдеге түсіп отыр

АЛМАТЫ, 5 шілде – Sputnik. Домбыра күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін "Алтын домбыра" ақындар айтысының екі дүркін жеңімпазы, "Дарын" жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов Sputnik Қазақстан тілшісіне қазіргі айтыстың жағдайы, қазылар алқасы мен домбыра пәнін мектеп бағдарламасына қосуға қатысты ойын айтты.

Банкет пен гонорарды күтеді

"Айтыс – шоу. Қазіргі айтыстың проблемасы – бірдей ақындардың көптігі. Бір айтыскердің екіншісінен ерекшелігі жоқ. Сол себепті айтыс қызық емес", - деп бастады сөзін айтыскер.

Айтуынша, айтыста төрелік ететін қазылар алқасы да қазақ сөзінің қадірін жете түсіне бермейді. 

"Айтыста біз көп жағдайда қазыларға, ұйымдастыруға ренжиміз. Бұрын қазылар алқасында айтқан сөзінде тұра алатын, көтерген ұпайына жауап бере алатын, қазақ сөзінің қадірін білетін адамдар отыратын. Қазір қазылардың арасында айтыстан кейін болатын банке пен төрелік еткені үшін төленетін гонорарды күтетіндер өте көп", - дейді Бұлғақов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жандарбек Бұлғақов (@olensoz_kz)

Айтыскердің айтуынша, айтыста өнерпаздың суырып салма қасиеті ескеріледі, айтыскерге айтыс бойы қандай да бір мәселені көтеру міндеті қойылмайды.

"Барлық айтыс әділ өтпейді және барлық айтыс әділетсіз өтеді деп айтуға да болмайды. Рушылдық, жершілдік, сахна сыртындағы әр түрлі айла-шарғы айтыста да болып жатады. Әр "алтын домбыраның" ережесі де, қазылардың талабы да әртүрлі. Қазіргі айтыстың қатаң тәртібі, жүйесі жоқ", - дейді ол.

Домбыра пәні қажет пе

Жандарбек Бұлғақов домбыра пәнін мектеп бағдарламасына қосуды қолдайды, айтуынша, бұл ұлттық құндылықты дәріптеу үшін қажет. Сонымен қатар спорт пен өнерден бөлек, балаларды түздің жұмысына үйрететін сабақтарды қосу қажет дейді.

"Тек домбыра емес, қазақ күресін, тоғызқұмалақты де қосуға болады. Спорт және өнермен қатар балаларды түздің жұмысына бейімдейтін үйірмелер болса деймін. Қыздарды үйдің жұмысына, ана болуға бейімдейтін үйірме қажет. Ас үйдің жұмысына икемді, оймақ пен инені келістіріп ұстай алатын қыздарды қалыптастырып шығаратын үйірме қажет", - дейді ол.

Айтуынша, мектеп пен университет қабырғасындағы жаттанды дүниелер өмірде қолданылмайды. Тіпті мектеп бітірген соң естен шығып кетеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жандарбек Бұлғақов (@olensoz_kz)

"Көп адамның қолында көк пен қызыл аралас бірнеше диплом бар. Бірақ ол білімнің барлығы өмір сүруге бейімдемейді. Қызыл дипломы бар, бірақ ибалы келін бола алмай жатқандар көп. Қызыл дипломы бар, бірақ қонақ күте алмайтын, сараңдығы басым қыз бен сертке берік емес ер азамат көп. Сондықтан мейлінше адамды, баланы өмірге бейімдеу керек", - дейді айтыскер.

Шайырлар бар сөзден кесте төгуші...

Қазір айтыскер ақын "Сөз қадірі – өз қадірің" деп аталатын курс өткізіп жүр. Бұл жоба халықтың сұранысынан туды, дейді Бұлғақов.

"Айтыс үлкен бәйтерек болса, ораторлық өнер соның бір бұтағы ғана. Кез келген айтыскер ойды жүйелеу, сөзді саптау туралы дәріс бере алады. Тек әркімнің сабақ беру әдісі әртүрлі. Әлеуметтік желіде "сөйлейін десем қорқамын, сөздік қорымды байытқым келеді" дейтін адам көп. Солардың басын бір жерге тоғыстыру үшін ашылған жоба", - деп түсіндірді ол.

Өткір тілмен жетер жеріне жеткізіп айтатын ақындар ел алдында қозғаған келелі мәселелерінің шешім табуына өздері де атсалысады, алайда барлығын жария ете беру ыңғайсыз, дейді Бұлғақов. 

"Айтыскер ақындардың бәрі үшін жауап бермей-ақ қояйын, бірақ сахнада өзіміз көтерген мәселелердің іс жүзінде орындалуын барынша қадағалап жүрміз. Астанада 5 нәресте отқа оранғанда бір ай бойы өнер турын өткіздік. Барлық өңірді аралап, билеттен түскен қаражатқа жағдайы төмен отбасыларға үй алып бердік", - дейді ол.

Жандарбек Бұлғақов 1991 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінде білім алған. Танымал айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовтың ұлы.

2738
Кілт сөздер:
сұхбат, айтыскер ақын, айтыс
Тақырып бойынша
Жүрсін Ерман: елімізді әйел басқаратындай не күн туды?!
Жүрсін Ерман неден қауіптеніп отырғанын айтты
"Бас жарып, көз шығару емес". Жүрсін Ерман айтыстың негізгі мақсатын түсіндірді
Белгілі айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков дүниеден озды
Назарбаев: Домбыра – қазақтың бренді мен паспорты
Рахман Омар

"Алып шыға алмайтынымды сездім": актер Рахман Омармен сұхбат

3673
(Жаңартылды 17:19 31.05.2020)
Актер 1993 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істейтінін айтты. Алпыс шақты рөлді сомдаған

АЛМАТЫ, 31 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері, көпшілікке тележүргізуші ретінде танымал Рахман Омар 26 жылдан бері Мүсірепов атындағы мемлекеттік театрда еңбек етіп келеді. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ", "Қызық екен" секілді бағдарламалар арқылы көрермен көңілінен шыққан азамат театрда қандай рөлді сомдағысы келетінін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Ең бастысы – театр

"Басты мамандығым – театр актері екенін біреу білсе, біреу білмейді. Көбі тележүргізуші ретінде таниды. 1993 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеймін. Үлкенді-кішілі 60 шақты рөлді сомдадым. Телеарна саласында бірнеше жобада жүргізуші болдым. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ" бағдарламасын ел аузында әлі күнге дейін жүр. Барлық арнада қызмет атқардым", - деп бастады әңгімесін актер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рахман Омар (@rakhmanomar)

Айтуынша, игермеген саласы кино, алайда Досхан Жолжақсыновтың "Құнанбай" фильмінде эпизодта ойнаған.

"Құнанбай" фильмінде тілмаштың рөлін сомдадым, көркем фильмге түскенім осы болды. Эпизодтағы шағын ғана рөл болды. Одан бөлек телехикаяларға шақырады, алайда қандай фильм екеніне қарап, бас тарттым. Өйткені қайталау көп. Мен үшін ең бастысы – театр", - дейді Омар.

Түрік және корей телехикаялары жаулап алды

"Телеарнада 1-2 жылға жоспарларланған жобаларға қатысып тұрамын. Соның бірі – "Қызық екен", "Кім білгір" секілді интелектуалды бағдарламалар. Бір жылға жоспарланған "Қызық екен" бағдарламасы көрерменнің сұрауы бойынша екі жылдай жүрді. Қазір де сұрайды.

Өйткені қазір телеарнада интеллектуалды бағыттағы бағдарламалар өте аз. Кезінде "ХХI ғасыр көшбасшысы" секілді бағдарлама болды. Қазір қай арнаны қоссақ та, қойыртпақ дүние көп, телеарнаның барлығын түрік және корей телехикаялары жаулап алған. Артында қомақты қаржы тұрған шығар, ол жағы маған беймәлім. Арнаның ішкі асханасына қол сұқпаймын", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рахман Омар (@rakhmanomar)

Рахман Омардың айтуынша, телеарнада басшы ауысқан сайын қызметкерлер құрамы да ауысады. Мұндай жағдайда еңбегі сіңген кісілердің өзі қызметін босатуы қажет.

"Әр басшы келген сайын өз командасын алып келу үрдіске айналған, соның зардабын тәжірибелі мамандар да көріп жатады. Әсіресе, техникалық жағында 30 жыл қызмет еткен кісіге жаңа басшы келгенде орнынан кетуге тура келеді. Ал ол адам студияның әр шегесінің қайда қағылғанын біледі. Біз де солардың қатарына жатамыз. Жаңа басшының талғамына қараймыз",- дейді Омар.

Сонымен қатар телеарнада өткен ғасырдың соңында көрсетілген бағдарламаларды қайтадан көрсету жайлы ұсынысын да айтты. Бұл ескілікті аңсау емес, телеарнаның нағыз майталмандарын насихаттау деп түсіндірді сөзін.

"Өзінің өткенін ұмытқан, болашақтың наласына қалады" деген қанатты сөз бар. Кестені толтыру үшін күнделікті болмайтын бағдарламалар көрсетіп жатады. Соның орнына неге осы ретро, архивтегі дүниелерді көтеріп, өскелең ұрпаққа телеарнаның не екенін, оның сүрлеуі мен даңғылды дара жолынан, тарғыл жолымен өткен нағыз майталмандардың көрсетпеске деп ойлаймын. Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза ағаларымыз 70-80 жылдары телеарнаның басы-қасында жүрген кезде тұщымды дүниелер көп болды. Қазақтың руханияты, салт-дәстүр, әдетіне байланысты дүниелер шықты", - дейді Омар.

Жағымсыз образды ойнау ұнайды

Театрда комедия, драма, трагедия деген үш бағыт болса, үшеуінен де құралақан емес актер астарын ашып, психологиясын жеткізу күрделі рөлді ойнағанды ұнататынын айтты.

Актер үш жанрды да тең деңгейде меңгеруі қажет. Кей актердің ыңғайы комедияға келіп, драмаға нашарлау болады, біреуінде керісінше. Маған осы үш жанрда да рөл бұйырды. Жаныма жақыны "Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы" Жантықтың бейнесі. Гамлетті армандадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын, Гамлетті ойнайтын актер көп. Маған астарын ашатын рөл, жағымсыз образ қатты ұнайды", - дейді Рахман Омар.

Отыз жасында Жантықтың рөлін алып шығатынына сенімді болмаған актер бірнеше жыл өткен соң ғана образды ашуға дайын болғанын, сол себепті ең сүйікті рөлі ретінде сақталғанын айтты.

"Театр актері "бұйыртқан рөл" деп сөйлейді. Отызға толмаған шағымда режиссер Балтабай Сейітмамытов "Қозы Көрпеш" қойылымын қойды. Сонда маған екінші құрамда Жантықтың рөлін берді. Бірінші құрамда Сағат Жылгелдиев ойнады. Мен өз шамама қарап, алып шыға алмайтынымды сездім. Рөлді Сағат ағам өзі ойнап кете берді. Мен дайын болған жоқпын. Араға біраз жыл салып, жасым қырыққа таяған шағымда режиссер Жанат Қажиев "Қозы Көрпешті" қайта қойды. Сол кезде Жантыққа дайын болдым", - дейді ол.

Кемел Абайды сомдағысы келеді

"1994 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясында диплом жұмысымыз Шәкен Аймановтың сценарийі бойынша "Желсіз түнде жарық ай" қойылымын қою болды. Ол жерде Абайдың жастық шағын ойнаймын. Институтты бітіріп, театрға қабылданған кезде сол қойылымды Нұрқанат Жақыпбаев Мүсірепов театрында қойды. Институттан келген дайын Абай ретінде сол рөлді сомдау бақытына ие болдым. Ол Абайдың 150 жылдық мерейтойы болатын",- дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рахман Омар (@rakhmanomar)

2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның кемелденген шағын сомдағысы келетінін айтты.

"Абайдың пәлсапалық ойлары қырық жастан асқан соң шыға бастаған. Қазір Абайдың сол бір шағын ойнағым келеді. Құнанбайұлының образы өте күрделі образ, екінің бірі ойнамайды. Сырт келбеті жағынан да ұқсастық бар: бетім домалақ, орта бойлы. Ішкі жан дүниесін, арпаласын алып шығу актер үшін өте қызық. Қазір Абайды сомдасам қалай болар екен деймін. Кім білсін, он жылдан кейін "Король Лирді" ойнағым келетін шығар", - дейді Рахман Омар.

 

3673
Кілт сөздер:
тележүргізуші, актер, телеарна, театр, сұхбат
Тақырып бойынша
"Жанымды жегідей жейді" Азамат Сатыбалды ешкімге айтпаған сырымен бөлісті
Дулыға Ақмолда: Актер деген мамандықты төменге түсіріп жібердік...
"Түрімді ұмытып қалды" Назарбаевтың рөлін сомдаған актер көрген қиындықтары туралы айтты
"Тревога" десе, үй киімімен барасың": арнайы жасақтағы қыздар ашық сұхбат берді
Театр үздіктері анықталды
Зертхана қызметкері, архивтегі фото

Мәскеу дәрігерлері коронавируспен күресу үшін Қазақстанға келе жатыр

148
Топ құрамында Мәскеудің жетекші ауруханаларының 22 медициналық қызметкері бар, олар коронавирус жұқтырған науқастарды емдеп, бай тәжірибе жинақтаған

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Тәжірибелі мәскеулік дәрігерлер тобы Қазақстанға ұшып шықты. Дәрігерлер қазақстандық әріптестеріне көмектесуге дайын.

"22 дәрігерден құралған бригада COVID-19 науқастарын емдеуде жергілікті мамандарға көмек көрсету үшін Қазақстанға аттанды. Мультидисциплинарлы медициналық топты Мәскеу денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары, нейрохирург Алексей Токарев және Мәскеу денсаулық сақтау департаментінің хирургия жөніндегі ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің басшысы Руслан Маер басқарады", - делінген Мәскеу денсаулық сақтау департаментінің хабарламасында.

Бұл Мәскеу денсаулық сақтау департаменті дәрігерлерінің коронавируспен күресуге көмектесу мақсатындағы алғашқы мемлекетаралық медициналық сапары.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кезекте кімдерге егіледі 

Топ құрамына пульмонолог, кардиолог, эпидемиолог, КТ рентгенологы, жұқпалы аурулар жөніндегі мамандар, анестезиолог-реаниматологтар, КТ рентгенолог дәрігер және коронавируспен ауырған науқастарды емдеуде бай тәжірибесі бар басқа да мамандар кірген. Бұл мәскеулік жетекші ауруханалардың дәрігерлері.

"Мәскеулік мамандар жергілікті ауруханалардың дәрігерлеріне консультативті-диагностикалық көмек көрсетеді. Бригада COVID ауруханаларына барады, клиникаларды қайта бейіндеуге көмектеседі, пациенттерге қарайды және әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер үшін оқу семинарларын өткізеді", - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, таяуда Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ресей үкімет басшысы Михаил Мишустинмен телефон арқылы сөйлесті, оның барысында Ресей Қазақстанға жұқпалы аурулар ауруханалары мен вирусологиялық зертханалар мамандарын жіберуге дайын екендігі белгілі болды.  

148
Кілт сөздер:
дәрігерлер, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Грузиядан Қазақстанға гуманитарлық көмек келді
5 шілдеден карантин басталады: ішкі істер министрі ескерту жасады
COVID-19: министр қандай дәрілер көмектеспейтінін айтты
Қазақстанда өткен тәулікте 1 403 адамнан коронавирус табылды
Пневмония эпидемиясы: коронавирус қайда кетті?