Домбыра, архивтегі сурет

Айтыскер ақын сахна сыртындағы айла-шарғы туралы айтты

4015
(Жаңартылды 19:57 05.07.2020)
Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Биыл бұл күн 5 шілдеге түсіп отыр

АЛМАТЫ, 5 шілде – Sputnik. Домбыра күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін "Алтын домбыра" ақындар айтысының екі дүркін жеңімпазы, "Дарын" жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов Sputnik Қазақстан тілшісіне қазіргі айтыстың жағдайы, қазылар алқасы мен домбыра пәнін мектеп бағдарламасына қосуға қатысты ойын айтты.

Банкет пен гонорарды күтеді

"Айтыс – шоу. Қазіргі айтыстың проблемасы – бірдей ақындардың көптігі. Бір айтыскердің екіншісінен ерекшелігі жоқ. Сол себепті айтыс қызық емес", - деп бастады сөзін айтыскер.

Айтуынша, айтыста төрелік ететін қазылар алқасы да қазақ сөзінің қадірін жете түсіне бермейді. 

"Айтыста біз көп жағдайда қазыларға, ұйымдастыруға ренжиміз. Бұрын қазылар алқасында айтқан сөзінде тұра алатын, көтерген ұпайына жауап бере алатын, қазақ сөзінің қадірін білетін адамдар отыратын. Қазір қазылардың арасында айтыстан кейін болатын банке пен төрелік еткені үшін төленетін гонорарды күтетіндер өте көп", - дейді Бұлғақов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жандарбек Бұлғақов (@olensoz_kz)

Айтыскердің айтуынша, айтыста өнерпаздың суырып салма қасиеті ескеріледі, айтыскерге айтыс бойы қандай да бір мәселені көтеру міндеті қойылмайды.

"Барлық айтыс әділ өтпейді және барлық айтыс әділетсіз өтеді деп айтуға да болмайды. Рушылдық, жершілдік, сахна сыртындағы әр түрлі айла-шарғы айтыста да болып жатады. Әр "алтын домбыраның" ережесі де, қазылардың талабы да әртүрлі. Қазіргі айтыстың қатаң тәртібі, жүйесі жоқ", - дейді ол.

Домбыра пәні қажет пе

Жандарбек Бұлғақов домбыра пәнін мектеп бағдарламасына қосуды қолдайды, айтуынша, бұл ұлттық құндылықты дәріптеу үшін қажет. Сонымен қатар спорт пен өнерден бөлек, балаларды түздің жұмысына үйрететін сабақтарды қосу қажет дейді.

"Тек домбыра емес, қазақ күресін, тоғызқұмалақты де қосуға болады. Спорт және өнермен қатар балаларды түздің жұмысына бейімдейтін үйірмелер болса деймін. Қыздарды үйдің жұмысына, ана болуға бейімдейтін үйірме қажет. Ас үйдің жұмысына икемді, оймақ пен инені келістіріп ұстай алатын қыздарды қалыптастырып шығаратын үйірме қажет", - дейді ол.

Айтуынша, мектеп пен университет қабырғасындағы жаттанды дүниелер өмірде қолданылмайды. Тіпті мектеп бітірген соң естен шығып кетеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жандарбек Бұлғақов (@olensoz_kz)

"Көп адамның қолында көк пен қызыл аралас бірнеше диплом бар. Бірақ ол білімнің барлығы өмір сүруге бейімдемейді. Қызыл дипломы бар, бірақ ибалы келін бола алмай жатқандар көп. Қызыл дипломы бар, бірақ қонақ күте алмайтын, сараңдығы басым қыз бен сертке берік емес ер азамат көп. Сондықтан мейлінше адамды, баланы өмірге бейімдеу керек", - дейді айтыскер.

Шайырлар бар сөзден кесте төгуші...

Қазір айтыскер ақын "Сөз қадірі – өз қадірің" деп аталатын курс өткізіп жүр. Бұл жоба халықтың сұранысынан туды, дейді Бұлғақов.

"Айтыс үлкен бәйтерек болса, ораторлық өнер соның бір бұтағы ғана. Кез келген айтыскер ойды жүйелеу, сөзді саптау туралы дәріс бере алады. Тек әркімнің сабақ беру әдісі әртүрлі. Әлеуметтік желіде "сөйлейін десем қорқамын, сөздік қорымды байытқым келеді" дейтін адам көп. Солардың басын бір жерге тоғыстыру үшін ашылған жоба", - деп түсіндірді ол.

Өткір тілмен жетер жеріне жеткізіп айтатын ақындар ел алдында қозғаған келелі мәселелерінің шешім табуына өздері де атсалысады, алайда барлығын жария ете беру ыңғайсыз, дейді Бұлғақов. 

"Айтыскер ақындардың бәрі үшін жауап бермей-ақ қояйын, бірақ сахнада өзіміз көтерген мәселелердің іс жүзінде орындалуын барынша қадағалап жүрміз. Астанада 5 нәресте отқа оранғанда бір ай бойы өнер турын өткіздік. Барлық өңірді аралап, билеттен түскен қаражатқа жағдайы төмен отбасыларға үй алып бердік", - дейді ол.

Жандарбек Бұлғақов 1991 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінде білім алған. Танымал айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовтың ұлы.

4015
Кілт сөздер:
сұхбат, айтыскер ақын, айтыс
Тақырып бойынша
Жүрсін Ерман: елімізді әйел басқаратындай не күн туды?!
Жүрсін Ерман неден қауіптеніп отырғанын айтты
"Бас жарып, көз шығару емес". Жүрсін Ерман айтыстың негізгі мақсатын түсіндірді
Белгілі айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков дүниеден озды
Назарбаев: Домбыра – қазақтың бренді мен паспорты
Айдар Тұрғамбек

Айдар Тұрғамбек жағымды жаңалығын бөлісті

4394
(Жаңартылды 15:20 30.07.2020)
Әнші халыққа сапалы ән тыңдауға мүмкіндік беретін жаңалығымен бөлісті. Мұның арқасында өнер адамының да еңбегі бағаланады, дейді ол

АЛМАТЫ, 29 шілде – Sputnik, Айгерім Таубай. "Жігіттер" тобының әншісі Айдар Тұрғамбек қазақ әндері жүктелетін сайт туралы қуанышты хабарым Sputnik Қазақстан тілшісімен бөлісті. Карантин кезінде әншінің өзі де екі ән жазған.

"Карантин уақытында шығармашылықпен айналыстым. Енді бірнеше күннен кейін сайт та іске қосылады. 2002-2003 жылдары қазақ эстрадасында әндер кассета күйінде сатылатын, яғни өнер, шығармашылық бағаланатын. Қазір интернет арқылы әнді жазып алу тегін болып кетті", - дейді әнші.

Айтуынша, мұндай сайт ашуды ұзақ уақыттан бері ойланып жүрген. Себебі кей ән өзіне жұмсалған ақшаны ақтамайды.

"Той мен концерт өткізуге қашан рұқсат берілетіні белгісіз. Сол себепті біздің өнім сайт арқылы сатылуы керек. Соған сәйкес, қазақ эстрадасында сапалы әндер шығатын болады. Тойдың әндері, сапасыз әндер болмайды. Халық та сапалы ән тыңдайды, өнер адамының да еңбегі бағаланады", - дейді Тұрғамбек.

Әнші сұхбат барысында жас өнерпаздардың эстрадаға қандай мақсатпен келетіні жайлы айтып берді. Айтуынша, жас әншілердің үлкен қателігі – бір ән жазып танымал болуды ойлау.

"Қазір көп адам тойдың әнін жазып, тойға шығып қаржы табамын деп өнерге келеді. Ондай адамдар ұзаққа бармайды. Өнерге ақша үшін келуге болмайды. Біз өнерді университетте оқыдық, магистратураны да бітірдік. "Жігіттер" тобы құрылған кезде қаншама қиындық болды, түрлі байқауға қатыстық. Жетістікке жету үшін тер төгілді. Біз басында ақшаны ойлаған жоқпыз, ән айтқымыз келді", - деп еске алды әнші.

Айдар Тұрғамбек
© Photo : Айдар Тұрғамбектің жеке архивінен алынды
"Тойдың әндері, сапасыз әндер болмайды"

Ол өнер адамы халыққа қандай пайдалы ән сыйлаймын деп келу керек дейді. Алайда біздің қоғамда тойсыз да болмайтынын атап өтті. Тойда айтылатын ән де қажет, бірақ мақсат той болып кетпегені жақсы. Өнерге хобби ретінде қарау керек, негізгі табыс басқа жерден түсіп отырғаны жөн, дейді ол.

Әр адамның жеке қоры болуы керек

"Концерт пен тойдың ертерек басталғанын қалаймыз. Халықпен жүздескіміз келеді, концертке барып, өнер көрсеткіміз келеді. Алайда концерт пен тойдан бөлек қаржы түсіп тұратын жұмыстарым бар", - дейді әнші.

Ол әр отбасының табысы мен шығыны әртүрлі екенін де айтты. Кез келген жағдайға дайын болып, бір-екі жылға жететіндей қаржы қоры болғаны дұрыс, дейді ол.

"Карантин кезінде табысым әдеттегіден айтарлықтай азайды, бірақ білімге инвестиция құйып, қаржылық сауаттылық жағынан дамыдым. Қандай кәсіппен айналысу керек екені жайында көп оқыдым. Карантиннің арқасында отбасымның жанында көбірек уақыт өткізіп, балалардың қалай өсіп жатқанын көріп жатырмын", - дейді Тұрғамбек.

Әншінің арманы

Сұхбат барысында әнші той жасау мәселесі мен бағасына да тоқталды. Әнші өзін тойға шығатын танымал әншілердің ішінде ең арзан бағаны айтатын өнерпаз деп есептейді.

"Халық қай әншіні ұнатса, сол адамды тойына шақырады. Ұнамаса, қинап ешкім шақырта алмайды. Менің қойған бағам қымбат емес. Тойға шығып жүрген танымал әншілердің ішіндегі ең арзан баға десе де болады. Өйткені "Жігіттер" тобымен де тойға шығамын, жеке де өнер көрсетемін. Жеке шығатын бағам халыққа қолжетімді. Ол карантиннен бұрын да солай болды, карантиннен кейін де солай болып қала береді", – дейді Айдар Тұрғамбек.

Ал тойды әркім өз шама-шарқына қарап жасау қажет деген әнші өзінің де қыздарын ұзатып, той жасағысы келетінін жасырмады.

"Тойды шамасы келетін адам жасауы керек. Барлық ата-ана баласын үйлендіріп, қызын ұзатқысы келеді. Мен де қызымды қолымнан ұзатқым келеді. Сондықтан басқа адамға балаңды үйлендіргенде той жасауға болмайды деп қалай айтасың?", - дейді әнші.

Қазір бәсекелестік кезеңі, біреудің тойы үлкен мейрамханада өтті, менікі де солай өту керек деп ойлайды. Кредит алып, қарызға той жасаудың қажеті жоқ. Шамасы келетін деңгейде өткізу дұрыс деп санаймын, деп толықтырды Тұрғамбек.

4394
Кілт сөздер:
ән, той, әнші
Бағлан Әбдірайымов, Жігіттер тобының солисі

"Тегін дүние жоқ": Бағлан Әбдірайымов ашық сұхбат берді

6771
(Жаңартылды 17:03 26.07.2020)
Әнші індет салдарынан туындаған дағдарыстан кейін көп адамның өмірге деген көзқарасы өзгеретінін айтып отыр

АЛМАТЫ, 26 шілде – Sputnik, Айгерім Таубай. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші Бағлан Әбдірайымов қазақстандық баспагермен бірлесіп екінші кітабын шығарды. Бұл жаңалықты әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында хабарлады. Сонымен қатар әнші бұған дейін шыққан "Ақ пен қара"  кітабы мен карантин кезіндегі жұмыстары, жеке бизнесіне тоқталды.

Әңгіме "Жігіттер" тобының шығармашылығы жайлы басталды. Сонымен қатар әнші карантин кезінде ән жаздырмағанын, алайда карантин аяқталған соң халықпен жүздесуге дайын екенін айтты.

"Еліміз еңсесін көтеріп, мерекелік көңіл-күй болып жатса, әдемі кештерде әдемі әндерімізді айтып, "Жігіттер" болып жүре береміз. Топтың топ болып сақталып тұру үшін арамызда ешқандай келісімшарт жоқ. Сондай-ақ, шектеу де жоқ", - дейді ол.

Карантин кезінде әнші ән жаздырмаса да, әлеуметтік желідегі оқырмандарымен онлайн форматта байланыста болды. Білім беру саласының мамандарымен онлайн сұхбат жасады.

Карантиндегі бизнес

"Тойдың табысына қарамай, басқа да іспен айналысып жүргеніме бір-екі жыл болды. "Ақ пен қара" кітабы жазылған соң, кітапты сатып, бизнес жасадық. Биыл да Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп "Қарызсыз қазақ" деген кітап жазып шығардық. Ол да оқырманға жол тартты. Сондай-ақ, отбасыға, күнделікті ішуге деп қымыз, саумал шығарумен айналысып жүрміз. Әзірге осы істі дөңгелетіп жатырмыз", - деді әнші.

Әншінің баспагер Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп жазған "Қарызсыз қазақ" кітабы карантин кезінде жазылған. Автордың айтуынша, екі тараудан тұратын бұл кітапта қарыздан сақтайтын жаңа әдеттер мен қарыздан құтылуға көмектесетін нақты әдістер көрсетілген.

Бизнесін дөңгелетіп жүрген әнші елде болып жатқан жағдайға байланысты пікірін жариялап отырады. Алайда, ол өзінің азаматтық пікірі екенін, саясатқа араласу ойында жоқ екенін мәлімдеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от BAǴLAN ABDRAIMOV (@baglan_abdraimov_official)

"Әлеуметтік желіде белгілі бір тақырыпта ой бөлісіп, азаматтық пікірімді білдіріп тұратыным бар. Алайда саясатқа араласу ойымда жоқ. Соның бірі ретінде тойға тыйым салуға да тоқталып өтуге болады. Қазір азаматтардың асқа, жаназа, жиын, тойға барып инфекция жұқтырып алатынын көріп отырмыз. Сондықтан карантин енгізілген соң тек тойды ғана емес, басқа да кісі көп жиналатын жиындарға да шектеу қойған дұрыс деп ойлаймын", - дейді ол.

Айтуынша, індет салдарынан туындаған дағдарыстан кейін көп адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді. 

"Шын маман, шын талант орнында қалып, сол салада күнелтіп жүргендер өз саласына кетеді деп ойлаймын", - дейді әнші.

"Тегін дүние жоқ"

Әншінің айтуынша, "Ақ пен қара" кітабы әншінің басынан өткен оқиға негізінде жазылған. Құмар ойынмен есімі қатар аталатын әнші кітапта өзіне ненің көмектескенін жазған.

"Кітап елімізде басты мәселенің бірі болған құмар ойыны тақырыбына арналған. Жеке басымнан өткен сол құмар ойынның азабы, қарызға бату, абыройдан жұрдай болу тақырыбы қозғалады. Не үшін ойнадым, кімдер ойнайды, қалай қойдым, кім және не көмектесті деген сұрақтарға жауап бердім. Жалпы алғанда жеке өмірім, оның ішінде белгілі бір кезең сөз болады", - деді Әбдірайымов.

Әнші кітапты шығарғаннан кейін тегін таратуды ұсынғандар да болған, алайда автор әр істің артында көл-көсір еңбек жататынын алға тартты.

"Кітап даналық қасиетін жоғалтпаған қаракөздеріміз біреудің қателігінен сабақ алып, менің өмірімдегі оқиғаларды оқып, пайдасына жаратса деген оймен жазылды. Кітапты тегін бермейсің бе дегендер де болды. Тегін дүние жоқ, еңбек қашан да ескерілуі керек. Кітаптың мың оқырманы, он мың оқырманы болуы мүмкін. Оның ішінде жүз адам өзінің сауалына жауап алып жатса, жеңістің жеңісі деп айтуға болады", - дейді Әбдірайымов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от BAǴLAN ABDRAIMOV (@baglan_abdraimov_official)

Сонымен қатар әншіден әлеуметтік желіде әлі күнге дейін туған-туыс, жақынының құмар ойынға салынып кеткенін айтып, кеңес сұрайтындар көп. 

"Біреу күйеуінің, бірі бауырының, бірі баласының мәселесін айтып хабарласады. Ақыл-кеңес сұрайды. Барлығына жауап беру мүмкін емес, бірақ карантин кезінде онлайн кездесу өткізіп, бар білгенімді айтып жүрдім. Мұны уақытша тоқтатып қойдым. Себебі құмар ойын туралы біреумен сөйлесу үшін оның өміріне, тағдырына араласасың. Оқиғаның негатив тұсын өзіңе қабылдап аласың. Ол менің де көңіл-күйіме қатты әсер етеді. Ақыл сұрайтын кісілерге, кітапты оқыңыз деп айтамын", - дейді Әбдірайымов.

Әнші Бағлан Әбдірайымов Түркістан облысы Түлкібас ауданы Ақсу-Жабағалы елді мекенінде дүниеге келген. 2003 жылы Шымкентте құрылған "Жігіттер" квартетінің мүшесі. 2020 жылы "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.

6771
Кілт сөздер:
карантин, кітап, әнші
Тақырып бойынша
Полиция әнші Кенталдың видеосын адамдардың қайғы-қасіретін мазақ ету деп атады
"Ащы шындық" Қазақ жігіттерін кінәлаған белгілі әншінің басы дауға қалды
Танымал қазақстандық әнші 2 жыл бойы елдің бетіне неге қарай алмағанын айтты
"Менің ісім емес екен": Кәсібі бар жұлдыздар туралы не білеміз?
Гауһар Әлімбековаға ақша жинаған Ақбота Керімбекованың басы дауға қалды
Архивтегі фото

Ордабасы ауданында коронавирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты

0
Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 158 науқас тіркелген. Оның екеуі қайтыс болды. Қалғаны ауруханадан шыққан

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Түркістан облысында Ордабасы аудандық орталық ауруханасының коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналған инфекциялық бөлімі қазір бос тұр. Мұнда емделген соңғы науқас ауруынан толық сауығып шыққан.

"Парламент мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев бастаған республикалық "Қоғамдық бақылау" өкілдері аудандық ауруханада болып, жағымды жаңалыққа куә болды", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ордабасы аудандық орталық ауруханасы 120 мың халыққа қызмет көрсетеді. Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 158 науқас тіркелген. Оның ішінде 2 азамат қайтыс болды. Емделушілер толық жазылып шыққан. Пневмония ауруы да азайып, провизорлық госпитальдың төсек-орын саны 40 орынға қысқарған. Қазір аталған індетпен 21 науқас ем қабылдап жатыр.

Оқи отырыңыз: Мамин коронавирус пандемиясының жаңа толқыны туралы айтты 

Аудандық аурухана 9 жасанды тыныс алдыру аппараты және 70-тен астам оттегімен қамту жабдығымен қамтамасыз етілген. Жеке оттегі жеткізу орталығы орнатылған. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бір ай бұрын құрылған 17 мобильді топ мыңға жуық науқасқа үйлеріне барып, ем көрсеткен.

"Қоғамдық бақылау" өкілдері аурухананың инфекциялық және провизорлық бөлімдерін аралап, жедел-жәрдем көлігімен және зертхана жағдайымен танысып шықты.  

0
Кілт сөздер:
Ордабасы ауданы, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Маска тақпағандарға 79 мың теңге айыппұл салынады
Қазақстанда коронавирустан қанша адам қайтыс болғаны айтылды
Билік коронавирустан қайтыс болғандардың нақты санын жасырып отыр ма?
Денсаулық сақтау министрі бетперде тағуға қатысты соңғы өзгерісті жариялады
Ақорда бірнеше қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарат таратты