Айдар Тұрғамбек

Айдар Тұрғамбек жағымды жаңалығын бөлісті

4868
(Жаңартылды 15:20 30.07.2020)
Әнші халыққа сапалы ән тыңдауға мүмкіндік беретін жаңалығымен бөлісті. Мұның арқасында өнер адамының да еңбегі бағаланады, дейді ол

АЛМАТЫ, 29 шілде – Sputnik, Айгерім Таубай. "Жігіттер" тобының әншісі Айдар Тұрғамбек қазақ әндері жүктелетін сайт туралы қуанышты хабарым Sputnik Қазақстан тілшісімен бөлісті. Карантин кезінде әншінің өзі де екі ән жазған.

"Карантин уақытында шығармашылықпен айналыстым. Енді бірнеше күннен кейін сайт та іске қосылады. 2002-2003 жылдары қазақ эстрадасында әндер кассета күйінде сатылатын, яғни өнер, шығармашылық бағаланатын. Қазір интернет арқылы әнді жазып алу тегін болып кетті", - дейді әнші.

Айтуынша, мұндай сайт ашуды ұзақ уақыттан бері ойланып жүрген. Себебі кей ән өзіне жұмсалған ақшаны ақтамайды.

"Той мен концерт өткізуге қашан рұқсат берілетіні белгісіз. Сол себепті біздің өнім сайт арқылы сатылуы керек. Соған сәйкес, қазақ эстрадасында сапалы әндер шығатын болады. Тойдың әндері, сапасыз әндер болмайды. Халық та сапалы ән тыңдайды, өнер адамының да еңбегі бағаланады", - дейді Тұрғамбек.

Әнші сұхбат барысында жас өнерпаздардың эстрадаға қандай мақсатпен келетіні жайлы айтып берді. Айтуынша, жас әншілердің үлкен қателігі – бір ән жазып танымал болуды ойлау.

"Қазір көп адам тойдың әнін жазып, тойға шығып қаржы табамын деп өнерге келеді. Ондай адамдар ұзаққа бармайды. Өнерге ақша үшін келуге болмайды. Біз өнерді университетте оқыдық, магистратураны да бітірдік. "Жігіттер" тобы құрылған кезде қаншама қиындық болды, түрлі байқауға қатыстық. Жетістікке жету үшін тер төгілді. Біз басында ақшаны ойлаған жоқпыз, ән айтқымыз келді", - деп еске алды әнші.

Айдар Тұрғамбек
© Photo : Айдар Тұрғамбектің жеке архивінен алынды
"Тойдың әндері, сапасыз әндер болмайды"

Ол өнер адамы халыққа қандай пайдалы ән сыйлаймын деп келу керек дейді. Алайда біздің қоғамда тойсыз да болмайтынын атап өтті. Тойда айтылатын ән де қажет, бірақ мақсат той болып кетпегені жақсы. Өнерге хобби ретінде қарау керек, негізгі табыс басқа жерден түсіп отырғаны жөн, дейді ол.

Әр адамның жеке қоры болуы керек

"Концерт пен тойдың ертерек басталғанын қалаймыз. Халықпен жүздескіміз келеді, концертке барып, өнер көрсеткіміз келеді. Алайда концерт пен тойдан бөлек қаржы түсіп тұратын жұмыстарым бар", - дейді әнші.

Ол әр отбасының табысы мен шығыны әртүрлі екенін де айтты. Кез келген жағдайға дайын болып, бір-екі жылға жететіндей қаржы қоры болғаны дұрыс, дейді ол.

"Карантин кезінде табысым әдеттегіден айтарлықтай азайды, бірақ білімге инвестиция құйып, қаржылық сауаттылық жағынан дамыдым. Қандай кәсіппен айналысу керек екені жайында көп оқыдым. Карантиннің арқасында отбасымның жанында көбірек уақыт өткізіп, балалардың қалай өсіп жатқанын көріп жатырмын", - дейді Тұрғамбек.

Әншінің арманы

Сұхбат барысында әнші той жасау мәселесі мен бағасына да тоқталды. Әнші өзін тойға шығатын танымал әншілердің ішінде ең арзан бағаны айтатын өнерпаз деп есептейді.

"Халық қай әншіні ұнатса, сол адамды тойына шақырады. Ұнамаса, қинап ешкім шақырта алмайды. Менің қойған бағам қымбат емес. Тойға шығып жүрген танымал әншілердің ішіндегі ең арзан баға десе де болады. Өйткені "Жігіттер" тобымен де тойға шығамын, жеке де өнер көрсетемін. Жеке шығатын бағам халыққа қолжетімді. Ол карантиннен бұрын да солай болды, карантиннен кейін де солай болып қала береді", – дейді Айдар Тұрғамбек.

Ал тойды әркім өз шама-шарқына қарап жасау қажет деген әнші өзінің де қыздарын ұзатып, той жасағысы келетінін жасырмады.

"Тойды шамасы келетін адам жасауы керек. Барлық ата-ана баласын үйлендіріп, қызын ұзатқысы келеді. Мен де қызымды қолымнан ұзатқым келеді. Сондықтан басқа адамға балаңды үйлендіргенде той жасауға болмайды деп қалай айтасың?", - дейді әнші.

Қазір бәсекелестік кезеңі, біреудің тойы үлкен мейрамханада өтті, менікі де солай өту керек деп ойлайды. Кредит алып, қарызға той жасаудың қажеті жоқ. Шамасы келетін деңгейде өткізу дұрыс деп санаймын, деп толықтырды Тұрғамбек.

4868
Кілт сөздер:
ән, той, әнші
Солақай, архивтегі сурет

Мамандар солақайлардың қандай ерекшелігі болатынын айтты

2979
(Жаңартылды 22:06 13.08.2020)
13 тамыз – халықаралық солақайлар күні. Техникалық құрал-жабдықтардың басым бөлігі оң қолмен жұмыс істейтін адамдарға арналып шығарылады. Сондықтан бұл бастаманы 1984 жылы солақайлардың халықаралық конфедерациясы көтерді

АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. 1992 жылдан бастап солақайлар күні ресми түрде мерекелік күнтізбеге қосылды. Sputnik Қазақстан тілшісі солақайлардың ерекшелігі мен солақай балалар мектепте қандай қиындықпен бетпе-бет келетінін біліп көрді.

Жаны нәзік болады

Статистика бойынша, әлем халқының 10%-і – солақай адамдар. Психолог Балабек Сақтағанның айтуынша, компьютерден бастап көлікке дейін оңқай адамдарға бейімделіп жасалғандықтан, солақайлардың өмірінде біршама қиындық туындайды. Мұны психолог солақайлардың бірі ретінде және адамдармен жұмыс істейтін маман ретінде айтты.

"Солақай адамдар кез келген ортаға тез бейімделгіш болады. Сондықтан оңқайларға арналып жасалған заттарды тез үйреніп алады. Солақайлар көздеген мақсатына жету үшін еңбектен де қашпайды. Солақай адамдарда мидың оң жақ жартышары мен сол жақ жартышары өте тығыз байланысқан. Алайда солақайларда оң жақ жартышары жақсы жұмыс істейді", - дейді психолог Сақтаған.

Сол себепті солақайлар қарым-қатынастың логикалық жағына көбірек мән береді. Сөйлеу қабілеті де өте жақсы дамыған.

"Олар лидер болуға бейім келеді. Бұған қиындыққа қарамастан, барлық затқа тез үйреніп алатын қабілетінің де әсері бар. Ал мінез жағына келер болсақ, солақайлардың жаны өте нәзік, жағымсыз жайттардан көңіл-күйі тез бұзылады. Олар жан-жағындағы адамдардың қайғысын, қиындығын өз басынан өзіне қабылдап алады. Өйткені, солақайларда қиял қатты дамыған. Дүниені, қоршаған ортаны тұтастай көреді", - дейді психолог.

Айтуынша, солақайлардың арасында шығармашылық адамдар көп кездеседі. Психолог сөзін нақтылау үшін Юлий Цезарьдың, Уинстон Черчилль, Наполеон мен ағылшын патшайымы Елизаветаның, Бетховен және Мэрилин Монроның солақай болғанын айтып өтті.

Ең жиі қойылатын сұрақ

Ал 23 жастағы алматылық бойжеткен Жібек Құсайын солақайлардың мектеп қабырғасында жиі бетпе-бет келетін қиындықтары жайлы айтып берді.

"Мектепте диктант, бақылау жұмысын тез жазу керек болған кезде, солақай болғандықтан үлгермей қалатынмын. Себебі, солақайлар қаламды басқаша ұстайды. Соған байланысты мектепте бірнеше мұғалім ескерту жасады, тіпті арасында ұрысқандар да болды. Осы жағынан мектепте қатты қиналдым", - дейді Жібек.

Солақайлар күні
© Photo : Жібек Құсайынның жеке архивінен алынды
Солақайлар күні

Айтуынша, мектепте солақай екенін сыныптастары тақтаға шыққан кезде байқаған. Себебі, солақайлар өз жазғанын денесімен жауып қалады. Сондай-ақ, үзілісте "мына әріпті қалай жазасың?" деп қызығушылық танытады.

"Оң қолмен жаза аласың ба?" деген ең көп қойылатын сұрақтың бірі. Тіпті арасында саған оң қолмен жазуды үйреткісі келгендер де болады. Соған қарамастан, мектепте солақай балаларға арналған жарыстар ұйымдастырылатын. Соның бірі – "солақайлар спартакиадасы". Жыл сайын осы жарысқа қатысып, бір марқайып қалатынмын", - деп толықтырды ол.

Айтуынша, солақай екені дастархан басында ас ішкен кезде қатты байқалады. Кейде мұсылман елдерінде сол қолды лас қол деп санайтынын айтып, оң қолмен ас ішуге үйрен деп кеңес берген туыстары да болыпты.

"Сол ескертудің өзі жүрегіме қатты тиетін. Себебі мен мұны кемшілік ретінде қараған емеспін, мен осылай жаратылдым. Адамдардың көп бөлігі оң қолымен жұмыс істейді, солардың арасында өзімді ерекше сезінемін. Жалпы, солақай болудың өзі – ерекшелік", - дейді Жібек Құсайын.

Солақай болу – ерекшелік немесе кемшілік емес

Ал балалар психологы Аида Тұрғазы солақай болу адам миының бір бөлігі доминант болуымен ғана ерекшеленетінін айтты.

"Адам көп істі оң қолымен жасайтын болса, мидың сол жақ бөлігі белсенді жұмыс істейді деген сөз. Егер сол қолды белсенді қолданатын болса, мидың оң жақ жартышары жақсы жұмыс істейді. Бар ерекшелік осы. Жұмыс істейтін қолға байланысты, мидың бір бөлшегі басымдық танытады. Мидың сол жақ жартышары аналитика, анализ, логика, сан, математикаға жауап берсе, оң жақ бөлігі креативті ойлау, түйсік, әлемді қабылдауда адамның сыртқы келбетіне қарау, эмоция, музыкаға, шығармашылыққа жауап береді", - дейді Тұрғазы.

Сондықтан сол қолмен жұмыс істейтін балалар ерекше ойлайды. Солақай бала шығармашылыққа бейім болады. Армандауы, қабылдауы, музыкадағы ритмді сезуі, түстерге мән беруі жақсы дамиды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ПСИХОЛОГ /АИДА ТҰРҒАЗЫ (@aidaturgazy_)

Сонымен қатар психолог егер бала ата-анасынан басқа адамдардың оң қолмен жазатынын, не себепті өзінің солақай екенін сұраса, не деп жауап беру қажет екенін айтты.

"Балаға адамдардың әртүрлі болатынын, кей адамның бойында ерекшелік бар екенін айтып, талқылау методикасы арқылы әңгімелесу керек. Баланың түсіну, қабылдау деңгейіне қарай жғдайды, адамдарды талқылап, түсіндіру қажет", - дейді ол.

Солақай болуды ерекшелік немесе кемшілік деп емес, қалыпты жағдай деген түсінік қалыптастырған жөн, деп толықтырды Тұрғазы.

2979
Кілт сөздер:
қол қою
Ермек Тұрсынов

"Бұлардың істеп жүргені - мазақ": Ермек Тұрсынов ашық сұхбат берді

4283
(Жаңартылды 23:20 07.08.2020)
Кинорежиссер бір жылдан бері қандай ұсынысы әлі де жүзеге асырылмағанын, кімнің фильмдері көңілінен шықпайтынын айтты

АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Қазақстандық кинорежиссер, сценарист, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ермек Тұрсынов ұлттық кеңестегі ұсынысынан кейін мәдениет министрімен қандай қарым-қатынаста екенін, сондай-ақ, қазіргі кино жайлы ойын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Ұлттық кеңестегі ұсыныс

"Ұлттық қоғамдық кеңес құрылған кезде көбіне саясатқа байланысты мәселелер көтерілген болатын. Біраз нәтижелі жұмыс жүргізілді. Әсіресе, митингіге байланысты сұрақтардың жауабы шешілді. Бірнеше салмақты, маңызды шешім қабылданды деп айтуға болады. Ал мен мәдениетке байланысты мәселені көтердім", - дейді Тұрсынов.

Ермек Тұрсынов
© Photo : Ермек Тұрсыновтың жеке архивінен алынды
"Министрмен келіспей қалдық"

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2019 жылы өткен отырысында Ермек Тұрсынов мәдениет және спорт министрлігін бөлуді ұсынды. Тұрсыновтың айтуынша, содан кейін мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова режиссерға қоңырау шалған.

"Ол кісіге менің ұсынысым ұнаған жоқ. Мәдениет пен спортты бөлуді ұнатпады. Сөзге келіп қалдық деп айтуға келмес, бірақ пікіріміз екі түрлі болды. Келіспей қалдық. Ал көпшілік менің айтқанымды өте жақсы қабылдады. Қазірге дейін сол отырыста айтқан сөзімді желіде жариялап отырады", - дейді режиссер.

Ермек Тұрсынов сол отырыстан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, ұсынысының еш нәтиже бермегенін айтып өтті. Алайда республика аумағын аралаған кезінде адамдар ілтипат танытып, режиссер пікірімен толық келісетінін жеткізетін көрінеді.

"Ұлттық кеңес мүшелері мәдениет пен спортты бөлу туралы ұсынысымды өте жақсы қабылдады. Мен қазір де солай ойлаймын. Бәрі мәдениеттен басталады", - дейді Тұрсынов. Ең өкініштісі – сол ұсыныс тек сөз болып қалды, деп толықтырды ол.

"Кино үйі" төңірегіндегі дау

Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы одақ жұмыс істейтінін, алайда "Кино үйі" төңірегіндегі даудың екі жылдан бері шешімі табылмай жатқанын айтты.

"Кино үйі" мәселесі бір орыннан жылжымай тұр. Екі жылдан бері соттасып жатырмыз. Қара шаңырағымызды өзімізге қайтара алмай жүрміз. Сот жалғасып жатыр, қашан бітетіні тіпті белгісіз. Оны ешкім айта алмайды. Бармаған жерім жоқ. Қазір одақ мүшелері отырып жұмыс істейтін орын жоқ. Кейде "Қазақконцерт" ғимаратында, кейде мейрамханада кездесіп, жиналыс өткіземіз. Кейде "Қазақфильмнің" бірінші қабатындағы аядай бөлмеде жиналамыз", - дейді Тұрсынов.

Айтуынша, бұл мәселе кеше туындаған жоқ. Бір кездері одаққа басшылық еткен кісі "Кино үйінің" жартысын сатып жіберген. Одан кейін де басшылыққа келгендер қалған жарты бөлігін жалға беріп қойған. Содан бері сот процесі жүріп жатыр.

"Қазақфильм" басшылығы туралы

Ермек Тұрсыновтан бір салада жүрген әріптесі Ақан Сатаевтың "Қазақфильмге" басшы болып тағайындалғанына қатысты пікірін де сұрадық. Алайда режиссер бұл шешімнің артында жаман оқиға тұрғанын, алайда дәл қазір ашып айта алмайтынын жеткізді.

"Мұны дәл қазір ашып айта алмаймын. Себебі бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. Қай жаққа шығаратынын айта алмаймын. Бірнеше аптада бұл мәселе шешіледі. Сатаевтың алдында "Қазақфильмді" Арман Әсенов басқарды. Оны бұл қызметте тоғыз ай қызмет істегеннен кейін орнынан алып тастау, меніңше, қате. Не болатынын көреміз", - дейді Тұрсынов.

Айтуынша, "Қазақфильмді" экономикадан хабары бар маман басқаруы керек.

"Қазақта "қисық аяққа қызыл кебіс не керек?" деген сөз бар. Режиссер – өнердің адамы, ал бұл қызметке есептің адамы, экономиканы білетін адам керек", - деді Ермек Тұрсынов.

"Істеп жүргені - мазақ"

"Тақиялы Періште", кешегі "Қыз Жібек" фильмдері ақша үшін жасалған жоқ. Бұл киноның авторлары ең алдымен елдің көңілін, елдің санасын ойлады. Ақша жағына келер болсақ, ол кейінгі заманның "модасына" айналып кеткен ұғым. Иә, ақшаға да мән беру керек, бірақ ақшадан басқа ешқандай мақсат болмаса, ол шедевр болмайды", - дейді Тұрсынов.

Премьера фильма Томирис
© Sputnik / Владислав Воднев
"Томирис" фильмінің премьерасы

"Ал арзанқол фильмнің миллиондап табыс табуы – көрерменнің надандығын көрсетеді, - деп жалғастырды Тұрсынов. - Қоянбаевтың түсіргенін кино деп айтуға болмайды, осыны адамдарға айтып түсіндіру керек. Баян Алакөзова да кітап жазды, бірақ ол әдебиет емес. Нұртас Адамбаев, Нұрлан Қоянбаев, Қайрат Нұртас пен Төреғалидің түсіріп жатқаны кино емес. Кино деп "Тақиялы періште", "Атамекен", "Қыз Жібекті" атауға болады. Ал бұлардың істеп жүргені – мазақ".

Сонымен қатар Тұрсынов "Томиристі" кино деп санамайтынын, бірақ оған әртістік құрамның еш кінәсі жоқ екенін айтты.

"Томирис" – кино емес. Бұған басқа алып-қосарым жоқ. Әртістердің еш жазығы жоқ, қойылған тапсырманы орындауға тырысты. Негізгі жауап беретін – режиссер", - деп түйіндеді сөзін Тұрсынов.

Режиссер Ермек Тұрсынов
© Photo : Ермек Тұрсыновтың жеке архивінен алынды
Ермек Тұрсынов режиссерлік мансабын "Келін" фильмінен бастаған. 2012 жылы режиссердің "Шал" фильмі шықты

Ермек Тұрсынов 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Режиссерлік мансабын "Келін" фильмінен бастаған. 2012 жылы режиссердің "Шал" фильмі шықты. Сонымен қатар Тұрсынов бірқатар фильмге сценарий жазған.

4283
Кілт сөздер:
Ермек Тұрсынов, режиссер
Тақырып бойынша
"Томиристің" қазақшасы қайда?": Ақан Сатаев халықтан кешірім сұрады
"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз
Тұрсынов Димаштың жетістігіне ортақтасатын шенеуніктерді сынап тастады
Режиссер Ақан Сатаев басшылық қызметке тағайындалды
Белгілі режиссер Ақан Сатаев тұңғышын ұзатты – фото 
Архивтегі фото

Нұр-Сұлтанда басқарма басшысы 1 миллион теңгеге дейін пара алған видео

0
Елорда әкімдігінің лауазымды қызметкерлері заңды тұлғаларға құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуға лицензияларды заңсыз берген

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елорда әкімдігінің лауазымды тұлғасын тергеуге алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, "Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы мен басқа да тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Олар 100 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейінгі ақшалай сыйақы үшін заңды тұлғаларға құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуға 1,2,3-санаттағы лицензияларды заңсыз бергені үшін айыпталып отыр", - дейді тергеушілер.

Ал Алматы облысы Кербұлақ ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы мен басқа да қызметкерлері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін тергеуге алынды.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясының лауазымды тұлғасы қылмыс үстінде қолға түсті – видео

"Олар 2019 жылдың шілде-тамыз айларында "Сарыөзек ауылының сумен жабдықтау жүйесін ағымдағы жөндеу" объектісі бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін 35 855 570 теңгені аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырды",- делінген ресми хабарламада.

0
Кілт сөздер:
видео, пара