Астанадағы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші

Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы не білеміз?

803
(Жаңартылды 10:43 12.07.2019)
Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Руы - Арғын, оның ішінде Қуандық – Темеш.

13 жасында балалар үйіне түседі

Рақымжан Қошқарбаевтың 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Осылайша 13 жасынан жетім қалған Қошқарбаев Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектепті бітірген соң ол Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберіледі.

Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға ат салысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Рақымжан Қошқарбаевты Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады.

1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елді мекеніндегі жаудың бетін қайтарады. Осы судан ары кеңес әскерін өткізбей, немістер тоқтаусыз оқ жаудырып тұрған. Атылған оқтың астымен жорғалаған Қошқарбаев взводы немістердің тұрағының үстінен түсіп, бетпе-бет соғысады.

40 немісті қырып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. Қызыл әскер ары қарай жылжиды. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын болады. Тағы да жауға Рақымжан Қошқарбаевтың взводы тойтарыс береді.

Тағы оқыңыз: Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов туралы қызық деректер

Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 немістің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласындағы жаудың 14 зеңбірегін, 27 үлкен калибрлі пулеметті, одан бөлек көптеген мылтық, оқ-дәрілерді тәркілейді. Осы үшін Рақымжан Қошқарбаевтың взводына "Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы" ордені табыс етіледі.

Соғыстың соңына қарай лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Осы кезде шапшаң әрі көзсіз батыр қазақ жігітінің есімі майдан шебінде аңыздай тарайды.

Жеңіс туы: қазақ батырының естелігі

Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Бірақ ол тек Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған еді.

Осы ерлігін Рақымжан Қошқарбаевтың өзі 1958 жылы 28 ақпанда "Лениншіл жас" газетінде шыққан сұхбатында былай сипаттап беріп еді:

28 апрель

Біздің полк Ішкі істер министрлігінің үйін – "Гиммлердің үйі" деп аталатын үйді алуға тапсырма алды. Бұл үй бүкіл кварталға көсіліп жатыр. Таң қылаң бере біздің артиллерия оқ нөсерін құйып берді. Әлемдегі бар планета осы маңға жанып түсіп жатқандай. Айнала ұлып, күңіреніп кетті. Біз де қарақұрым болып қаптап, жан-жақтан лап қойдық. Ең алдыда – аға лейтенант, тәжік жігіті Атаевтың ротасы.

Шашы қалың, қап-қара әдемі жігіт еді. Сан ағалық ақылдары, бауырмашылдық сыпайы сөздерімен мені әбден баурап алған болатын. Көрген сайын өз ағамдай еміреніп, еркелеп тұрушы едім. Өзі де бір сымбатты, тұлғалы офицер еді. Көзім шалып қалды, жігіттерін алға ұмтылдырып, дауысы өктем шығып, ерлерінің алдында өзі кетіп бара жатыр екен.

Тағы оқыңыз: Дінмұхамед Қонаев туралы не білеміз?

Осы ротаның соңынан өкшелеп біз де келе жатырмыз. Үлкен айқас, қыруар шығынмен үйдің ішіне кірдік. Жау төменнен қашып, жоғарыға қарай қусырылып барады. Әр этажда, әр бөлмеде – қырғын соғыс. Ұрыстың соншама қатты болғанын қараңыз, таң қылаң бере үйге кіргеннен кешкі сағат төрт кезінде төртінші этажға әрең іліктік.

– Анау Рейхстаг болар-ау, – деді қасымдағы бір жауынгер. Төртінші этаждың дал-дұл болған терезесінен тасалай келіп, қырындай қарадық. Қою түтіннің арасынан үлкен үй еміс-еміс көрінеді. Қашықтығы шамамен екі жүз, үш жүз метрдей. Үйдің қаңқасы ғана қалған. Төбесінде күмбезі бар. Ішіне тығылып алған неміс зеңбіректері біз тұрған үйге қарай от құсып тұр. Оның үстіне жоғары қабатқа тығылған құзғындар да жан ұшырып, айбар жасауда.

Рейхстагтың ар жағынан парк көрінді. Кейіннен білдік, Тиргартен паркі деп атайды екен. Ол парктің әрбір бұтасы, әрбір ағашы оқ атып тұрғандай. Біздің мазамызды алған да – сол төңіректен көрсетілген неміс қарсылығы. Рейхстагтың бергі аузы жап-жалаңаш, ашық алаң, оның бер жағында – канал. Каналдан өтетін көпірдің де құр тұлдыры

Әлгі ашық алаңда трансформатордың жәрдемімен немістің өздігінен ататын зеңбірегі дүркін-дүркін біз жаққа лап қойып, лап қойып тұрды. Расчетының, адамдарының қайда екені белгісіз, көрінбейді. Неміс жендеттерінің әр үйде қаруланғаны соншама – алған этажымыздың бәрінде үйінді-үйінді фаустпатрондарды кездестірдік.

Тағы оқыңыз: 17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова 

Жігіттер бұл құралды қалай атуды да дем арада біліп алыпты. Енді Рейхстаг жаққа қарай немістің өз оқтарын зулатты. Үш-төрт фаустпатронды иығыма салып атып, мен де құр қалмадым. Әлгі алаңдағы зеңбірек немістің өз оғымен істен шықты. Бірақ басқа жердегілердің аптығы әлі басылар емес. Үйдің ішінде жүрсек те, әрбір қадам қауіпті

Терезеден, қабырғаларды тесіп оқ зу-зу етеді. Жеңіс шыңына қол созым жерде тұрып, талай тарландар өліп кетті. Қандай аянышты. Кеше ғана, тіпті жаңа ғана "жауды жеңдік қой, енді қанша тырбаңдар дейсің, Жеңіс туын Рейхстагқа дейін апардық деп айтамыз сүйген жарға" деп тұрған жалындар жан тапсырып жатыр. Оларға деген аяныш, жауға деген ыза жүрегіңді тырнайды. Қайтесің, соғыстың аты – соғыс. Құрбандықсыз болған ба?! Тістенесің де, оқ атасың. Әрбір жауынгер бұл сәтте өлім мен өмір арасындағы қыл үстінде. Күрестің отша қайнаған ортасында. Сөйтіп, қатты шайқас жүріп жатты.

...30 апрель, түс кезі

– Батальон командирі, капитан Давыдов шақырады, – деді. Төртінші этаждан подвалға жүгіріп түстім. Терезесі Рейхстаг жаққа қараған бөлмеде тұр екен. Қасында – политрук Васильченко, тағы бір топ жігіт. Терезеден бәрі көрініп тұр. Лағынет ұрыстың өңеші өлімге әлі толмағандай. Қан иісі сынық терезеден кеп мұрныңа ұрады. Сәл толастайды да, оқ бұршағы ұлып үдеп береді. Зеңбірек зіркілдейді, снаряд ышқынады. Осы бір қасірет музыкасының ойнағанына неше күн. Әлгі біз тұрған бөлменің терезесінен тап соның алдында тұрып, біреу бүркіп тұрғандай оқ құйылады. Бұрышқа қарай ығыса түсеміз.

– Лейтенант Қошқарбаев, саған жауынгерлік тапсырма, – деді Давыдов.

– Орындауға әзірмін.

Қастарына шақырып, Васильченко екеуі ортаға алды.

– Көріп тұрсың ба анау үйді? Рейхстаг деген – сол. Ендігі қалған жау ұясы.

– Көріп тұрмын.

– Қызыл жалау апарып тігу керек! Полктен әдейі лейтенант Сорокин басқарған барлаушылар взводын жіберіпті, – деді қасындағы жігіттерді нұсқап.

– Бұлар да сенімен бірге аттанады. Бүкіл батальон болып қолдаймыз.

– Құп, жолдас капитан.

Сол арада жалау да дайын болды. Ұзындығы бір жарым метрдей ағашқа (терезенің жақтауы) бір метрдей қызыл шүберекті байлап алдық. Туды ресми түрде маған Васильченко тапсырды.

"Бұл туды елден ерек маған неге тапсырады? Сондай сенімге ие боларлық көзге түсе қойдым ба? Рас, Одерден өткенде взводымның жігіттерін сол кездегі комбат – марқұм Твердохлебов мақтаған болатын. Сол арадағы ұрыс үшін "Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы" орденін мен де алдым. Ал Берлинге кіргелі алдамыз. Бүкіл батальон, полк алда келе жатыр. Онда тұрған не бар. Әркімнің-ақ Рейхстагқа ту тіккісі келеді. Барлық жауынгерлер де бұған жұлқынып тұр. Ап десең, лап беруге әзір".

Бір сәт көз алдымнан взвод жауынгерлері өтті. Одерде ерлікпен қаза болған қайран Попов. Қыран еді-ау, шіркін. Жау бас көтертпей жатқан шақта топ бастаған серкедей жүріп беруші еді. Қазір төртінші этажда ұрыс жүргізіп жүрген Гончаренко ше. Нағыз жүректінің өзі. Жауынгерлерімнің бәрі де тізіліп өтіп жатыр. Қимаймын, бауыр басып кеткен ерлерім. Жаман айтпай жақсы жоқ, мерт болып кетсем ше? Бірақ олар "тәуекел, барыңыз, жолдас лейтенант" деп тұрғандай. Ойымды "Аман бол, бауырым!" – деген Васильченконың батасы бөліп кетті. Бел бекем буылды. "Басқадан жаным әулие ме, тәуекел", – дедім ішімнен. Туды сабына орап, қойныма тығып алдым. Қайраттандым...

Тағы оқыңыз: Әкесін құтқару үшін майданға аттанған Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?

Оқ бүркесіні бөлме ішіне тағы бір сау ете қалған кезде, терезеден шыбын жанымды қолыма алып, ытқи жөнелдім. Ұмар-жұмар үйдің сыртындағы бір шұңқырға кеп құладым. Көріп қалды ма, әлде осы бір үңгірден (әлгі бөлменің терезесі) сезіктеніп әдейі атып тұр ма – оқты тағы да сеуіп жіберді. Бас көтеруге мұрша жоқ. Бір уақытта қолтығымның астынан артыма бұрылып қарасам, доп-домалақ бір жас жігіт өкшелей кеп құлапты.

– Амансыз ба, жолдас лейтенант!

– Өзің ше?

– Мен де аманмын-ау деймін. Бірақ арттағылар шыға алмай қалды.

Сәл күттік. Жау біз шыққан терезеге бұрынғыдан бетер қатты шүйілді.

– Тәуекел, жылжиы!

Тудың сабы жаңа ғана алған партбилетіме жанай бауырымда жатыр. Партияға өтерде "Рейхстагқа шабуыл жасағанда коммунист болсам" деген арызым есіме түсті. Бұл мені жігерлендірді. Айтпақшы, жаңағы жігіт – Григорий Булатов. Жастайынан полктің өзінде тәрбиеленген қолбала. Өте шапшаң, жүгіргенде құйындай ұшады.

Көп кідіруге болмайды. Алда 30 метрдей жерде үлкен бір үйінді тұр. Ең болмаса, соған жетейік. Оқ сәл толастағандай болса, біз ұша жөнелеміз. Әлгі үйіндінің түбіне де жеттік. Бірақ бұл арада ұзақ жатуға болмайды. Жау сені қазір-ақ қағып түсіреді. Жан-жағың ашық.

– Жолдас лейтенант, анау трансформаторды қалқаласақ қайтеді? – деді Булатов. Аузын жиғанша болған жоқ, бір снаряд дәл жанымыздан келіп гүрс етті. Не болса о болсын, түтін жамылып, трансформаторға қарай ұша жөнелдік. Айналаға қарасаң, жаның түршігеді. Бұл дүниеде екеніңді сезбегендейсің. Осындай әлдебір қорқыныш сезімдері билегенде, қойнымдағы ту есіме түседі де, қайта жігерленем.

Тағы оқыңыз: Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы туралы қызық деректер

Аспан от боп жанып, жер балқып тұрғанда, трансформатор қалқа болушы ма еді. Ендігі жан сақтар жер – көпірдің асты. Тағы бір толаста ыта жөнелдім. Булатов та өкшелеп келеді. Елу метр жердегі канал көпірі осы сәт елу шақырымдай болып көрінді. Әлгі трансформатордың түбінде, көпірге жете берер жерде Атаев ротасының түсі таныс жігіттері сұлап жатыр. "Еһ, бауырларым, мейірімсіз жау қыршындарыңнан қиды-ау, топырағың торқа болсын" дегеннен басқа қолымнан еш нәрсе келмеді.

Көпірдің өзіміз жақ жағасында көп отыру аса қауіпті. Өйткені бірден-бір өтер жері деп бұл нүктеге жау ерекше шүйіліп тұр. Қадалардан ұстап, жылжи-жылжи жау жақ жағасын кеп паналадық. Рейхстаг кем дегенде, жүз метрдей жерде әлі. Паналайтын ешбір бұта жоқ, жап-жалаңаш. Көрінсең болды, қағып түсіреді.

Булатов екеуміз шыға алмай отырып қалдық. Туды алып жайдық та, бұрышына полктің нөмірін, өзіміздің аты-жөнімізді сиялы қарындашпен жаздық. Кім біледі, бұл туды тіге аламыз ба, жоқ па?!

 

© Sputnik . Болат Шайхинов, Асем Миржекеева
Нұр-Сұлтан қаласындағы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші

 

Күн батты. Кешкі сағат 7 шамасы. Бір кезде біздің артиллерия аспанды айшықтап, Рейхстагты үсті-үстіне ұрмасы бар ма. Снарядтар жігердің, айбынның айғағындай үстімізден зымырап өтіп, жаудың соңғы ұясын мылжалап жатыр.

– Григорий, ең қолайлы сәт, ал, жүгірейік!

Зытып келеміз, зытып келеміз. Бір абыройы, екеуміз қатар келе жатырмыз. Алғашқы баспалдаққа аяғымыз ілінгенде, екеуміз бірімізді-біріміз жетектеп алдық. Жоғары өрлеп келеміз. Қаңғыған оқтар жан-жағымыздан зу-зу етеді. Әлден уақытта үлкен баспалдақтың қанатына мініп алып, жоғары қарай жорғалай жылжыдым. Григорий қатарлас баспалдақпен келеді.

– Тоқта, әкел қолыңды! – Бас-аяғы бір тұтам кішкентай жігітті балаша көтеріп алдым. – Сал аяғыңды иығыма!

Ол ыршып менің иығыма шықты. Қойнымдағы жалауды суырып алып, қолына бердім: 

– Іл! Байла!

Тағы оқыңыз: Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің өмірбаяны

Мөлшері екінші этаждың терезесі болу керек. Қараңғыда қалай желбірегенін де анық көре алмадық. Жүгірген бойы төмен қарай зыттық. Осы сәтте бір жарық ракета аспанды шарлай жөнелді. Біздің жауынгерлерге шабуылға шығуға берілген белгі екен. Ракета жарығымен өз туымыз өзімізге көрінді. Қаншама азаматтың ерлікпен төгілген қанына боялғандай қызара шалқып, шабуылға шығушыларға қол бұлғайды.

– Жарайсың, азаматтарым, біз бұрын жеттік пе десек, сендер де келіп қалған екенсіңдер ғой, – деді біреу. Жалт қарасақ, байланыс бөлімшесінің адамдары.

– Қай батальоннансыздар?

– Давыдовтың батальонынанбыз.

Әлгі лейтенанттың сол арада атын сұрау да есімізде болмапты. Ол бізге "Жарайсыңдар, ерлерім" деп бірнеше қайталады да, өздері алып келген телефонның құлағына жармасты:

– Зинченко жолдас, біз Рейхстагтан.

Бұл жігіттердің көршілес Зинченко полкінен екенін білдік. Булатов күлімсіреп маған қарайды, мен оған қараймын. Бірімізді-біріміз құшақтай алдық. Ілезде Зинченконың полкіндегі Неустроевтың батальоны да жетті. Жауынгерлердің қанша күн бойғы көрмеген ұйқысы мен тартқан азабынан көздері кілгіріп тұрса да, ар жағындағы жеңіс қуанышын аңғару қиын емес. Уралап ілгері ұмтылып барады. Рейхстагқа сүңгіп кірді де кетті.

Міне, біздің батальонның да алды көпірден асты. Мен жауынгерлік тапсырманы орындағанымызды айтуға қайтып келемін. Рейхстагқа бара жатқандар танымаса да, қолын бұлғап, күле қарайды. Дәл бағанағы бөлменің терезесінен қайта қарғып түскенде, еш нәрсе айтқызбастан Васильченко мені балаша көтеріп алды да, бетімнен сүйді.

Бұдан кейін Қошқарбаев 1 май күнгі болған ұрысты, Рейхстагтың ішінде өздері қолдан өткерген 2 май күнгі айқасты айтуға көшті.

"Біздің істегеніміз – үлкен Ұлы Жеңіске қосылған бір кішкене бөлшек", – деп бітірді әңгімесін Рақымжан Қошқарбаев. 

Қошқарбаевқа Кеңес Одағының батыры атағын неге бермеді

Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын тіккен ерлігі үшін Кеңес Одағы батыры атағын беруді сұрап, Мәскеуге Қорғаныс министрлігіне Бауыржан Момышұлының өзі, одан бөлек қазақ зиялылары Кәкімжан Қазыбаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаевтар да қолқа салған. Қонаев атамыздың өзі Брежневтің жеке қабылдауында болғанда осы ұсынысты алға тартқан. Бірақ барлық жағдайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған.

Тіпті, Кеңес одағы ыдыраған соң да Григорий Булатов пен алғаш рет Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевқа "Ресей қаһарманы" атағын беру сұралған. Бұл атақты Ресей билігіне "Естелік шамы" ("Свеча памяти") атты ресейлік қозғалыстың өкілдері жасаған. Өйткені олар тарихи әділеттілікті талап еткен.

Мәселен, Қазақстан ҰБТ сұрақтарының ішінде, ең бірінші туды кім тіккен деген сұрақтың дұрыс жауабы Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов делінсе, ал ресейлік сынақ сұрақтарында мүлде бөлек жауап беріледі. Онда ол Михаил Егоров пен Мелитон Кантария деп көрсетіледі. Алайда бұл өтінішке де қазіргі Ресей билігі тарапынан жауап болмаған.

Батыр өмірінің соңы

Соғыстан кейінгі жылдары Рақымжан Қошқарбаев Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-67 жылдары Қошқарбаев Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан  бастап "Алматы" қонақ үйінің директоры болып жұмыс істеді.

Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

803
Кілт сөздер:
Рақымжан Қошқарбаев
Тақырып:
Өмірбаяндар (80)
Тақырып бойынша
Қасым-Жомарт Тоқаевтың руы кім – президент туралы қызықты деректер
Қазақтан шыққан ғарышкер Талғат Мұсабаев туралы не білеміз?
Әйелі Әбілхан Қастеевке иіліп сәлем салған: әйгілі суретші туралы не білеміз?
"Халқым менен де биік": Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев туралы не білеміз?
Загрузка...