Мәлік Ғабдуллин

"Мәлік атым құрысын": Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин туралы не білеміз?

3305
(Жаңартылды 11:02 12.07.2019)
Кеңес одағының батыры, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллин туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Ашаршылықтың зардабы

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданы Қойсалған ауылында дүниеге келді. Көпбалалы отбасыдан шыққан, Мәлікпен бірге 6 ұл, 3 қыз болған. Алайда олардың барлығы шетінеп, Мәлік қана аман қалады.

Мәліктанушы ғалым Серік Негимов жазушының балалық шағы жайлы:

"Мәлік көпбалалы отбасынан шыққан, бір үйде он бала болды: Мәлікпен бірге, 6 ұл, 3 қыз болды. Бауырлары мен шешесі Әлия бәрі 1932 жылы ашаршылықтың құрбаны болды. Аман қалғаны тек Мәлік қана", - дейді Кеңес одағы батырының 100 жылдығына арналған кітапта.

Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі Сәкен Бекенов оның жастайынан батыл болып өскенін айтады.

"Бекен деген атамыз болды. Ол – мерген, аңшы екен. Мәлік ағамыз сол кісінің тәрбиесін көрді. Алладан тілеп алған жалғыз ұл еді. Мәлік ағамыз туар кезде Бекен атамыз қасқырдың арланын атып алған екен. Оны інісі Ғабдуллаға берген. Құдайға шүкір, батыр ағамыз қазақ елінің мақтанышы болды", - дейді ол "Өмір жолы" деректі фильмінде.

Сәбит Мұқановпен қалай танысты?

Мәлік жастайынан еті тірі, ақылды, қайсар бала болып өседі. 8 жасынан ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан Құлет ауылындағы мектепке барады. Онда бастауыш сыныпты аяқтап, Көкшетау қаласындағы коммуна мектебіне қабылданады.

Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек жазушы Сәбит Мұқанов пен Мәліктің қалай танысқанын былайша суреттейді:

"Сәбит Мұқанов іс-сапармен Көкшетау қаласындағы вокзалға келеді. Онда бір жауынгер тұтқынды алдына салып, айдап барады екен. Қолында қызыл шүберек байланған, қасында бір пионер бар. Баланың түрі есімде қалып қойды. Кейін танысымның үйіне барып демалдым. Біраз уақыттан соң, мені "сізді бір бала шақырып тұр" деп үйдің иесі оятты. Оянсам, бағана вокзалдан көрген бала маған келіп сәлем беріп тұр екен. Ол маған "сізді мектепке кездесуге шақыруға келдім. Атым Мәлік деп өзін таныстырды. Мен мектепке баруға келісімімді бердім".

Кейін қазақ жазушысы Мәліктің шығармаршалық қабілетін қалай байқағанын жазады.

"Мені мұғалімнен бастап, оқушыларлың өзі жылы қабылдады. Оқушылармен кездесуді өткіздім. Сол кездесуде Мәлік атты бала менің шығармашылығым туралы жақсы баяндама жасады. Мен сүйсіндім", - дейді Сәбит Мұқанов өз естеліктерінде.

14 жасында Мәлік сол кездегі қазақ елінің астанасы Алматыға оқуға аттанады. Ол алғашында ауыл шаруашылығы институтының дайындық курсында білім алады. Бірақ кейін ойын өзгертіп, басқа мамандықты таңдайды.

Мәлік Ғабдуллин
© Sputnik / Иосиф Будневич
Мәлік Ғабдуллин

"Мәлік Ғабдуллин Алматы ауыл шаруашылық институтында оқып жүрген кезінде Сәбит Мұқановтың ақылымен сол кездегі ҚазПИ, яғни қазақ педагогикалық институты филология факультетіне оқуға ауысады. Алғашқы кезде жататын орын болмай, Сәкен Сейфуллинің пәтерінде тұрады. Оқып жүріп, бір күні баспаға келеді. Ауылдан келген бала кітаптың, газеттің қалай басылатынын көргісі келеді.

Осылайша баспада Мәлікпен Бейімбет Майлин танысады. Ол кісі сол баспаның басқарушысы болды. Екеуі біраз әңгімелескеннен кейін оның тегін бала емес екенін аңғарады. Баспаға жұмысқа шақырады. Осында оқып, жұмыс істей бер дейді. Қателеспесем, Мәлікке айына 80 тиыннан ақша төлеп тұрады", - дейді Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек "Өмір жолы" деректі фильмінде.

Алғашқы қызмет

Мәлік Ғабдуллин 1931 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың шілдесіне дейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың "Қазақ тілі мен әдебиеті" бөлімінің студенті болды. 

1935 жылдан 1937 жылдың қарашасына дейін Мәлік Ғабдуллин Өзбек КСР Ферғана қаласында отан алдындағы борышын өтейді. Кейін 1937 жылы "Социалистік Қазақстан" газетінде әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1938 жылы "Қазақстан пионері" газеті редакторының орынбасары, КСРО ғылым академиясының қазақстандық филиалындағы тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер міндетін атқарады.

Отан үшін от кешкен жауынгер

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Мәлік Ғабдуллин алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Ол соғыста аға саяси жетекші (политрук) болады.

"Ол жауынгерлердің рухын көтеруге бар күшін салды. Соғысқа аттанған қазақтардың көбі орысша білген жоқ. Мәлік ағамыз олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қазақ әскерлерінің рухын көтеріп, оларға білгенін үйретеді", - дейді Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Мұратбек Оспанов "Өмір жолы" деректі фильмінде.

Батырдың ерлігі

Мәлік Ғабдуллин майданда Иван Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік әскерлердің біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистерге жойқын соққы береді. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқастарда стратегиялық маңызы зор Бородино селосын жаудан тазартуда ерлігімен көзге түседі.

"Немістер шабуыл жасаған сәтте Мәлік бастаған топ соғыстың алдыңғы шебінде болады. Олармен байланыс үзілді. Басшылықтан "кері шегініңдер" деген бұйрық болады. Бірақ алдыңғы шептегі әскерлер оны естімей, қоршауда қалып қояды. Кейін Мәлік ағамыз әскерімен бірге қоршауға түскенін есіне алады. Ол барлық жауынгерді сапқа тұрғызып, "шепті не бұзамыз, не өлеміз. Жауға берілуге болмайды" дейді. Осылайша, ол жау қоршауын бұзып шығады", - дейді Мұратбек Оспанов.

Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин
Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин

Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Соған қарамастан, ол шабуылды тоқтатпайды. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Мәлікке "Кеңес Одағының Батыры" атағы берілді.  Оған қоса, Ленин ордені және "Алтын жұлдыз" медалімен марапатталды.

"Мәлік атым құрып кетсін"

Мәлік Ғабдуллин қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың қазасынан кейін оған Кеңес Одағының батыры атағын бергізу үшін бар күшін салады. Ұлы отан соғысына қатысқан Байуақ ардагер жағдайды былайша есіне алады:

"Мәлік Мәншүктің қазасын ести салысымен, дереу Невель қаласына келеді. "Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?"деп жанындағы әскерлерге сауал жолдайды. Олар Мәншүкті екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік Ғабдуллин қатты ашуланып "Алматы мен Мәскеудің арасы мейлі, 4 мың-ақ шақырым болсын. Қазақтың жиырмаға жаңа толған қызы алыстан Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі ерлік емес пе? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар.

Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем" деп қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді", - дейді ардагер өз естілігінде.

6 ай өткен соң 1944 жылы 5 наурызда Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.

Қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі

Соғыстан кейінгі жылдары Мәлік Ғабдуллин ғылым саласында қызмет атқарды. 1946-1951 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, директоры болды.

1951-1963 жылдары Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА-ның Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Мәлік Ғабдуллин 1947 жылы "Қобыланды батыр" жырын ғылыми зерттеудің проблемалары" атты кандидаттық диссертация қорғады. "Қазақ халқының ауыз әдебиеті" деген монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суырып салма өнері туралы ғылыми зерттеулер мен қорытындыларын жасады.

Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері – қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары мен халық әндері.

Тағы оқыңыз: 21 жасында Кеңес одағының батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетов

Ол қазақ әдебиетінің көп томдық тарихын шығаруға күш салды. Оның "Қазақтың батырлық эпостары" зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-4-шақырылымдарының депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957) болды.

Еңбектері

"Менің майдандас достарым", "Алтын Жұлдыз", "Майдан очерктері", "Менің майдандас достарым", "Сұрапыл жылдар", "Ел намысы – ер намысы" шығармаларды жазды. Әдеби туындылары И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылған.

Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда 58 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озды.

Мәлік Ғабдуллиннің Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Нұр-Сұлтан, Алматы және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.

3305
Кілт сөздер:
Мәлік Ғабдуллин
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
"Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото
Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз
17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер
Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?
"Айыбым – тірі қалғаным" "Түнгі мыстан" атанған Хиуаз Доспанова туралы не білеміз?
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы не білеміз?
Церемония возложения цветов к Могиле Неизвестного солдата 2020 год

Тоқаев Жеңіс парадынан кейін "Белгісіз солдат" қабіріне гүл шоғын қойды

54
(Жаңартылды 18:35 24.06.2020)
Мәскеуде қызыл алаңда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығын атап өтуге арналған әскери парад аяқталды

АЛМАТЫ, 24 маусым – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин шет мемлекет басшыларымен бірге Мәскеудегі Жеңіс парадынан кейін "Белгісіз солдат" қабіріне гүл шоғын қойды. Салтанатты рәсімге Қазақстанның көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. 

1941-1945 жылдары болған Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне арналған әскери парад Қызыл алаңда өтті.

Шеруден кейін Владимир Путин басқа мемлекеттерден шақырылған құрметті қонақтармен бірге Александров бақшасына гүл қою рәсіміне көшу үшін трибуна маңынан өтті.

Белгісіз кеңес жауынгерінің мәйіті Мәскеу маңындағы бауырластар зиратынан көшіріліп, 1966 жылы Александров бағында салтанатты түрде қайта жерленді. Келесі жылы мұнда мемориал ашылды, ол жерде "Мәңгілік алау" негізгі элемент болып тұр.

24 маусымда Мәскеудегі Жеңіс парадына 14 мыңнан астам әскери қызметші қатысты, сонымен қатар 234 тарихи және қазіргі заманның жердегі әскери техникасы жұмылдырылды.

Қызыл алаңнан Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Молдова, Моңғолия, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің әскери қызметшілері жүріп өтті.

Кремльде парадқа шақырылған мемлекет басшыларына арналған қабылдау өтті.

Путин мәртебелі меймандарды Мәскеуде қуана қарсы алғанын айтты.

 

54
Кілт сөздер:
Мәскеу, гүл, Жеңіс күні, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Тоқаев Путиннің Екінші дүниежүзілік соғыс туралы мақаласын жоғары бағалады
Жеңіс парады: Тоқаев қазақстандық әскерилерге құрмет көрсетті - видео
Қырғызстан президенті Мәскеуге ұшып барғанымен Жеңіс парадына қатысқан жоқ
Назарбаев COVID-19 жұқтырды: Елбасының денсаулығына қатысты ақпарат шықты
Біз кеңес халқының нацизмді жойғанын әрдайым есте сақтаймыз – Путин
Архивтегі фото

"Соғыс бейнесі"– ардагерлердің суретін жүктеуге болатын онлайн-мұрағат

47
Акцияға ТМД елдерінің музейлері, еуропа мұрағаттары мен Токиодағы институт қосылды, деп хабарлады Россотрудничество 

НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Россотрудничество қолдауымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай құрылған "Соғыс бейнесі" алғашқы тегін фотобанк www.imagesofwar.ru халықаралық деңгейге шығады. Агенттік басшысының орынбасары Михаил Брюхановтың айтуынша, енді жобамен ТМД мен Еуропаның бірқатар елі ынтымақтасады.

Атап айтқанда, жобаға "Қазақстандық инновациялар және телекоммуникациялық жүйелер университеті" үкіметтік емес білім беру мекемесі, "Орыс мәдениетінің орталығы" Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық бірлестігі, Әзербайжан Республикасының Ұлттық тарих музейі, "Жеңіс мұрагерлері" халықаралық одағының Әзербайжандағы өкілдігі, Қырғызстандағы А.А.Кутанова атындағы Ленинград қоршауының тарихы музейі, Армения Республикасы қорғаныс министрлігінің "Майр Айастан" әскери тарихы музейі, Арменияның Ұлттық мұрағаты, Киевтегі "Орыс ұлттық-мәдени қоғамдастығы" ұйымы қосылғысы келеді.

Аты аңызға айналған Т-34: Жарылған танкте үш күн жатып, аман қалған қазақ жауынгері 

Сонымен қатар, Сербияның тарихи мұрағаты, Кипр фотографтарының қауымдастығы және Жапонияның екі ұйымы –Токио орыс тілі институты және Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастық қауымдастығы фотокбанкпен ынтымақтастық орнатуға ниетті.

"Соғыс бейнесі" жобасы арқылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі фотосуреттердің электронды базасы жасалды. Қазірдің өзінде фотобанкке 2 мыңнан астам сурет жүктелген.  

Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский журналистермен онлайн-кездесуі барысында мәлімдегендей, фотомұрағатта Евгений Халдей, Борис Кудояров, Иван Шагин секілді танымал әскери фототілшілердің жұмыстары жинақталған. Дегенмен жобаға қарапайым азаматтардың да фотосуреттері қажет.

"Соғыс бейнесі" порталының оқырмандарына өз отбасындағы батырлардың суреттерін өз бетінше жүктеуге мүмкіндік берілді, - деді Мединский. – Осылайша, әркім тарихи зердені сақтауға өз үлесін қоса алады".

Сонымен бірге Владимир Мединский қолданушыларды фотосуреттерді жүктеу кезінде формулярды мүмкіндігінше дәл толтыруға шақырды.

"Шынайы әрі факт болу үшін кімнің суреті екенін, қандай жағдайда түсірілгенін көрсету керек, –  деп атап өтті ол. –  Фактілер неғұрлым көп болса, тарихты бұрмалау мүмкіндігі соғұрлым азаяды".

Мединский атап өткендей, жобаның басты мақсаты – кеңес сарбаздарының ерліктерін бұрмалауға жол бермеу, мұнда басқа мемлекеттермен бірлескен жұмыс та маңызды рөл атқарады.

47
Тақырып бойынша
Соғыста қаза тапқан қазақстандықтың сүйегі отанына жеткізіледі
Соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерінің қайда жерленгені 77 жылдан кейін анықталды
Жүзден аса фашистің көзін жойды: Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров туралы не білеміз
Көзі тірісінде білмей кетті: Ілияс Есенберлиннің туыстары тың деректі бөлісті
Майданда қаза тапқан капитан Игишевтің ерлігі мен махаббат оқиғасы
Дәрігер, коронавирус

Мен көрген қиындықты ешкімнің басына салмасын Түркістан әкімі 

0
Коронавирус жұқтырған Түркістан қаласының әкімі желіде жазба жариялап, дәрігерлердің арқасында аман қалғанын айтты

АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Түркістан әкімі Рашид Аюпов коронавирус инфекциясын жұқтырған соң бірнеше ішкі ағзасының зақымданғанын хабарлады. Бұл жайында қала әкімі Facebook парақшасында жазды.  

"Осы екі апта ішінде дұғада болған әр адамның арқасында, Алланың қалауымен ел қатарына қайта оралу мүмкіндігі бұйырып отыр. Тез арада асқынып кеткен аурудан қолынан келгенше қолдап, аман алып қалған дәрігерлерге алғысымды сөзбен жеткізу қиын. Бұл ауру, өкінішке қарай, салдарсыз өтпеді. Бірнеше ішкі ағза жұмысын тоқтатты, енді қайта қалпына келтіру қажет болып тұр. Әлі де ұзақ уақыт оңалу шараларын жасаймын",- деп жазды қала әкімі.

Айтуынша, коронавирусқа тапсырған кейінгі тест әлі де инфекцияның ағзадан кете қоймағанын көрсеткен. Соған қарамастан қала әкімі қызметіне кіріспек.

"Елге қызмет етуге қайта ораламын. Әрине, барлық сақтық шарасын орындаймын. Дәл қазір жағдай ешкімге де оңай болып тұрған жоқ. Біртіндеп, бірігіп, жағдайды қайта жақсартып аламыз деп сенемін", - деп жазды Аюпов.

Сонымен қатар қала басшысы барлық сақтық шарасын орындау қажет екенін тағы да еске салды.

"Мен көрген қиындықты ешкімнің басына салмасын деп тілеймін. Ең маңыздысы – бетперде тағып жүру. Жасы үлкендерді барынша қорғап қалуға тырысайық", - деп толықтырды Аюпов.

Сондай-ақ, жағдайға байланысты көмек қолын созуға мүмкіндігі бар кәсіпкерлерден байланысқа шығуын сұрады.

"Еліміздегі жағдайды бәріміз көріп отырмыз. Жоққа шығаруға тырысудың, көз жұма қараудың еш мәнісі болмаған, қазір де жоқ. Қиын қыстау заманда елімізге бірігіп қол ұшын созайық",- деді Аюпов.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен ауырған Алматы облысының әкімі Нұр-Сұлтанға жеткізілді 

Айта кетейік, 22 маусымда Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Одан бөлек Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, депутат Бекболат Тілеухан, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус жұқтырды.

8 шілдеде коронавирус табылған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жүрек жеткіліксіздігіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиология орталығына жатқызылды.

0
Кілт сөздер:
коронавирус, әкім, Түркістан
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
"Кім емдейді?": Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады
Қостанай облысының әкімі коронавирус жұқтырды
Павлодар облысының әкімі өңірде дәрігер жетпей жатқанын айтты
Шымкент әкімі желіде тарап кеткен видео туралы айтты