Астана

ШЫҰ саммиті Астанада жұмысын бастады

15
(Жаңартылды 12:41 09.06.2017)
Шағын құрамдағы отырыс сағат 12-де басталады деп күтіледі. 13:30-да Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы кеңейтілген құрамда өтеді

АСТАНА, 9 маусым — Sputnik. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Астанада өз жұмысын бастап жатыр,  баспасөз орталығы журналистерге лық толды, олардың 80%-ға жуығы шетелдіктер, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Жұмыс бағдарламасы

Бейсенбіде Қазақстанның елордасында бірқатар екіжақты кездесулер, сонымен қатар іс-шараның ашылуына орайластырылған концерт өтті. Алайда саммит аясындағы негізгі іс-шаралар бүгінге, 9 маусымға жоспарланған. 

Ұйымдастырушылар таратқан материалдарға сәйкес, шағын құрамдағы отырыс сағат он екіде басталады деп күтіледі. 13:30-да Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы кеңейтілген құрамда өтіп, одан кейін құжаттарға қол қойылады. 

Кешке қарай делегациялар "ЭКСПО-2017" көрмесінің ашылу салтанатына қатысады. Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайран Әбдірахманов бұдан бұрын хабарлағандай, ашылуға оннан астам мемлекет және үкімет басшылары қатысуы жоспарланған. ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовтың хабарлауынша, Астанадағы ШЫҰ саммитіне 600-ден астам БАҚ өкілі тіркелген, оның 466-сы шетелдіктер.Саммиттің баспасөз орталығы жұмысын бастап та үлгерді. 

Маңызы 

Бұрын Қайрат Әбдірахманов мәлімдегендей, алдағы отырыстың тарихи мәні зор. ШЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет басшылары Астаналық декларацияға қол қойып, экстремизмге қарсы тұру туралы ШЫҰ конвенциясы қабылданады және ұйымды дамыту міндеттері мен келешегі айқындалады. Алайда басты оқиға Үндістан мен Пәкстанға ШЫҰ-ға мүше-мемлекет мәртебесін беру бойынша рәсімдеулерді аяқтау болмақ. 

Ұйымның бас хатшысы Рәшид Әлімов атап өткендей, осы елдердің қосылуы нәтижесінде ШЫҰ дүниежүзі халқының 40%-ға жуығын біріктіреді. 

Ұйым географиялық тұрғыдан Арктикадан Үнді мұхиты аумағына дейін және қытайлық Ляньюньганнан шығысқа қарай Калининград батысына дейін қамтиды.  Сондай-ақ саммитте Қытай Қазақстаннан ШЫҰ-дағы төрағалықты қабылдайды деп күтіледі. Осыған орай Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бейсенбіде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер барысында Пекинге сәттілік тіледі. 

Қатысушылар 

Саммитте таратылған материалдарға сәйкес, іс-шараға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, РВ президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, сонымен қатар Өзбекстан президенті Шавкат Мизиеев қатысады. Сондай-ақ іс-шараға Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Гани, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Монғолия президенті Цахиагийн Элбегдорж және Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур қатысады. ШЫҰ мемлекет байқаушыларынан Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди және оның пәкістандық әріптесі Мухамад Назаз Шариф қатысады. 

Бұдан бөлек саммитке ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов және ШЫҰ өңірлік терроризмге қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры Евгений Сысоев келеді. 


15
Тақырып:
Астанадағы ШЫҰ саммиті (9)