Сот

Елбасы сот жүйесі туралы заңға енгізілген түзетулерге қол қойды

25
(Жаңартылды 15:09 29.08.2017)

АСТАНА, 29 тамыз — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды.

Түзетулерге сәйкес, судья лауазымынан өкілді органдардағы мемлекеттік лауазымға сайланған не тағайындалған, сондай-ақ судья лауазымынан сот төрелігін ұйымдық қамтамасыз етуге тікелей байланысты лауазымға тағайындалған адамдарға тағылымдамадан өту талап етілмейді.

Тараптардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамадан өтудің алдында орналасуға ниет білдірген соттардағы судьялардың бос лауазымдарына арналған конкурсқа жалпы отырыстың оң қорытындысының қолданысы кезеңінде қатысу және тиісті бос лауазымдарға конкурсқа қатысудан бас тартқан жағдайда, оған жұмсалған мемлекеттік қаражатты қайтару міндеті қамтылуы тиіс.

Бұдан бөлек, жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау кезінде біліктілік комиссиясы судьяның жұмысын сот отырысына қатысушылардың бағалауы бойынша талдау нәтижелерін қосымша сұратады.

Судьяның жұмысына бағалау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы белгілеген әдістеменің негізінде жүргізіледі.

Сот жюриінің біліктілік комиссиясының кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны атқаратын қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

Сот жюриінің біліктілік комиссиясының кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімі  Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы ұсынуды, ал ауысудан бас тартқан жағдайда судьяны атқаратын қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

33, 34 және 35-тармақтар мынадай редакцияда жазылған:       

"33. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы шешімдерді қорытындылар мен хаттамалық шешім нысанында қабылдайды. Біліктілік комиссиясы мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең түскен жағдайда өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі. Біліктілік комиссиясының мүшесі қабылданып отырған шешіммен келіспеген жағдайда ерекше пікірін жазбаша көрсетуге құқылы, ол біліктілік комиссиясы отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

Судьяны атқаратын лауазымына сай деп тану туралы шешім, жоғары тұрған сатыдағы судья, сот төрағасы, сот алқасының төрағасы лауазымына тағайындауға, жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне қоюға ұсынымдар хаттамалық шешім нысанында ресімделеді.

Хаттамаға отырыста төрағалық етуші мен біліктілік комиссиясының хатшысы қол қояды.

Сот жюриі біліктілік комиссиясының жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысуға ниет білдірген судьяның кәсіби қызметін бағалау туралы шешімі қабылданған күнінен бастап бір жыл ішінде жарамды болады.

Судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы шешім, қабылданған шешімнің негіздемесі көрсетіліп, қорытынды нысанында ресімделеді.

Сот жюриі біліктілік комиссиясының судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы қорытындысына материалды қарауға қатысқан Сот жюриі біліктілік комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.

34. Сот жюриі біліктілік комиссиясының судья жұмысының бір жылдық мерзімі өткеннен кейінгі нәтижелері туралы шешімінің көшірмесі қарауға түскен материалмен бірге, сондай-ақ судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы шешімнің көшірмесі, кейіннен Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне ұсыну үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына жіберіледі.

35. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы хаттамалық шешімінің көшірмесі тиісті облыстық сотқа жіберіледі. Сот жюриі біліктілік комиссиясының судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын қызметіне сәйкес келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы қорытындысының көшірмелері өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға, сондай-ақ тиісті облыстық сотқа жіберіледі".

Нұрсұлтан Назарбаев
© Foto: Официальный сайт президента Республики Казахстан

Сондай-ақ, егер жеке және заңды тұлғалар судьяның іс-әрекеттеріне шағымданудың барлық қолда бар өзге тәсілдерін пайдаланған болса, олардың өтініштері судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінің тәртіптік комиссиясында қарауға негіз болып табылады.

Судьяның іс-әрекеттеріне шағымданудың қолда бар тәсілдері деп жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін соттардың жоғары тұрған лауазымды адамдарының, судьялар қауымдастығы органдарының заңда белгіленген тәртіппен қарауы түсініледі.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексеруді Сот жюриінің мүшесі уәкілетті органмен бірлесіп жүргізеді.

Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

25