Нұрсұлтан Назарбаев

Көрші елдердің басшылары Назарбаевтан мақтау сөз естіді

93
(Жаңартылды 18:31 16.03.2018)
Бүгін Астанада Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі өтіп жатыр

АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекет басшыларының көрші елдердің ынтымақтастығы мен достығын нығайтуға қандай үлес қосып жатқанын айтып өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Орталық Азия елдерінің басшылары өзара қарым-қатынасты дамытуда белсенді бола түсті. Соңғы бір жылда өңірдегі елдердің барлық мемлекет басшылары бір-бірімен кездесті. Мен Өзбекстан президенті Шавкат Миромонұлының көршілермен қарым-қатынасты жақсарту үшін жасаған зор еңбегін атап өткім келеді. Ол қысқа мерзімде соңғы жиырма жылда қордаланып қалған мәселелердің күрмеуін тарқатты", — деді Елбасы. 

Назарбаев Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековтың да көрші елдермен қарым-қатынасты жақсартуға қосқан үлесін атап өтті. Айтуынша, ол ел басшылығына келісімен арадағы түйткілді мәселелерді шешуге күш салып жатыр.

"Сондай-ақ Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмонның биыл маусымда Душанбеде су мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық конференция өткізу туралы бастамасын оң бағалаймын. Бұдан бөлек, биылғы жылы Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қорға 25 жыл толады. Осы орайда біз Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтың тамызда Арал қорының құрылтайшылары болып табылатын мемлекеттердің басшыларының мерейтойлық саммитін өткізу туралы жоспарын қолдаймыз", — деді Қазақстан президенті. 

"Осы кездесулердің бәрі біздің сауда-экономикалық және адами қарым-қатынасымызды жоғары деңгейде нығайта түсетіні сөзсіз", — деді Елбасы. 

Айта кетейік, бүгін Астанада Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан басшыларының кездесуі өтіп жатыр. Түрікменстаннан меджіліс төрайымы Акджа Нұрбердыева қатысуда.

93
Кілт сөздер:
кездесу, Орталық Азия мемлекет басшылары, саясат, Назарбаев
Загрузка...