Қазақ-қырғыз шекарасы

Нығматулин қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын-сонар кезекті сынға алды

40
(Жаңартылды 12:59 14.09.2018)
Бүгінде Қазақстан-Қырғызстан шекарасында 8 шекара бекеті жұмыс істейді

АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ҰҚК Шекара қызметі мен сыртқы істер министрлігіне жүгініп, Қырғызстанмен шекарадағы ұзын-сонар кезек мәселесін шешуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Зәуреш Аманжолова Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне шекарадағы кезекке қатысты сауал жолдады. 

"Қолдағы бар ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан-Қырғызстан шекарасының бойында 8 шекаралық өткізу пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар Қордай мен Қарасу бақылау-өткізу пунктерінде жыл сайын жолаушылар мен көліктердің өсуі байқалады. Әсіресе, көлік ағыны курорттық маусым кезінде өседі. Мәселен, жолаушылар мен автокөліктердің жаз айларында өту қарқыны екі есе ұлғаяды. Соның салдарынан ел азаматтары ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр. Осыған байланысты менің мынадай сұрағым бар: екі елдің шекарасы арқылы жолаушылар мен машиналарды өткізу жұмысын оңтайландыру бойынша сіздер жақтан қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?", — деп сұрады халық қалаулысы. 

ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Дилманов бүгінде екі ел шекарасында 8 шекара бекеті жұмыс істейтінін растады. Оның 7-уі – автокөлік және біреуі – теміржол.

"Негізгі өткізу пунктері – Қордай, Аухатты және Сарытөбе. Жазғы демалыс кезінде Қордай біз жақтан да, Қырғызстан жағынан да адамға лық толы. Осыған байланысты біз құжат тексеру желілерінде ұлғайту шараларын қолға алып жатырмыз. Соңғы ескертулерден кейін 36 данаға дейін ұлғайттық: 18-і – шыға берісте, қалған 18-і кіре берісте", —деді Дилманов. 

Мәжіліс спикері бұл жеткілікті ме деп сұрады.  

"Биыл да жағдай қайталанды – ұзын-сонар кезек.  Сіздер ұлғайттық деп айтқанмен, БАҚ-та оқиға орнынан түсірілген репортаждар шықты. Ұзын-сонар кезек сол күйі қалған", — деді Нығматулин.

Дилманов реконструкциядан кейін құжат тексеруге арналған орындар 60-қа дейін ұлғаятынын мәлімдеді. 

"Дархан Айтқалиұлы, осы пунктерді кеңейту керек, XXI ғасырға сай жағдай жасау керек. Келісесіз бе? Осындай жоспар бар ма сіздерде?", — деп сұрады жауапқа қанағаттанбаған спикер. 

"Шекара қызметінде мұндай жоспар жоқ, өйткені өткізу пунктерін ашуға біз емес, инвестициялар және даму министрлігі жауапты. Бірақ біз пунктердің өткізу мүмкіндігін ұлғайтуға дайынбыз", — деді шекара қызметінің директоры.

Осыдан кейін сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердіге жүгініп, аталған мәселеге қатысты кешенді шешім қабылдау қажеттігін айтты.

"Мұхтар Бескенұлы, сыртқы істер министрлігі бұл мәселеде мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруі керек шығар. Шекара бойынша түсінікті, олардың өз функциясы бар. Бірақ жыл сайын халықтан да, Мемлекет басшысынан да ескерту естіп жатырмыз. Адамдар шағымданады, елшілік, сыртқы саяси ведомство арқылы хат жазады. Осы  мәселеге қатысты бір кешенді шешім қабылдап, соңына дейін жеткізуіміз керек. Бірлесіп жұмыс істеу қажет",- деді спикер.

40
Кілт сөздер:
шекара, көлік кептелісі, Нұрлан Нығматулин, Қазақ-қырғыз шекарасы, Қырғызстан, Қазақстан
Тақырып бойынша
Бекболат Тілеухан: қазақ қырғыздай ат дайындай алмайтынын мойындайық
Назарбаев пен Жээнбеков қазақ-қырғыз шекарасын шегендеу туралы шартқа қол қойды
Жол картасы қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалға қалай әсер етті?
Атамбаев қазақ-қырғыз қарым-қатынасының болашағы туралы айтты
Қазақ көкпаршылары бізбен ойнауға қорқып, өзбектерден әдейі жеңілді – Бегалиев
Қырғызстандағы жарыста Қазақстан көкпаршылары неге алаңға шықпай қалды?
Загрузка...