Ақорда

Жаңа Зеландиядағы теракт: Назарбаев генерал-губернаторға көңіл айтты

200
15 наурыз жұма күні Жаңа Зеландияның екі мешітінде лаңкестік жасалды

АСТАНА, 15 наурыз — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа Зеландияның генерал-губернаторы Пэтси Реддиге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі жазғандай, президент Крайстчерч қаласындағы лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

"Біз жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін қатаң айыптаймыз. Қазақстан біздің елдеріміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы ынтымақтастықты жалғастыруға әрқашан дайын", – делінген жеделхатта.

Жаңа Зеландиядағы қанды қырғын: лаңкес әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген - оқиға кадрлары

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Еске сала кетсек, Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында жұма күні теракт болды. Бір топ адам мешіттерге баса көктеп кіріп, намазға жиналған жұртқа оқ атты. Соңғы деректер бойынша 49 адам қаза тауып, тағы сонша тұрғын жарақат алған.

200
Кілт сөздер:
Назарбаев, көңіл айту, теракт, Жаңа Зеландия, Ақорда, Астана
Загрузка...