Конституция Республики Казахстан

Кім Қазақстан президенті бола алады?

2610
(Жаңартылды 13:59 09.04.2019)
Президентікке кандидатты тек саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алады

Қазақстан президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.

Президенттiкке кандидаттарды ұсыну

Президенттiкке кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, сайлауға екi ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.

Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер осы қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi болып табылмайтын адамдарды кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк президенттiкке бiр ғана кандидат ұсына алады.

Президенттiкке кандидатқа қойылатын талаптар

Конституцияның 41-бабына сәйкес, президентікке үміткер тумысынан Қазақстан азаматы болуы тиіс. 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұруы, жоғары білімі болуы шарт.

2017 жылы кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер енгізіліп, президентікке үміткерге қосымша талаптар қойылды. Яғни, оның мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы міндетті. Әрі оның денсаулығында қызметіне кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы расталуы қажет. 

Президенттiкке үміткердің бұл талаптарға сәйкестiгiн Орталық сайлау комиссиясы 5 күн iшiнде анықтайды. 

Президенттiкке кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына заңнамада белгіленген ең төмен жалақының елу еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат Республика Президенті болып сайланса немесе дауыс беру қорытындысы бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда, енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.

Президенттiкке кандидаттың Қазақстанда соңғы он бес жыл тұрып жатқандығын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгергенiн анықтау рәсімі Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен айқындалады.

Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген республика президентіне қолданылмайды.

 

Кандидатураны алып тастау 

Президенттiкке кандидат тіркелген күннен бастап және дауыс беруге екі күн қалғанға дейінгі кез келген уақытта Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтiнiш бере отырып өз кандидатурасын алып тастай алады.

Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы тiркеуге дейiн және тiркеуден кейiн кез келген уақытта тиiсiнше Орталық сайлау комиссиясына ұсыныс жасау арқылы Президенттiкке кандидат ұсыну жөнiндегi өз шешiмiнiң күшiн жоя алады.

Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi не оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

Егер кандидатураны алу немесе кандидатты ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою осыған мәжбүр ететiн себептерсiз жүргiзiлген болса, онда Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткiзуге республикалық бюджет қаражатынан жұмсалған шығыстың бiр бөлiгiн оны ұсынған қоғамдық бiрлестiктiң есебiне жатқызуға хақылы.

2610
Загрузка...